25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Сол қолмен ішіп-жеудің бәрі харам ба?

Күдікпен күрес
Жарнама

Соңғы кездері сол қолмен ішіп-жеу туралы әңгімелер едәуір көп айтылатын болыпты. Оған итермелеген фактор

кей адамдардың сол қолмен ішіп-жемді түбегейлі харам деп айтып, өзгелерге де солай насихаттауды бұйырушылардың әңгімелері болып отыр. Ендеше, сол қолмен ішіп-жем мәселесін оның түп тамырына қарап, оны әуелгі ғалым-ғұламалардың сөздерінен қарап көрелік.

Мәселенің ғылыми шеңберіне кірместен бұрын мына нәрсеге көңіл аударалық: ахлу сунна мектебінің ең ірі өкілдері болып табылатын төрт мазхаб ғалымдары бұл мәселені әдеп бабына кіретінін көрсетіп, оның үкімі мұстахаб болатынын айтқан. Төрт мазхаб ғалымдарының кітіптарына қысқаша көз жүгіртсек:

а) Ханафи мазхабы; Имам Ибн Нажим Ханафи айтты: «Үнемі қайталанып тұратын амалдар ғибадат болмаса, онда сүннет болуы шарт емес. Егер ол әдеттегі нәрсе болса онда ол сүннеттігіне дәлел болмайды, мұстахаб немесе мәндүп екендігін көрсетеді. Киім кию, тамақ жеу осы топқа кіреді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үнемі оң жақты таңдауы да осы екінші топқа (әдеттегі нәрсе тобына) қатысты, демек ол сүннет емес (яғни, сүннеттің өзінен бір саты төмен тұратын мұстахаб, я да мәндүб амал)» «Шарх уиқая» бен «Әс-Сираж әл-уаһһаж» кітаптарында осылай делінген».

ә) Мәлики мазхабы; «Әл-фауакиһуд-диуани» кітабында былай делінді: «إذا أكل أحدكم فليأكل بيمينه، وإذا شرب فليشرب بيمينه، فإن الشيطان يأكل بشماله ويشرب بشماله» (Егер бірің тамақ жесе оң қолымен жесін,ішсе оң қолымен ішсін. Себебі шайтан сол қолымен жейді, сол қолымен ішеді) деген хадисте ішіп-жеудің оң қолмен болуы мәндүб екені көрсетілген». Малики мазхабында ішіп-жеудің мәндүб екені барлық кітабында дерлік айтылған.

б) Шафиғи мазхабы; «Муғнил-Мухтаж» кітабында Имам Ширбини айтады: «Қолды тамақтың ортасына салу, торсықтың аузынан су ішу, сол қолмен жеу, ыдысқа үрлеу мен демалу мәкруһ амалдардан болып табылады». Мазхабтың Закария Ансари, Ибн Хажар Хайтами сынды ғалымдары да осыны баяндаған.

в) Ханбали мазхабы; Ибн Қудама айтады: «Тамақ жерде бісмілләні айтып, алдына келгенін оң қолмен жеу мустахаб болады...» Сол сияқты Имам Мардауей де: «Бісмілләні айту мен оң қолмен жеу – мустахаб. Бісмілләні айтпау мен сол қолмен жеу –мәкруһ болады. Үзір иелері болса оларға бұл үкім жүрмейді...» дейді. Ханбали мазхабында бұл көзқарас қуатты көзқарас болып табылады.

Оң қолға мейіл болудың маңыздығын барша имамдар бірауыздан құптағанын айттық. Алайда кей ғалымдар оң қолмен ішіп-жеуді парыз дегенге дейін көтерген, яғни сол қолмен тамақ ішсең харам болады деген.

Жалпы, тамақты қай қолмен жеу мәселесі мына хадистерге қайтады:

  • Қос «Сахих» жинағында Омар ибн Аби Сәләмәдан (р.а) келген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «يا غلام سم الله وكل بيمينك وكل مما يليك» (Әй, бала! Алланың атымен баста, оң қолыңмен же, алдыңнан же) деген.
  • Имам Муслимнің Жабирден (р.а) жеткізген хадисіндегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «لا تأكلوا بالشمال، فإن الشيطان يأكل بالشمال» (Сол қолдарыңмен жемеңдер, расында шайтан сол қолмен жейді) дегені.
  • Имам Муслимнің келтірген хадисінде Сәләмә ибн Акуағ бүй деді: «Бірде бір кісі Алла елшісінің (с.ғ.с) жанында сол қолымен тамақ жеп отырды. Оған Алла Елшісі (с.ғ.с): «оң қолыңмен же» деді. Әлгі адам: «шамам жетпейді» деді. Пайғамбар (с.ғ.с): «ендеше шамаң жетпесін» деді. Қарсы болуына себеп болған тәкаппарлығы еді. Кейін қолын аузына да жеткізе алмастай болды».

Оң қолмен ішіп-жеу парыз деген ғалымдар тобы жоғарыдағы үш хадистен:

1–Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «оң қолыңмен же» деп бұйыруы. Бұйрық райы – амалдың парыз екенін білдіреді;

2–Сол қолмен ішіп-жеу – шайтанға ұқсау болып табылады;

3–Сол қолмен жеген адамға Пайғамбарымыз (с.ғ.с) теріс дұға жасады деген дәлелдер келтірді.

Алайда ғұламалардың басым көпшілігі ішіп-жемнің оң қолмен жеу парыз емес, сүннет, я да мұстахаб амал болатынын дәлелдеп, сол қолға мейіл адам харам жасаушы күнәхар адам болып айыпталмайтынын алға тартып, жоғарыда келтірген дәлелдеріне былай деп жауап қайтарды:

Біріншісінің жауабы: Усул ғалымдары бұйрық рай формасының міндетті түрде орындалуы талап етілген әмір болуының шарт емес екенін айтады. Ол әдеп бабында қызықтыру үшін (яғни мәндүп үшін) де қолданылады. Оған дәлел {وَلا تَنْسَوُا الْفَضْلَ بَيْنَكُمْ} «Сондай-ақ араларыңда кешірімділікті ұмытпаңдар» (Бақара 237) аяты. Кешірімділік таныту әдеп бабынан, алайда ол да бұйрық райында келген. «Оң қолыңмен же» деген хадис те осы сияқты.

«Истизкар» кітабында Имам Ибн Абдулбарр (р.а): «Егер тыйым келсе, онда ол сенің мүлкіңе қатысты айтылады, я да мүлкің болмаған нәрсеге айтылады. Егер тыйым салу сенің мүлкіңе қатысты келсе, онда ол әдеп бабында, турасына сілтеуге, жақсысын таңдауға қатысты болады. Ал егер мүлкің болмаған нәрсеге айтылса, онда ол харам екенін білдіреді. Құран мен сүннеттегі тыйымдар осылай келген» деп, кейіннен «астыңғы дәретті сол қолмен емес, оң қолмен жуып, тамақты керісінше оң қолды ысырып қойып сол қолмен жеу т.б. бұның барлығы да әдеп пен туралық бабында. Себебі ол адамның мүлкіндегі дүние. Кімде-кім бұны істеп қойса харам жасаған болмайды» деді.

Екіншісінің, яғни шайтанға ұқсатудың жауабы: бұл да харам дегенді білдірмейді. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Күн мен көлеңкенің арасындағы отырыс – шайтанның отырысы» (Ахмад) деген.

Тағы бір хадисте күндіз сәл көз іліп алуға бұйырып: «Күндіз көз іліп алыңдар, себебі шайтан күндіз көз ілмейді» (Табарани) деген.  Бұл екі хадисте де шайтанға ұқсату бар, бірақ екеуі де харам дегенді білдірмейді ғой. Жоғарыдағы хадис те осындай.

Үшіншісінің, яғни сол қолмен тамақ жеген адамға Пайғамбардың (с.ғ.с) теріс дұға жасауының себебіне келсек, онда үш түрлі жауап берсек болады:

1– Әлгі адам екіжүзді болған. Кері дұға екіжүзділігі үшін жасалған. Бұл көзқарасты Қади Ияд айтқан.

2– Ол адамның қарсылығы тек оң қолға ғана қатысты болмаған, ол жалпы шариғат үкімдерінің барлығына қарсылық танытқан-ды. Бұны Имам Науауи айтады.

3– Кері тұға оның тәкәппарлығы үшін жасалған. Бұны Имам Мунауидің айтқаны.

Осы дәлелдерге сүйене отырып әрбір мұсылман адамды оң қолмен ішіп-жеуге шақырамыз. Себебі бұл кіші амал болып көрінгенмен сүннет пен мұстахаб арасында жүретін амал, кей ғалымдар уәжіп екенін де айтқан. Алайда сол қолмен ішіп-жеуге дағдыланып қалған, немесе байқамай ішіп-жеген адамды күнәхар демейміз, ісін харам деп айыптамаймыз.

Ең дұрысын тек Алла ғана біледі.

Ummet.kz

Бөлісу: