Жыл сайын әлем мұсылмандары Рамазан айының келісімен қуаныш-шаттыққа бөленіп, Алламен қарым-қатынастарын арттырып жатады. Ол күндізгі уақытта ораза ұстап ішіп-жемнен тыйылумен байқалса, қою қараңғылық ұялағанда көпшілік болып мешіттерге жиылып, онда тарауық намазын оқуларымен көрініс табады.
Бұның барлығы иман иелеріне қуаныш сыйлары анық, алайда кей адамдар тарауық намазының әдеттегі оқылатын жиырма рәкағатына наразылық танытып, ол тек сегіз рәкағат қана деп, кейбірі тіпті жиырма рәкағат оқылуы діндегі негізсіз жаңалық, бидғат деп тарауыққа жиылған жамағаттың берекесін қашырып жүргені де байқалмай қалып жатқан жоқ. Жалпы тарауық намазының үкімі, уақыты, әрі рәкағат саны қанша? Осы сұрақтың жауабын «Әл-фиқһ ала мазаһибил-арбаға» (Төрт мазхаб фиқхы) кітабынан іздеп көрелік.
«Тарауық намазының үкімі – үш мазхаб бойынша еркектер мен әйелдерге бірдей муаккәд сүннет (бекітілген сүннет) болып табылады. Мұнда тек мәлики мазхабы басқа көзқарас танытқан. Егер оны көпшілік бірігіп оқыса, онда жамағатпен оқу да муаккәд сүннет болады. Яғни, біреулер жамағатпен оқыса сол жамағатқа қосылуы керек. Егер бір адам тарауықты үйінде оқитын болса үйіндегілерді намазға жинап, барлығы бір жамағат болып оқуы сүннет болады. Егер тарауықты жалғыз оқыса жамағаттың сауабынан мақұрым қалады. Бұл көзқарас шафиғи мен ханбали мазхабтарына ортақ [1].
Тарауықтың жамағатпен оқылуының сүннет екендігі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ісімен бекітілген. Қос шейхтың (Бухари мен Муслим) жеткізген риуаяттарында «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Рамазанның түндерінде түннің түсуімен бізге шығатын. Ол бөлек-белек үш түн еді: үшінші, бесінші және жиырма жетінші түндер. Ол (с.ғ.с) мешітте намаз оқыды, адамдар да онда Оның (с.ғ.с) оқығанын оқыды. Ол (с.ғ.с) олармен сегіз рәкағат оқитын да, адамдар қалғанын үйлеріне барып толықтыратын...»
Осы оқиғадан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі оларға тарауықты сүннет етіп бекітіп бергенін, оны жамағатпен оқудың сүннет еткенін көре аламыз. Алайда Ол (с.ғ.с) олармен кей риуаяттарда айтылғандай, сахабалардың уақытынан қазіргі күнге дейін оқылып жүргендей жиырма рәкағат оқымаған. Сол сияқты тарауық намазының рәкағат саны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сахабалармен оқыған сегіз рәкағатпен де шектелмегенін көре аламыз. Олардың (р.а) үйлеріне барып толықтырғандары осыған анық дәлел болады. Омардың (р.а) жамағатты ақырында мешітте жиырма рәкағат оқытуы тарауықтың рәкағат саны жиырма екенін баяндай түседі. Оның бұл ісіне сахабалар бірауыздан келіскен. Кейіннен келген әділ халифалардың ешбірі оның бұл ісіне өзгерту де жасамаған. Ал Пайғамбар (с.ғ.с): «عليكم بسنتي، وسنة الخلفاء الراشدين المهديين، عضوا عليها بالنواجذ» (Менің сүннетімнен және тура жолдағы әділ халифалардың жолдарын ұстаныңдар, бұл жолға азу тістеріңмен жабысыңдар [яғни мықтап ұстаныңдар]!)– дейді (Абу Дауд).
Абу Ханифадан Омардың (р.а) бұл ісі туралы сұралғанда: «Тарауық – муаккәд сүннет. Оны Омар (р.а) өздігінен шығарған жоқ. Ол бидғат жасаушы болмады. Оны өзінің білген асылы үшін, Алла елшісінен (с.ғ.с) алған білімі үшін бұйырған» деп жауап берген.
Сол сияқты Омар ибн Абдулазиздің кезінде отыз алты рәкағатқа шейін көбейтілген. Алайда бұлай істеудегі мақсаты намаздың сауабында меккеліктермен теңесу болған. Мекке тұрғындары әр төрт рәкағат сайын қағбаны тауап ететін. Ал Омар ибн Абдулазиз (р.а) болса олардың әр тауабының орнына төрт рәкағат намаз қосқан. Бұл ғалымдардың шариғатта негізі бар ғибадатты арттыруға болатынын айтқан ижтихадтарына қуаттаушы дәлел болады. Сонымен қатар егер тыйым салынған уақыттарға тура кеп қалмаса әр бір адам күндіз болсын, түн болсын қалағанынша нәпіл намаз оқуына болатынына еш күмән жоқ.
(Материал «Әл-фиқһ ала мазаһибил-арбаға» кітабынан аударылды)
Ummet.kz
[1] Малики мазхабында ол – мәндүб, ал ханафи мазхабы бойынша белгілі бір мекен үшін кифая сүннет болып табылады. Егер кей адамдар жамағат боп оқыса қалғандарынан талап етілмейді.