25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Дұғадан соң бет сипау бидғат па?

Күдікпен күрес
Жарнама

Сұрақ:

Дұғадан кейін бетті сипаудың үкімі не?

 

Жауап:

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен...

Барша мақтаулар бір Аллаға тән. Елшісі Мұхаммедке Алланың сансыз салауаты мен шексіз сәлемі болсын...

Бұл сұрақтың қысқа жауабы: дұғадан кейін бетті сипауды шариғат құп көреді. Имам Науауи «Әл-әзкар ән-науауия» деген дұғалар жинағында осы мәселеге «Дұғада қол көтеру, кейін онымен бетті сипау» деген арнайы бап арнаған. Онда Ол (р.а): «Тирмизидің кітабында Омар ибн Хаттабтан (р.а) «Алла елшісі (с.ғ.с) дұғада қолын көтерсе онымен бетін сипамайынша оларды бос қоймайтын» дегенін жеткізген болатынбыз» дейді.

Хафиз Ибн Хажар (р.а) «Булуғул-мәрам» кітабында: «Бұл хадисті қуаттайтын шәһид (куә) хадистер бар, ол хадистердің бірі Әбу Даудтың Ибн Аббастан (р.а) жеткізген хадисы. Бұл хадистер топталып хадисті «хасан» дәрежесіне көтереді» дейді.

Айтарымыз: егер бағзы біреулер «Бұл әлсіз «дағиф» хадис» десе, оған: «Хадис ғұламаларының айтқанындай амалдардың абзалында (фадаилул-амал) әлсіз хадистермен амал етуге болады» деп жауап қатамыз». Имам Науауи «Арбағин» кітабында: «Ғалымдар амалдардың абзалдарында әлсіз хадиспен амал етуге болатынына бірауыздан келіскен» деген.

Мубаракфуридің «Тухфатул-Ахуази» кітабының «Алла елшісінің (с.ғ.с) дұғалары» деген бөлімінің «Дұғада қол көтеру жайында жеткен (хадистер)» бабында: « «Субул» кітабында: «Бұл хадис дұғадан кейін бетті сипаудың шариғатта негізі бар екеніне дәлел болады» дейді. (Кей көзқарас бойынша): «Ондағы себеп Алла Тағала дұға жасаушының қолын бос қайтармайтындығына қайтатындай. Бейнебір Алланың мейірі дұға жасаушының қолдарына жауып, сөйтіп ол мейірдің бір бөлігін бетіне жаққандай болады. Себебі бет – адамның ең қадірлі мүшесі, құрметке ең лайықтысы» делінген» деген.

Ажлунидің (р.а) «Кәшфул-Хафа» кітабының «Мим әрпі» бөлімінде «Дұғаның соңында қос қолмен бетті сипау» бабында айтады: «Нәжм айтты: «Абу Дауд Ибн Әби Бурайдадан Пайғамбар (с.ғ.с) дұға жасаған кезде қолдарын көтергенін, екі қолымен жүзін сипайтындығын жеткізген.

Тирмизи Ибн Омардан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дұға жасағанда қолдарын көтерсе онымен бетін сипамайынша оларды бос қоймайтынын жеткізген.

 Табарани да «Әл-Муғжамул-кәбир» еңбегінде одан (Ибн Омардан) (р.а): «Расында Алла тірі әрі жомарт. Егер құлы қол көтерсе (дұға жасаса) оны еш жақсылықсыз бос қайтаруға ұялады. Егер қайсы бірің қол көтерсе (дұға жасаса): «Уа Хайи (мәңгі тірі), әрі Қайюм (толық меңгеріп тұрушы Алла)! Сенен басқа тәңір жоқ. Уа, мейірімділердің мейірімдісі» деп үш рет қайталасын. Егер қолын қайтарса (дұғасын бітірсе) (қолындағы) жақсылықпен бетін сипасын» деген хадисті жеткізді.

Дұға жөнінде Уалид ибн Абдулла ибн Әбу Муғистан «муғдал» (хадис жеткізуші адамдардың бірнешеуі қатарынан айтылмауы) жолмен жеткізген хадисінде «Егер бірің дұға жасап қос қолын көтерсе Алла Тағала оның қолдарына береке мен рақым түсіреді, ендеше ол қолдарын бетін сипамастан түсірмесін» делінген».

Осы «Кәшфул-Хафа» кітабының «Мим әрпі» бөлімінде «"Қул Һууа Аллаһу Ахад" сүресінен кейін бетті екі қолмен сипау» бабында былай дейді: «Нәжм айтты: «Ибн Абу Шайба және алтауы (Алты Сүннет кітап иелері) Айшадан (р.а) Пайғамбардың (с.ғ.с) әр түнде ұйқыға кетер алдында қос қолын жайып онда үрлеп «Қул Һууа Аллаһу Ахад», «Қул a’узу би Роббил-фәләқ» және «Қул а’узу би Роббин-нас» сүрелерін оқығанын, сөйтіп онымен басынан, бетінен, денесінің алдынғы жағынан бастап қолы жеткен барлық жерін сипап шығатынын, осылай үш рет қайталайтындығын жеткізген».

Қос шейх (Бухари мен Муслим)  және Әбу Дауд Айшадан (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір нәрсеге шағымданса «Қул a’узу би Роббил-фәләқ» және «Қул а’узу би Роббин-нас» сүрелерін оқып, үрлеп, сөйтіп шағымданған жерін сипағанын айтады.

Ummet.kz

Бөлісу: