25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Діни білім алу маңызды ма?

Діни білім алу маңызды ма?

Дін және ғылым
Жарнама

Дәл бүгінгі күні біздің өмір сүріп жүрген ортамыз немесе біздің қоғамда көп адамдар дінді тек мешіттегілер ғана ұстанып, солар ғана уағыздауға тиіс, жалпы дін мәселесі солардың ғана ісі деп ойлайтын сияқты.

Сонымен қатар өлім-жітім кезінде еске түсетін молдалар мен зейнеткерлікке шығып, не істерін білмей екі қолы алдына сыймаған шал-кемпірлер ғана мешітке баруға тиіс, ал біз солардың жасына жеткен кезімізде не боларын көре жатармыз деп өткен кезеңнен қалған қасаң түсініктен әлі де толық арылып болмаған адамдар да жеткілікті.

Көзі ашық, көкірегі ояу, озық ойлы, білімді, мәдениетті бір сөзбен айтқанда кейінгі буынға үлгі деп жүрген жандардың көбі намаз оқып, ораза ұстауды былай қойғанда мешітке келіп тұрулары да көңіл көншітпейтіні жанға батады. Адамдық негізгі міндеттерін ұмытпай, Құдайға адал құл бола білгендерді санасы төмен, өресіз, қараңғы қылып көрсеткен кешегі кер заманның ақиқатқа жаққан күйесі әлі күнге дейін толық өшпей келеді. Сондықтан да Абайдың: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегенін құр тақпақ деп ойласа, Эйнштейннің «Мен Құдайға иман келтіргендерденмін, өмірімнің бір минутында да атеист болған емеспін, егер кімде – кім мені құдайсыз десе – ол жала. Шүбәсіз иман келтірмегенді ғалым деп қарастыруға да болмайды. Басқаша айтқанда имансыз ғылымға ешбір сенім жоқ. Ал адам баласының шынайы мақсаты турасында тек Жаратушы ғана біледі», - деген сөзін ескермейді немесе оқыған жоқ.

Иә, мешітке келіп, құлшылық амалдарын тәртібі мен талабына сай мұқият атқарып, Алланың бұйрықтарына бой ұсыну арқылы шариғат шарттарына қайшы дүние қызықтарынан бас тартып жүргендерді соқыр сенімді алданыш қылып, қиял кемірген ақылсыз жандар деп ойлаудан арылуымыз керек. «Адамнан сұрасаң екі көзің шығады, Алладан сұрасаң екі бүйірің шығады» дейді дана халық. Олай болса дүние үшін Алланың әмірін қоя тұрып, адамның алдында Абайша айтсақ, «бас изеп шыбындамай» тіршілік келбетіне иманды жүрекпен қараған абзал болар.

Астамшыл адамдардың сөзінінен өзін білгіш санау, пендешілігі мен тәкаппарлығы, ашық кердеңдігі білініп тұрады. Артып бара жатқан білімі болмаса да өздерін білгіш санап, өзгелерді ақымақ санауға бейім тұратындар бар.

Сауатты да зиялы адамдар білімнің діни және дүниелік деп екі тармаққа бөлінетінін біледі. Діни білім адам өмірінің мәнін түсіндіретін болса, дүниелік білім белгілі бір кәсіпке, қызметке мамандандырады. Адамдардың көбі осы екеуінің бірімен ғана қанағаттанып, екіншісіне өте немқұрайлылық танытатыны өкінішті. Шындығында, дүниелік оқумен діни білімді, ал діни оқу арқылы дүниелік білімді ала  алмайсың. Сол себепті жастар жоғары деңгейдегі университетті бітіре тұрып рухани надан болып қалуы да мүмкін. Керісінше, діни білімді біршама дәрежеде игерген адам да белгілі бір дүниелік білімді меңгерімесе бүгінгі қоғамнан өзінің лайықты орынын таба алмайтыны да  рас. Бұл дүниеде осынау екі білімнің алатын өз орындары бар және олар бірінің орындарын бірі алмастыра да, толтыра да алмайды. Екеуі де адамның толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік беретін қажетті білімдер болып табылады. Сондықтан білімді діннің білімі, дүниенің білімі деп бір-біріне қарсы қою немесе бірін таңдап, біріне немқұрайлы қарау дұрыс емес.

Дүние білімін пайдалану арқылы белгілі бір мамандықты, қызметті жетік меңгеріп, абыройлы да білікті маман болуға болады. Сонымен қатар ел игілігі үшін табысты қызмет етіп, өз мемлекетінің өркендеуіне де қомақты үлес қоса алады. Сондай-ақ дүниелік білім арқылы  адам  табысы жоғары жақсы жұмыс орындарына  орналаса отырып өз отбасын толығымен қамтамасыз етіп, жоқшылық тауқіметінен де құтыла алады. Және де адам өзінің азаматтық, ата – аналық міндетін тиісінше атқаруға мүмкіндік алады.

Есесіне дүниелік білімді жақсы меңгеріп білікті маман болған адам ақырет пайдасы туралы ойламауы мүмкін. Ол үшін адамға ең әуелі діни білім қажет. Діни білім арқылы адам дұрыс пен бұрыс, оң мен теріс, жақсы мен жаманды ажыратып, өзін де, өмірді де, және өмірдегі өзінің орынын  да жақсы ұғынады. Діни білім арқылы  дүниенің сырын терең түсініп, дұрыс өмір сүруді үйренеді. Және кәсібі арқылы тапқан табысын да дұрыс жұмсауды біледі. Сол арқылы сауапты істерге көңіл қойып ақырет пайдасын көздейді.

Дүниелік, кәсіптік білімі болуы үшін адамға міндетті түрде белгілі бір оқу орнын бітіріп, сол жөнінде тиісті қағаз алу қажет болса, діни білім алу үшін әр адамға арнайы діни оқу орнын бітіру міндетті емес. Ол үшін оған білуге талаптанып, іздену ғана қажет. Және, мұндай ізденістермен ол өзіне қолайлы бос уақыттарында айналыса отырып та өзіне қажетті деңгейде білім ала алады.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында » атты кітабында: «Біз бұқара санасындағы діншілдіктің артуына әзір болуымыз керек, онда тұрған қатерлі ештеңе жоқ. Жалпы дін өздігінен өнегелі ақиқаттан бөтен ештеңе үйретпейді. Жалғыз-ақ, бізге қауіп төндіретіні діни біліміміздің деңгейі онша жоғары болмай отырғаны», -дейді.

Дін адамзатты әділдік пен махаббат жолына үндейтіндігі белгілі. Бірақ, діни білімсіз сол әділдік пен махаббатқа жету мүмкін емес.

Діни білім туралы мұсылман дінтанушысы Абу Хамид Мұхаммед ибн Мұхаммед Әл-Ғазали (1059 – 1111): «Пайдалы біліммен шұғылдану бүкіл басқа істерге қарағанда әлдеқайда жақсы. Пайдалы білім – дүниенің жамандығын, ақыреттегі жағдайдың қауіптілігі мен қорқыныштылығын түсіндіретін білім. Дүниеге беріліп, ақыреттен бет бұрған адамдардың надандығы мен ақымақтығын, олардың бойындағы өркөкіректік, күншілдік, екіжүзділік, өзін-өзі сүюшілік, атаққұмарлық пен мансапқұмарлық, дүниеге құштарлық сияқты жүрек дерттерінің дауасы не екендігін білдіретін білім – пайдалы білім», - деген екен.

Жеке адамның мейірімді, ізгі қасиеттері мол, адамгершілік қасиеттері жақсы дамуы үшін діни білімнің тигізер әсері зор.

Діннің зерттеу нысаны рух болса, дүниелік ғылым тәнді зерттейді. Дін жүрекке, ғылым миға әсер етеді. Екеуінің де мақсаты – адамды сенімге әкелу болғандықтан, олардың арасында қайшылық жоқ. Оларды біріктіретін руханият. Яғни, дүниелік білімді тәрбиемен ұштастыруды мақсат етер болсақ діни біліммен үйлесіп тұруы қажет деген сөз.

Адамның бойындағы ең басты қасиет – ол таным және сенім. Дін ерте заманнан бері адамзатпен бірге жасап дами келе адамның танымын, сенімін қалыптастыратын күшке айналды. Бір сөзбен айтқанда адам баласын өзге жаратылыстан ажыратып, өзінің осы жаратылған барша жаратылыстың  қожасы екендігін, бірақ сол үшін осы әлемнің иесі алдында жауапты екендігін сезіндіретін нәрсе – дін және діни білім.

Діни білім үрей, қорқыныш, қайғы, үмітсіздік сияқты адамды торығуға әкелетін қиыншылықтарды жеңуге көмек береді. Адам осындай қиын жағдайларда өз сенімі, үміті, жалбарынуы, тәубеге келуі арқылы көңілін орнына түсіріп, рухани дүниесінде тыныштық табады. Сонымен бірге дінге шын сенген адам жаманшылыққа бармайды.

Діни білім адамның ауыр қылмыстар мен күнәлі істерге  бармауына ықпал етеді. Діни білім адамға адамдықты, тұрмыста адал күнелтуді, әлемді түсінуді  және ондағы нығметтерді пайдалануды қамтамасыз етеді.

Ғылымда дін туралы, «дін» ( лат.- қасиетті, құдайшыл,тақуа) – адамның тылсым әлем күшіне, құдайға деген сенімінің кемеліне жеткен түрінде қалыптасқан, оның түсінігінде, қылығында, іс-әрекетінде көрініс табатын дүниетанымы», - деп анықтама береді.

Ал, Ислам ғалымдары діннің анықтамасын Құран мәтініне сүйене отырып жасаған: «Дін дегеніміз – ақылды адамдарды өз қалаулары бойынша тек ізгілікке бастайтын құдайлық заңнама», яғни дін -  адамдарды тек игілікке, жақсылыққа бағыттайтын  іс-әрекеттер жиынтығы, әрі Тәңірдің аяны арқылы қол жеткізетін ақиқат делінеді. Бұл анықтамалардағы ортақ желі – діннің құдайлық негізден келген жүйе екендігін білдіреді. Нақтылы айтсақ, шынайы дін адамдар тарапынан құрылмайды деген сөз. Сонымен дін – адам жанының азығы, Жаратушыға деген сенім болып табылады.

Орыстың атақты жазушысы  Л.Н.Толстой «Тәубе» деп аталатын кітабында : «Мені елуімде жынды қылған сұрақ тым қарапайым. Оны он үш  жасымда да ойлағанмын, бар болғаны бұл тірлігімнің  мағынасы қандай, ертең жаным қайда кетеді? – деген сұрақтар еді» - деп ағынан жарылады. Ал қазақтың ойшылы Шәкәрім «…Келдім қайдан, қайтсем пайдам, өлгеннен соң не болам?» – деп толғанады.

Иә, әрбір саналы адамды мазалайтын және жауабын табуға итермелейтін, өмір тіршілігіне бағыт-бағдар беретін  бірнеше негізгі сұрақтар болады. Діни білім осындай сұрақтарға жауап береді.

Дүниелік және діни білімді мейлінше меңгеріп, екеуін де қатар алып жүре алған адамның өзіне, отбасына ғана емес, еліне де берері көп болады. Ондай адам бұл дүниеде де толыққанды, өнегелі өмір сүруге мүмкіндік алып, ақыретте де қайғырмайтын болады. Бұл оның дүниеде де,  ақыретте де жақсылықта болып, екі дүниенің бақытына кенелтеді.

Жаратқан ие бәрімізге осындай бақытты нәсіп қылсын, ағайын!

ИСЕНОВ Нариман

 

 

Бөлісу: