Туыстық қатынасты сақтағанды Алла Тағала рақымына бөлейдi, ал байланысын үзгендi рақымынан мақұрым етедi.
Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Пенде күнәға немесе туыстарымен қарым-қатынасын үзуге байланысты дұға етпесе, асықпаған жағдайда, оған (дұғасына) әрдайым жауап беріледі» деген.
Ағайын, туыстармен жақсы мәміледе болу дұғаңыздың қабыл болуына, бай болуыңызға себеп болады. Бірде бір адам Пайғамбарымызға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Иә, Алла Елшісі, менің туысқандарым бар. Мен олармен туыстық байланысымды үзбеймін, ал олар болса араласқысы келмейді, мен оларға жақсылық жасаймын, ал олар маған зұлымдық жасайды, мен оларды сыйлаймын, ал олар болса менімен надан адамдар секілді сөйлеседі», – деп шағымданады. Сонда Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер жағдай шынымен-ақ сен айтқандай болса, уайымдама, сен ұтылып жатқан жоқсың, керісінше Алла саған Өзі көмекші болады!» – деген екен.
материал «Дұғамен өміріңді өзгерт» кітабынан алынды,
ummet.kz