25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мусаев Мамлюк: Түсінбейтін адам болмайды, түсіндіре алмайтын адам болады

Мусаев Мамлюк: Түсінбейтін адам болмайды, түсіндіре алмайтын адам болады

Сұхбат
Жарнама

Дін – ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрдің өзегі. Дін – әлеуметтік өмір мен қоғамның бағдары. Еліміз егемендігін алғалы дін саласы да жылдан-жылға дамып келеді.

Дегенмен, әр саланың өз шыжығы мен қызығы болады. Осы орайда «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы, ҚМДБ-ның Астана өкілдігі бойынша іс басқарушысы Мусаев Мамлюкті тәуелсіздік алған жылдардағы қиындықтар, дін саласында болған өзгерістер және кешегі имамдар мен қазіргі имамдар жайында сөзге тартқан едік.

– Сіз 25 жылдан бері діни салада жүрген мамансыз. Тәуелсіздік алған жылдары еліміздегі діни ахуал қандай еді? 27 жылда қандай өзгерістер орын алды? 

– Әрине, тәуелсіздік алғалы дін саласында көптеген өзгерістер болды. Тәуелсіздік алған жылдары еліміздегі басқа салалар іспетті дін саласында да жағдай мәз емес еді. Кеңес үкіметі кезінде Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстан, Өзбекстан мемлекеттері бір орталыққа яғни Орта Азия мұсылмандар басқармасына бағынды. Әр мемлекеттен бір-бір қази сайланып, олар Орталықтың төрағасы әрі мүфтиіне қарайтын. Басқару және финанс орталығы Ташкент қаласында болды. Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан елдерінен жиналған садақа, пітір, тағы басқа қаржылай көмектің барлығы Ташкентке жіберіліп тұрды. Ал, 1990 жылы сол басқару орталығынан алғашқы болып Қазақстан бөлінді. Біздің ол кезде әлі егемендігіміз де жарияланбаған еді. Нақтырақ айтсақ, 1990 жылы 12 қаңтарда Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы құрылды. Сол жылы Алматыда орталық мешіт салына бастады.

Айта кетейін, 1943 жылдан 1990-жылға дейінгі 47 жыл аралықта елімізде бірде-бір жаңа мешіт салынбаған. Егемендігімізді алған кезде Қазақстан бойынша бары 27 мешіт болса, Талдықорған, Торғай сияқты кейбір облыстарда тіпті бір мешіт те болмады. Ақмола облысында екі-ақ мешіт бар еді. Осы күнде елімізде мешіт саны шамамен 2500-ге дейін көбейді. Мұның өзі үлкен жетістік.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында Қазақстанның діни саласындағы ең өзекті мәселе маман тапшылығы болды. Сол себепті, 1990 жылы Алматы Ислам Институты құрылды. Елімізде діни мамандардың аздығына байланысты бастапқыда білім беру бағдарламасы екі жылға жоспарланды. Уақыт өте келе дін саласындағы білікті мамандар қатары да артты. Ол кезде дін саласында магистр, доктор, исламтанушы, дінтанушы деген дәрежелер болмаған еді. Қазір Аллаға шүкір, елімізде дін саласында магистрлер, докторлар, исламтанушы ғалымдар шығып жатыр.

Онан кейінгі қиындық оқулықтың жоқтығы еді. Қазір, бұл олқылықтың орны да біршама толықтырылды деуге болады. Электронды нұсқа дейсіз бе, баспа нұсқасы дейсіз бе, діни-шариғи оқулықтар да, ғылыми әдебиеттер де жеткілікті.

– Бірнеше жерде әртүрлі лауазымдарда жұмыс жасаған тәжірибеңіз бар. Мамандар дайындау мәселесі ол кезеңде бүгінгімен салыстырғанда әлдеқайда қиын болған шығар, өзіңіздің білім алып, жас маман ретінде қалыптасу барысында көрген қиындықтарыңыз болды ма?

– Қазір Қазақстан бойынша діни маман дайындайтын республикалық деңгейдегі 9 медресе-колледж және «Нұр Мүбарак» университеті бар, Аллаға шүкір. Одан бөлек, Мысырдағы «әл-Азһар», Түркиядағы «Хасеки» орталығына шәкірттер жіберіліп жатыр. Басқа да жоғары оқу орындарында дінтану мамандығы бойынша бітірушілер бар.

Ал, Кеңестік кезеңде Қазақстанда бірде-бір діни білім ордасы болмады. Діни білім алам деушілер, егер оңтүстік өңірлерден болса Бұқарадан барып оқыды, ал, солтүстік өңірлерден ынталы болғандар Қазан қаласына барып білімін жетілдіретін.

Егемендігімізді енді алған жылдары тек Алматы Ислам университеті мен Мерке медресесі болды. Екеуі де 2 жылдық. Сол 1992 жылы бітірген алғашқы түлектерден бастап «әл-Азһарға» білімін жетілдіруге шәкірттер жіберіле бастады.

Біз 1992-1994 жылдары Алматыда Ислам жоғары институтында студент болдық. Сонда кейбір елді мекендерде қайтқан кісіні мұсылманша жерлеу үшін жаназа рәсімін атқаратын кісі таппайтыны соншалық, әкімшілік амалсыздан жаназа намаздарын оқуға, асқа қатысуға біздерді жіберетін. Алматы өңірінде ол кезде халықтың арасында қайтқан кісіні музыкамен шығарып салу, табытқа салып қою, дастарханға ішімдік қою сияқты көріністерге куә болдық. Бұл енді 70 жыл бойы елімізде дәурендеген атеизмнің салдары еді. Мысалы, кісінің қазасына көңіл айтуға 500 кісі келсе де жаназа намазын оқуға 3-4 кісі ғана тұратын. Біздер барған кезде қайтқан кісі әлі киімімен жататын, тәрбиелеп[1] қою дегенді ел ұмытып қалған. Бір жағынан шәкірт кезімізден халықпен етене араласып, тәжірибе жинақтағанымыздың кейін қызмет барысында септігі тиді.

Ал, енді Ақмола өңіріне келер болсақ, мен келген жылдары бұл жақта мұсылманшылық жақсы болды. Қайтқан кісіні тәрбиелеп, мәйітті жуып, оң жаққа жатқызып қою, мейрам суын ішкізу сияқты әдебі істелетін. Дегенмен, имамдар тапшы болғандықтан біздер радиусы 60-70 шақырым жерге дейін осындай шараларды атқарып отыратын едік. Ол кезеңде Астана әлі Ақмола қаласы. Қалада ескі базардың жанында орналасқан жалғыз мешітке жұма намазына 6-ақ қатар жамағат жиналатын. Мешіт шағын ғана болғандықтан, 6 қатар дегеніміз шамамен 500 кісі болады. Жастар жағы тіпті аз еді. Аллаға шүкір, қазіргі күні намаз оқитын кісілер де, мешітке келушілер де көбейді.

Ислам институтын бітірісімен қазіргі «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітіне наиб имам ретінде жіберілдім. Сонымен бірге мешіт маңындағы медресенің директоры болып тағайындалдым. Ол кезде Ақмола медресесі деп аталатын. Медреседе 60 шәкірт сабақ алды. Ал, сауат ашу курсында жасы бар, үлкені бар, кісі тіпті көп еді. 1994 жылы яғни тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары дінге деген халықтың ынтасы мен талабы мықты болды.

Ол кезде қазіргідей намаз кестесі жоқ. Тек Рамазан айының кестесін ғана жасайтынбыз. 1995 жылы оразаның кестесін жасау үшін Ташкенттен шығатын діни күнтізбені негізге алып, күннің батуы мен күннің шығуын көріп, бақылауға қаланың сыртына шықтым. Рамазан айынан 2 жұма бұрын, қаланың сыртына шығып, күн нешеде шығады, нешеде батады, соны есептеп, ораза кестесін жасадым. Ол кезде діни күнтізбе шықпайтын. Мүфтият болғанымен бөлімдері аз болды және ол Алматыда орналасқан еді. Ал, кестені әр өңір өзі жасап алатын. Менің есептегеніме қарай басқалар да келесі 2 жыл тағы солай есептеді. 1998 жылдан бастап мүфтият жыл, он екі ай намаз кестесін шығарып отырды. Қазір намаз кестесін әрбір адам ұялы телефонынан қарай алады.

Сол жылдары жұмаға дайындалар кезде өзбек баспасынан яғни Ташкент баспасынан немесе Қазан баспасынан шыққан орыс тіліндегі кітаптарды қолданатын едік. Ол кезде интернет деген жоқ. Діни ақпарат қазіргідей көп емес. Қазақ тілінде дін-шариғат кітаптары болмады десек те болады. 1992 жылдан бастап «Ислам және өркениет»  деген газет және Мүфтияттан «Иман» журналы шығып тұратын. Сол екеуінен басқа әдебиет жоқ еді. Сондықтан уағызға керекті материалды орысша ктаптардан қазақшаға аударып алушы едік. Аллаға шүкір, қазір әдебиеттер де, діни ақпарат та өте көп. Білемін, үйренемін деген адамға қайнар көзі жетерлік.

– Тәуелсіздік алған жылдардағы имамдар мен қазіргі имамдардың деңгейі бірдей ме, әлде айырмашылықтар бар ма?

– Елу жылда ел жаңа дейді. Ал, жетпіс жылда біздің халық тіпті күрделі өзгеріске ұшырады. Бұл, әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қатты байқалатын еді. Халыққа діни қызметкерлердің бәрі молда болып көрінетін. Молда, кісі қайтқан кезде ғана керек деп білетін. Кеңестік саясаттың салдарынан қалыптасқан түсінік қой. Ол кезде дінді ұстансаң, намаз оқып, ораза ұстасаң партиядан, оқудан, жұмыс орнынан шығатын едің. Сол себепті халық та діннен алыстады. Бастапқы кездері қазақ ұлт өкілдерінен діни мамандар өте аз еді. Көбіне өзбек, тәжік, татар сияқты ұлттардан. Солтүстік өңірлерде татар молдалар көбірек болды. Себебі, солтүстік өңірге Қазан қаласы жақын. Қазақтар көбіне молдалар болды, онда да діни оқу орнында арнайы білім алмаған, жұмысыма, айналама зияны тимесін деп зейнетке шыққанда дінін ұстанған кісілер еді. Елдің бәріне Бұқарадан оқып келген маман қайдан болсын. Ауылда, елді мекенде намаз оқитын кісі болса, сол кісіні айналасы қолқа салып, молда ғып сайлап алатын. Оларды дүмше молда деп айтуға болмайды. Олар амал жоқтан молда болғандар.  Су жоқ жерде тәйәммуммен дәрет аламыз ғой, тура сол сияқты. Егер олар да діни рәсімдерді атқармаса, сол кезеңдегі діни жоралғыларды кім істер еді? Қанша мұсылман бауырларымыз жаназасы шығарылмай көмілер ме еді, кім білсін.

Жаңа айтып өттім, маман тапшылығына байланысты Ислам институты 2 жылдық болды.  Аллаға шүкір, 1992 жылы алғашқы түлектер бітіріп шықты, біз 1994 жылы бітірдік. Бітіруші 24-25 жасар жас жігіттерді облыс орталықтарына, облыстарға, аудандарға бас имам ретінде жіберіп жатады. Жаңа айтып өткенімдей, халық молда ретінде зейнетке шыққан ақсақалдарды көріп үйреніп қалғандықтан жас мамандарды бірден қабылдауы оңай болмады, әрине. Кей жерлерде дінімізге қайшы келетін әдеттер қалыптасқан болатын. Ондайда жас баланың аузынан «бұл дұрыс емес» деп кесіп айтылған үкімді есту тіпті ауыр тиетін. Барған жеріңде өзіңнің білімді, тәжірибелі екеніңді, халықпен жұмыс жасай алатыныңды көрсете алсаң ғана халық жылы қабылдайды. 

– Дінімізге қайшы әрекеттер дедіңіз, мысалын келтіре отырсаңыз?

– Мысалы, «дәуір айналдыру» деген болды. Яғни қайтқан кісінің екі жағында екі молда отырып, бір-біріне: – Күнәсін кешірдің бе? – Иә, күнәсін кешірдім. – Оқымаған намаздарын алдың ба? – Иә, алдым, - деген сияқты сөздер айтатын. Мұны «дәуір айналдыру» дейді. Енді келген жас имамдар «мұндай жоралғы дінімізде жоқ, шариғи жағынан дұрыс емес» деп айтады ғой, жаназаның әдебі олай емес, былай дегенде елдің бірден қабылдай қоюы да оңай болмады.

Әр елді мекенде өзінің қалыптасқан осындай әдеттері болды. Мысалы, кей жерлерде «төрт құлақ» деген бар. Кісі дүниеден қайтқан кезде бейіттің төрт жағында төрт молда отырып «төрт құлақ» оқимыз дейді. Яғни бейіттің төрт жағында төртеуі отырып, Құран оқиды. Төрт бұрышында отырмай-ақ бір жерінде отырып, төрт кісі емес, бір кісі оқыса да жетеді. Жас имамдар осындай діни, шариғи негізі жоқ әдеттерді көрген соң ескертіп айтады ғой баяғы. Сондайда жергілікті халықпен келіспеушіліктер шыққан кездері де болған. Түсінбейтін адам жоқ, түсіндіре алмайтын адам болады. Қолынан келгенше дұрыс тәсілдермен түсіндірсе, халық түсінеді. Аллаға шүкір, халықтың дінін үйренуге, білуге деген пейілі мен ынтасының арқасында қазір бұрынғымен салыстырғанда анағұрлым сауатты.

Бұрын мешітке келгенде маған ақсақал керек, жасы үлкен кісі керек дейтін болса, қазір діни білімі жақсы, білікті, білімді, Құранды жақсы оқитын, шариғатты жақсы білетін кісі керек дейтін болды. Яғни мәселе жаста емес, баста екенін түсінді.

Тәуелсіздік алған жылдары имамдардың деңгейі төмен еді, қазіргі имамдар өте білімді, деңгейі жоғары дей алмаймын. Себебі, әр нәрсе өз заманында, уақыт, сағатында құнды. Бірақ атқаратын қызметтерінің ауқымы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Бұрын молдалар тек жаназа кезінде діни жоралғыларды атқарып отырса, қазір имамдар тек діни жоралғыларды атқарумен айналыспайды. Олар халықты діни-шариғи біліммен сусындатып отыр, көптеген қайырымдылық шаралардың ұйытқысы болып, қанша жағдайы төмен отбасыларға қарайласып, мұқтаж жандарға көмектер ұйымдастырып, ауыр сырқатқа душар болған балалардың еміне қаржылай көмектер жинауға атсалысып жатыр. Келген кісілермен істелетін жұмыстан бөлек мешіт жанында ақида, фиқһ, Құран сабақтары сияқты сауат ашу курстарын тұрақты жүргізуде. Мүгедектер қоғамы, зағиптар қоғамы, тағы басқа қоғамдардан келіп көмек сұрайды, соның бәріне қол ұшын созып отыр. Су тасқыны, сел болған аудандарға мешіт жамағатын ұйымдастырып тонналап көмектер жеткізуге атсалысып отыр. Жолда қалып қойғандарға қанша көмек көрсетілуде. Мұның бәрі күнімізде имамның, мешіт қызметкерінің қызмет аясы тек мешіт жамағатымен, мешіттің айналасымен шектелмейтінін көрсетеді. Яғни дін өмірдің барлық саласын қалай қамтыса, дін қызметкерінің де  атқарар қызметі қоғамда соншалықты елеулі әрі маңызды. Мұнан бөлек қазір жат ағым мүшелерімен жұмыс істейді. Ол да өз алдына жауапкершілігі ауыр жүк.

– 90-жылдары Солтүстік өңірдің халқы мұсылманшылықтан толықтай ажырап қалды деген түсінік болды. Сол қаншалықты рас? 94-жылдан бері осы өңірде жүрген маман ретінде өз ойыңызды айтсаңыз?

 Солтүстік өңірлер орыстанып кетті, діннен алыстап кетті дегенге келіспеймін.Солтүстік өңір, соның ішінде Ақмола өңірі азды-көпті діннен хабардар болды. Сол кездің өзінде дінін терең үйренуге құштар кісілер көп еді.  Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ мұнда медресе жұмыс істеді. Жылда 25 шәкірт-түлек бітіріп шығатын яғни сол кездегі Ақмола өңірін діни мамандармен қамтамасыз етіп отырды. Дінге еркіндік берілген соң халық 70 жылдық саясаттың салдарынан алыстап қалған сеніміне құшақ жая ұмтылды. Құлшылық жасауға рұқсат берілген соң намаз үйренемін деушілер көп болды. Орысша сөйлегенімен құлшылығына берік кісілер көп болды. 

– Жалпы имамдар әрі ұстаз, әрі шариғи юрист, әрі психолог десек те болады. Тағдырдың талайына түскен адамдардың ең алғаш сыйынатын жері мешіт екенін ескерсек, оларға ең алғаш қол созатын кісілер де мешіт қызметкерлері. Осы орайда өз тәжірибеңізден бір-екі естелігіңізбен бөліссеңіз?

– Мешітке келген кісіге байлық та, дүние де керек емес, оған керегі – рухани азық.

Әрбір адамның басында түрлі жағдайлар болады. Досымен ұрсысып қалады, жұбайымен келіспейді, жұмысында түсініспеушіліктер туындайды, тағы басқа түрлі қиындықтар болуы мүмкін. Сондайда кісінің баратын жері – мешіт. Мешітке келген кісіге көп нәрсе керек емес, тек оны шынайы пейілмен құлақ асып, тыңдасаң, шариғи-діни тұрғыдан мәселесіне шешім жолдарын көрсетіп, бағыттасаң, басу айтып, өзін-өзі ұстау керектігін, ұстамдылық пен табандылыққа үндесең, ол кісі қайтадан жігерленіп шыға келеді.

Ал, енді мешітке келгенде де өзін тыңдайтын кісі таппаса, онда ол өзін «ешкімге керек емеспін» деп санап, онан сайын өмірден түңіліп, қате жолдарға түсіп, адасуы мүмкін. Егер дер кезінде көңіл сарайына жиналып қалған шерімен бөлісіп, өзегін өртеген ащы кермектің уыты қайтса, алдағы уақытта сізбен тіпті дос, бауыр болып, араласуы мүмкін. Яғни, біздің негізгі мақсатымыз халықты орта жолға, түзу жолға бағыттау. Фатиха сүресінде айтылғандай «иһдинас-сиратал мустақим» яғни тура жолға түсуіне себеп болу.

Осыдан 3-4 жыл бұрын болуы керек, бірде сол кездегі «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы хабарласып, әкімшіліктің бір департаментінен имам сұратып жатқанын, соны  барып сөйлесуімді айтты. Ол кезде мен Ғылмани мешітінде наиб имаммын.  Біраздан әлгі кісілер хабарласып, қала маңындағы саяжайлардың біріне бардық. Оқиға былай болған екен: әкімшілік жаңағы саяжайдың тұрғындарынан жерлерін сатып алмақшы болады. Көбісі келісіп, үй-жайларын босатып бергенімен, кейбірі әкімшілік беретін қаржы көлеміне келіспей, отырып алады.  Сандуғаш және Айым деген екі келіншек беретін қаражатты аз деп санайды, бірақ пікірлері тыңдалмаған соң сол маңайдағы кранның үстіне шығып кеткен. «Башеный» кран дейтін өте биік, мұнаралы кран болатын. Соның үстіне ашумен шығып алып, төрт күн бойы түспейді. Бірінің төрт, екіншісінің үш баласы бар. Әкімшіліктен, прокуратурадан, тағы басқа мекемелерден кісілер келгеніне қарамастан, сөйлеспей қояды. Мәселені ушықтырмай, тыныш шешу керек. Амалдары таусылған соң, имам шақыртады. «Бізге нәтиже керек, келіншектермен сөйлесіп, краннан түсіре алатын кісі керек», - дейді. Қараша айының соңы, кешқұрым. Далада қар жауған, қара суық. Әбден ашынып кеткен келіншектер суицидке барамыз деп отырып алған. Биік кранның басына шығып, жарты сағаттай сөйлестім. Нәтижеде альпинистер шақыртып, екеуін де пожарный люк арқылы төменге түсірдік. Кейін мәселелері шешілді. Сонда кранның басына өрмелеп бара жатқанда бір ғана мақсатым болды, берілген тапсырманы орындап, аман-есен екі келіншекті жерге түсуге көндіру. Мен аман-есен түсемін бе, маған бірдеңе болса бала шағам қалай болады деген ойлар болмады.  Бұл жерде айтпағым, діни қызметкердің қоғамдағы рөлінің маңыздылығы яғни адамдар сезімге, ашу-ызаға берілгенде алды-артын, бүгіні мен ертеңін пайымдай бермейді. Сондайда өмірдің өткінші екенін, ақырет барын, есеп күні барын еске салып, байсалдылық пен ақылға шақырып, бағыт-бағдар сілтейтін имамдардың рөлі маңызды.

– Жалпы имам болу  жауапкершілігі жоғары мамандық. Халық рухани тәлімгер ретінде қарағандықтан дін саласының қызметкерлерінен көп белсенділік пен ыждағаттылықты күтеді. Арасында мұндай жауапкершілікке шыдамайтындар да шығып жатады. Осы салада тұрақты қызмет етемін дегендерге қандай ағалық кеңес бересіз?

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде сахабаларының бірін басқа елді мекенге жіберіп тұрып: «Сен олардың салт-дәстүріне тиіспе, дінді жеткізгенде салт-дәстүрімен сабақтастырып түсіндір. Кейін уақытпен шариғатқа сай келмейтінін біртіндеп шығарып отырасың, қарсы келмейтінін қабылдап отырасың», - деп өсиет еткен екен. Сол сияқты жаңа мамандарға, имам боламын дейтін жастарға айтарым, діни оқу орнын бітіріп келіп, халықпен енді ғана араласа бастағанда, анау дұрыс емес, мынау дінімізде жоқ деп шорт кесіп айту арқылы жамағаттың көңілінен шыға алмайсың, көпшілікті бірте-бірте үйрету керек. Дана халқымыз «жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесең мұсылман дінінен шығады» демей ме? Яғни қатты-қатты сөйлесең қалың елге қабылдау ауыр тиеді. Бұл халықтың қарсы шығуына әкелуі мүмкін. Әрине, жүздеген, мыңдаған кісімен жұмыс істеу өте қиын. Сол үшін жағдайға қарап, жамағаттың ау-жайын байқай білу керек. Имамның жұмысы жәй ғана діни жоралғыларды орындау емес, халықтың қайғысы мен қуанышына ортақтаса білу, ел арасына сіңе білу, олардың мұң-мұқтажын бірге бөлісу. Сонда ғана ел сені сыйлайды. Мешіттен шықпай, мен оқып-тоқып келген білікті маманмын, имаммын, халық өзі келсін деп отырсаң, ешкімге өзіңді қабылдата алмайсың.

– Сіздің ойыңызша қоғамдағы имамның бейнесі қандай?

– Қазіргі имам – әмбебап. Ол тек діннен ғана емес, саясаттан да, заңнан да хабардар болуы керек. Имам әрі психолог бола білуі керек. Біз осы қоғамда өмір сүріп жатқандықтан елден бөлектене алмаймыз.  Яғни имам жан-жақты, бесаспап болуы тиіс.

– Жас имамдарға не айтар едіңіз?

– Алла жас имамдарға қуат берсін. Бәріміз де жас имам болдық қой. Оларға айтар кеңесім, өздеріне дейін имамдық жасаған, тәжірибелі, білікті мамандармен ақылдасып, тәжірибе алмасып отырса, өседі. Ал, менің білімім жеткілікті деп өзім білемге салса, сөзсіз адасады. «Тал бесіктен жер бесікке дейін ғылым іздеу – парыз» дейді ғой хадисте. Білім алу, арнайы оқу орнымен тоқтап қалмайды, білім де есікіреді. Сол себепті, қызмет барысында да өзін-өзі үнемі жетілдіру керек, ізденісте болу керек. Өзінің білімі мен біліктілігін шыңдап отырса ғана халыққа пайдасы мол болады.

– Сұхбатыңызға рахмет. Алла разы болсын!

Сұхбаттасқан Жұмабекқызы Индира

 

[1] Қайтқан кісінің денесін кебіндеуге дайындап қою.

Бөлісу: