25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Радикалдар «дағыстандық көңілдес» синдромы бар қазақ қыздарын іздестіруде

Радикалдар «дағыстандық көңілдес» синдромы бар қазақ қыздарын іздестіруде

Сұхбат
Жарнама

Харизмасы қалыптасқан экстремистік көзқарастағы әйелдер соңдарынан жамағатты ертуге қабілетті.

Әскери іс-қимылдар жүріп жатқан аймақтарға әкесі өз қызын алып баруға дайын? Неге қазақ қыздары әлеуетті адам өлтірушілер мен террористерді жалдаумен шұғылданатын болды? Неге олар алданған «сириялық әйелдердің» тізімін толықтыруда, оларды бұған не итермелейді? Zakon.kz осы және басқа да сұрақтарға Павлодар облысы Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлназ Мақсұтқызы Раздықовадан жауап беруді өтінді.

— Соңғы жылдары Қазақстанда Сириядан әскери іс-қимылдар болып жатқан жерлерден оралған «халал жезөкшелер», отбасында зорлық-зомбылыққа ұшыраған деструктивті діни ағымдардың жолын қуушылардың әйелдері және көптеген жан түршіктірер фактілер туралы әңгімелер айтылып жүр. Бұл шындыққа қаншалықты жақын? Қазақстанда әйелдер радикализмі байқала ма, бізде экстремистік көзқарастағы әйелдер, қыздар бар ма?

— Өкінішке орай, бар. Егер бізде бұрын экстремизм және діни терроризм үшін қылмыстық жауапкершілікке ер адамдар ғана тартылып, әйелдер құқық қорғау органдарының, арнайы қызметтердің назарынан тысқары қалса, 2013 жылы қазақтандықтар алғаш рет әйелдер де экстремистік пиғылда болатынын білді. Егер естеріңізде болса, 2013 жылы олар өздерінің күйеулерімен бірге Сирияға әскери іс-қимылдар болып жатқан аймаққа кәмелетке толмаған балаларымен кетті. Осыдан кейін адамдар әйелдер радикализмінің, жалпы радикалдық исламның, ИГИЛ-дің қаншалықты қауіпті екенін білді.

— Радикалдық көзқарастағы бойжеткендерді қай жерде жиі кездестіруге болады, олар деструктивтік ағымдардың тұзағына қалай түсіп қалады?

— Өз тәжірибем бойынша мен радикализмге бейім әйелдердің бірнеше типін бөліп көрсетуші едім. Бірінші – арнайы операциялар кезінде көздері жойылған террористердің жақын айналасындағы әйелдер, олардың жесірлері, апа-қарындастары.

Екінші — Сириядағы әскери іс-қимылдар аймағына кеткен адамдардың әйелдері, апа-қарындастары, аналары (ал олардың өздері Қазақстанда тұрады).

Үшінші – сотталғандардың жақын айналасы. Бұл адамдардың саны көп деуге болады.

Төртінші – радикал әйелдер, олар өздерінің харизмасын пайдаланып, өз соңдарына жамағатты ертуге қабылетті. Олардың саны соншалықты көп емес, дегенмен де олар бар. Олар радикалдық көңіл көзқараста және басқаларды жалдаумен айналыса алады. Мысалы, жанқияр террорист Рақымжан Мақатовтың әйелі Мейрамгүл Сатаева өзінің күйеуін 2011 жылы Ақтөбе қаласындағы террористік актіге «шабыттандырған».

Әрине, тәуекел тобына бірінші кезекте радикалдың жақын айналасындағы әйелдер түседі. Мысалы, ағалары қауіпті идеяларды қарындастарына, күйеулері әйелдеріне жұқтырады. Кей жағдайда әйел радикалдық көзқарастағы адаммен азаматтық некеде тұрады және біртіндеп оның идеологиялық нұсқауларын қабылдай бастайды.

Бесінші – радикалдық дүниетанымдағы отбасыларында өскен әйелдер. Бұлар өте жас әйелдер. Мысалы, мен жуырда өз әкесімен Сирияға жол жүруге бел буған қыз баламен сөйлестім. Нақты айтсақ, әкесі әуелі өзі кетіп, соңынан қызын алдырмақшы болған.

— Ал, сол қыздың шешесі де олармен бірге кетпекші болған ба?

— Жоқ, шешесі бірге кетпеген. Ол қызының сонда кетуін құптамаған, бірақ әкесі өз бетінен қайтпаған. Қыз баланың жасы 18-де ғана, ол күрестен спорт шебері. Өкінішке орай, ол қазір әкесімен бірге түрмеде жазаларын өтеуде.

— Радикалдардың тұзағына неге өрімдей жас қыздар түсіп қалады?

— Тәуекел тобында кімдер болатынын қарастырайық. Біріншіден, дисфункционалды отбасынан шыққан қыздар, ондай отбасы мейірім, сүйіспеншілік функцияларын орындаудан қалған.

Екіншіден, ер адамның сценарийі бойынша тәрбиеленген қыздар. Бұл орайда қыз бала тәрбиесіндегі басым рөл ер адамда болады, сондықтан қыз бала мінез-құлықтың, ойлаудың ер адамдық типін бойына жинақтайды. Бұл санатқа спортшы қыздарды жатқызуға болады. Осыдан тәрбиедегі ол-қылықтар байқалады, рухани тәрбие дене тәрбиесінен кем түсіп жатады. Сондықтан да олардың араларында деструктивті культтерге тартылған қыздар аз емес.

Үшіншіден, бұлар әлеуметтік таңба салынған, өздерін келбетті емеспіз, бедеуміз немесе «қара» жесірлерміз деп санайтын, өмірде әйел ретінде де, мансапта да жолы болмағандар.

Төртіншіден, бұлар «үздік оқушы синдромы» бар қыздар. Олар қияли идеалдық әлемде өмір сүреді, шындықпен бетпе-бет келгенде, дүние олардың стандарттарына сәйкес еместігін көреді, сондықтан да олар іштей күйзелісте болады. Осы кезде олар ағымға тартушылардың (вербовщик) ықпалына тез түсіп қалады. Классикалық мысал — Сирияға кеткен Варвара Караулова.

Бесіншіден, инфантильді әйелдер санаты. Олар әлеуметтік тұрғыдан есеймеген, рухани пісіп-жетілмеген, сол себептен үгіттеушілердің ықпалына тез түседі.

— Яғни, әйел санасының радикалдануы негізінен өмірде болып жататын қиындықтардың салдары болғаны ма?

— Ол ғана емес. Бұл дегеніміз — ауыр өмірлік тәжірибе, психологиялық проблемалар, жалпы діни сауатсыздық, балалық шақта болған психологиялық жарақаттар. Осындай әйелдердің басым көпшілігі бала кездерінде ана-ана мейірімін жеткіліксіз көрген, жалғыздық, айналадағы адамдардың нашар қарым-қатынасы, түсініспеушілік, яғни олардың эмоционалдық шығар жолдары болмаған. Ал, осының салдары неге соқтыратынын біліп отырмыз.

Әбден асқынған психологиялық проблемалармен үйлескен діни сауатсыздық — міне, бұл радикал әйелдерге арналған коктейль. Олардың көпшілігі қайғыны немесе отбасының дағдарысын, жақындарының өлімін, жұмыстан кетуді, айрылысуды, материалдық қиындықтарды бастан кешкен…

– Сонда осы жайлар оларды Сирияға кетуге мәжбүр еткен бе?!

— Сирияға кеткен әйелдер туралы айтсақ, олардың көпшілігіне «дағыстандық көңілдес» синдромы тән. Әлеуметтік желілер арқылы ер адамдар біздің әйелдерге махаббат сезімін білдірген және оларды Сирияға келуге үгіттеген. Мұндай алданған «сириялық әйелдер» өте көп. Адам санасын арбаушылар осындай әйелдерді мұқият іздейді.

Отбасын және дінді қорғау қажет болған кезде әйелдер табиғатынан бірбеткей, ол қатал да табанды бола алады. Тәжірибелі ағымға тартушылар осыны жақсы біледі және әйелдер санасының осы пернелерін жақсы басады. Осы себептерден әйелдер экстремизмі, олардың өздеріне қастық жасау және басқа да террористік актілерге қатысуы жағдайлары кездеседі. Радикалдарға әйелдерді террорист ету өте тиімді, өйткені олар өздеріне назарды аса аудармайды.

— Бірақ әйелдердің ерлерге қарағанда аяныш сезімі мықты дамыған ғой, ол терактіге өз еркімен бара қоюы неғайбыл.

– Әйелдер ерлерге қарағанда аяншақ деу — миф. Есіңізге түсіріңізші, «Норд-Ост» спектакліне келген Москва театрының көрермендерін аманатқа сарбаздар тобы алған кезде, террористер негізінен әйелдер болды ғой. Немесе Волгоградтағы терактіні алыңыз, онда террорист Наида Асиялова 14 адамның өмірін қиған жоқ па.

Соғыс уақытында күні-түні майдан даласынан қансыраған жаралыларды арқалап шығарған медбикелердің санасына түскен ауыртпалықты ерлер көтере алмас еді деген бір әлеуметтанушының пкірімен келісуге тура келеді. Санаға түскен мұндай орасан зор ауыртпалықты тек әйелдер ғана көтере алады, өйткені олардың қаталдықты және ауырсынуды қабылдау деңгейі ерлермен салыстырғанда жоғары.

— Сіз колонияларда ұдайы боласыз, терроризм және экстремизм қылмыстары үшін сотталғандармен әңгімелесіз. Өзіңіз жұмыс жүргізетін әйелдер туралы айтыңызшы, өйткені бізге мұндай жағдайлар осында, біздің елде емес, басқа бір алыс жерде болып жатқандай көрінеді ғой.

— Әрине, айтайын. Біреуінің аты –Ғалия. Бір жақсылығы, ол Сирияға әскери іс-қимылдар аймағына кетуге үлгіре алмады. Бірақ ол насихат жұмысымен, әлеуетті кісі өлтірушілерді және террористерді жалдаумен шұғылданған. Тұрмыс жағдайы жақсы отбасынан шыққан Екібастұз қаласының студент қызы радикалдық ағымға қалай түскен дейсіз ғой?

Бұл былай болған. Бірінші курста оқып жүрген кезде (2011 жылы) ол достарының сатқындығын бастан кешіп, жападан жалғыз қалған. Ал 18 жастағы қыз үшін бұл — трагедия. Ол өзіне исламнан құтқарушы тапқан. Ал шын мәнінде ол радикалдардың құрған торына түскен. Интернетте ол Сирияға соғысуға кеткендермен танысып, олармен хат жазысқан, олардың догмаларын зерделеген.

Кейіннен сол кездің өзінде радикалдық идеологияның жолын қуған болашақ жары Маратпен танысады. Байғұс бала радикалдардың мықты тұзағына осылай түседі. Сектанттар еш қиындықсыз өздерінің «қара» істерін жасады - студент қыздың басын жақсылап айналдырған. 2013 жылы Марат пен Ғалия некесін қиған, әрине, мешітте де емес, АХАЖ бөлімінде де емес, өздерінің сектанттары арасында. Олардың өмірінің мәні сектанттардың зұлым идеялары мен үндеулерін тарату болған. Оның күйеуі әлеуметтік желілердегі террористік насихаты және Сирияға кетуге әрекеттенгені үшін сотталды.

Жолдасы темір торға түскен соң біз Ғалиямен жұмыс өткізе бастадық. Онымен әңгімелестік, жолдасымен кездесуге жағдай жасадық, теологтармен, психологтармен кездесулер ұйымдастырдық, олардың некелерін ресми тіркеуге көмектестік. Бірақ біраз уақыттан соң Ғалияның өзі де әлеуметтік желілерде террористік посттарды жариялағаны үшін қамауға алынды.

Көріп тұрсыздар, күйеуінің қателерінен ол сабақ алмады. 2-3 жылдың ішінде жап-жас адамдар қоғамға қауіпті болып шыға келді. Осы әңгіменің қайғылы қорытындысы – зорлық-зомбылық пен терроризмді насихаттағаны үшін Марат 4,5 жылға, Ғалия 5 жылға бас бостандықтарынан айрылды. Ғалия өз күйеуінен асып түсті. Олардың қазір жастары 24-25-терде ғана, ең қызықты жастық шақтарын темір тордың ар жағында өткізеді. Біз мерзімдерін өтегеннен кейін олар қоғамға дұрыс адам болып оралуы үшін жұмыстар өткізудеміз. Бірақ, бұл өте күрделі де қиын еңбек, өйткені радикализм вирусынан емдеу өте қиынға соқтырады.

– Сіз мұндай қыздар бізде көп деп отырсыз. Мүмкін олар бір кезде көмекке жүгінгілері келген шығар, бірақ қайда, кімге барарларын білмеген болар, сондықтан осындай ауыр жағдайға, ортаға душар болған ғой. Осындай отандастарымызға қалай қол ұшын беруге болады?

— Адамның санасы қауіпті идеологиямен уланып болған кезде, оның көзін ақиқатқа ашу үлкен қиындық туғызады. Культтердің қыспағына түскен әйелдерде тәуелділік мықты болады, қара-ақ «тоннельдік ойлау» қалыптасады.

Жалдаушылар өздерінің құрбандарында қасақана «ақпараттық блоктар» қалыптастырады. Яғни, өзге ақпарат көздері олар үшін шынайы емес, жалған болып көрінеді. Тіпті олар жақындары мен туыстарына да сенбейді. Осылайша отбасыларынан алшақтайды, туыстық байланыстар үзіледі. Олар біздерді естімейді, өйткені оларды ТЫҢДАМАУҒА және бізді ЕСТІМЕУГЕ әбден үйретіп тастаған. Біз «қарым-қатынас жасау тапшылығын» жоймасақ, ешқандай диалогтың болуы мүмкін емес.

Оңалту бір жақты болуы мүмкін емес, бұл диалогтық үдеріс. Сондықтан біздің имамдарға психологтар көмекке келеді.

Барлық өңірлерде оңалту орталықтары жұмыс жасауда, сондықтан да адамның мінез-құлқында өзгерістер байқалса, бірден дабыл қағыңыздар, осы орталықтарға немесе имамдарға жүгініңіздер. Ата-аналар өздерінің қыздары қоршаған айналаны жақсы білулері керек, әсіресе, олар намазға жығылғанда. Міндетті түрде олар қандай әлеуметтік желілерде отыратындарын біліңіз, мінез-құлқындағы кішкентай да болсын өзгерістерді аңдаңыз. Мұндайда ұсақ-түйек деген болмайды.

Намазға жығылған қыздар мен әйелдер естерінде сақтаулары керек: діни білімді нағыз шынайы көздерден алу керек, бұл үшін Қазақстанда барлық жағдай жасалған. Барлық ақпарат қазір қолжетімді, мүфтияттың, діни білім алуға мүмкіндік беретін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайттары бар.

Бүгінгі күні Қазақстанда дін ұстанушылардың дұрыс ақпаратпен қамтамасыз етілуі үшін үлкен жұмыс өткізілуде, қажетті ақпарат алуға болатын қосымшалар бар. Мешіттерде біздің ұстаздардан білім алу керек. «Ұстазы жоқ адамның ұстазы — шайтан», — деген емес пе біздің бабаларымыз.

Ешқашан діни ағартуды әлеуметтік желілердегі бейтаныс адамдарға сеніп тапсырмаңыз! Біздің имамдардың беделін қаралайтын, олар туралы жағымсыз ақпарат тарататын, біздің салт-дәстүрлеріміз туралы жағымсыз пікір айтатын деструктивті ағым өкілдерінің сөздеріне құлақ салып тыңдамаңыздар.

Торғын Нұрсейітова

kazislam.kz

Бөлісу: