25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Жарапазан» сөзінің шығу төркіні жайлы

«Жарапазан» сөзінің шығу төркіні жайлы

Дін және ғылым
Жарнама

«ЙӘ+РАМАЗАН - ЖӘ-Ә+РАМАЗАН - ЖАРАМАЗАН (ЖАРАПАЗАН)»

Ғылымда «Жарамазан» сөзінің келіп шығу тарихы туралы екі түрлі пікір қалыптасқан. Бұл сөздің түп-төркініне үңілген кейбір ғалымдар бұл сөздің астарында – «Жә-ә рамазан» яғни «Рамазан келді» деген сөз жатыр десе, келесі бір ғалымдар – «Йарамазан» яғни «Йә, рамазан» сөзімен байланыстарған. Осы екі пікірдің ішіндегі ойға қонымдысы – «йә, рамазан».

Себебі жалпы түркі халықтарының «ж»-ны және «й»-ды айтатын болып екіге бөлінетіні, қыпшақ тобына жататын қазақ тілінің «ж»-ны көбірек қолданатындығы белгілі. Содан түркі жазба тіліндегі «й» дыбысы ауыз әдебиетінде «ж»-ға ауысқанын дәлелдеп жатудың өзі артық.

Әрі жарамазан айту – араб тілін жетік білетін хастарға емес, бәрінен бұрын ауамға (көпшілікке) тән қасиет.

Сондай-ақ, жазба жәдігерлерде осы пікірдің дұрыстығын айғақтайтын жазба мұралар да жетерлік. Соның бірі – ислами әдебиеттегі рамазания жанры.

...Ислами әдебиеттегі рамазания жанры, ауыз әдебиеттегі жарамазан айту дәстүрі. Алғашқысында рамазанда орныдалатын амалдардың орындалу тәртібі яғни фиқһтық мәселелер жиі көтерілсе, екіншісінде оразамен қатар жалпы руханиятты жырлау жағы басым.

...Ортағасырлық түркі жазба ескерткіштерін айтпағанның өзінде ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында рамазан айынының қадір-қасиетін ұлықтайтын бірнеше кітаптар жарық көрген. Соның бірі – «Мәрхәбән, йә, рамазан». Кәрібоз ақын өз шығармасында:

Ораза – он екі айдың падишасы,

Бұл айда қабыл болар көздің жасы,

Сағадат, мағрифат, рахмет,

Он-оннан бөлінеді әр қиссасы.

Ей, жарандар, ғибадатқа келсе шамаң,

Мұхаммед үмбетіне, шәһри рамазан, - деп жырлаған...

....Ақын әр шумақтың соңын «Ораза – он екі айдың шамшырағы», «Ораза – он екі айдың падишасы», «Ораза – он екі айдың сұлтаны екен», «Ораза – он бір айдың қожасы екен», «Ораза – он бір айдың мырзасы екен», «Ораза – он екі айдың сардары екен», «Ораза – он екі айдың сейіді екен» деген жолдармен түйіндеп отырған.

Мәулекей ақын «Мәрхәбән, шәһри рамазан» атты шығармасында:

Рамазан айтуыңа рұқсат бар ма,

Біздердей бейшараларға дүние тар ма?!

Осындай жақсы күнде ғапіл қалма,

Шамаң келсе қайырыңды беріп қара.

Мұхаммед үмбетіне, йа, маһи рамазан, - деп жырлаған.

Ақын шығармасының «тәркиб бәндін» «шәһри рамазан» немесе «маһи рамазан» деген жолдармен бітіріп отырған. Айды арабша «шәһр» десе парсы тілінде «маһ» деп атайтындығы белгілі....

Әлуида, әлуида,

Қош келдің, шәһри рәхмәт, әлуида,

Лә иләһә иллалла, лә иләһә иллалла.

Келгеніңде жерде-көкте барша мәләктер сунушур (қуанар),

Кеткеніңде жыласып, бақырады, әлуида, әлуида, әлуида.

...Осылайша «Мәрхәбән» яғни «Қош, келдің!» деген жолдармен басталған ақын өлеңдерінің соңы «Әлуида» яғни «Қош, бол!» деген сөздермен аяқталған. Мәулекейдің бұл шығармасының басы һәм соңы бар. Композициялық құрылымы бүтін. Күтіп алған қонақты шығарып салу да бар. Жай шығарып салу емес, қимастық сезіммен шығарып салу. Әрине, басқа айларда нәпіл ораза ұстау болғанымен де, тамұқтар есігі байланып, жұмақтар есігі ашылатын айдың оразасының орны бөлек. Себебі рамазан – Алланың айы. Бұл айда бір түні мың айдан артық болатын Қадір түні бар. Соңында барша мұсылманды қуанышқа бөлеп, ағайын-туыс, көрші-қолаңның хал-жағдайынан хабар алып, бірге тойлауға шақыратын Ораза айты бар. Сондықтан да бұл айдың мұсылмандар үшін, соның ішінде қазақ халқы үшін қадір-қасиеті ерекше. Жазба әдебиетте рамазания, ал халық ауыз әдебиетінде жарамазан (жарапазан) жанрының болуы соның айғағы. Жазба әдебиеттегі рамазания жанры барша түркі мұсылман халықтарына ортақ мұра болғанымен де, кешкі ауызашардан кейін үй-үйді аралап жарамазан айту дәстүрі түркі халықтарының көпшілігінде кездесе бермейтіндігі ақиқат.

Төрәлі ҚЫДЫР

Бөлісу: