25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мына жеті ағзаңды күнәлардан сақта

Мына жеті ағзаңды күнәлардан сақта

Ғибратнама
Жарнама

Ей, байқұс пенде! Барлық денеңді күнәдан сақта. Соның ішінде жеті ағзаңа ерекше көңіл бөл. Шынында тозақтың жеті есігі бар. Әр есіктен кіретін топ болады. Олар осы жеті ағзаны қолдана отырып Аллаға қарсы келгендер. Ол жеті ағзалар төмендегідей:

1. Көз. Адамның көзі қараңғыда тура жолды тапсын, адаспасын деп, қажет дүниелеріне оңай қол жеткізсін деп және жер мен көктердегі ғажайыптарды тамашалап, ондағы Алланың белгілерінен ғибрат алсын деп жаратылған. Ендеше оны төрт әбестіктен сақта:

  • Бөтен әйелге қараудан,
  • Көз тартар бейнеге шахуатпен, нәпсінің құмарлығымен қараудан,
  • Мұсылманға менсінбей қараудан,
  • Немесе бір мұсылманның айыбын іздестіруден.

2. Құлақ. Құлақты - дінге қайшы нәрселерді, ғайбатты, арсыздықты, жалғанды және адамдардың әңгіме қылған күнә істерін тыңдаудан сақта. Құлақ саған Алланың кәләмін, Пайғамбардың сөзін және әулиелердің даналықтарын тыңдасын деп берілген, және де әлемдердің Раббысына жетелер ілім-білімдерді естіп, пайдалансын деп жаратылған. Ал егер онымен оғаш істерді тыңдайтын болсаң, ол саған зиян әкелер ағзаға айналады. Сонда сенің пайдаң үшін жаратылған ағза, сенің құрдымға кетуіңе себеп болмақ. Күнә тек сөйлеушіге болады, тыңдаушыға болмайды деп ойлама. Риуаяттарда айтылғандай: «Тыңдаушы сөйлеушінің ортақтасы».

3. Тіл. Тіл Алла Тағаланы көп зікір етсін, Құран оқысын, Алланың пенделерін Оның жолына шақырсын және көкейіндегі діни әрі дүниелік қажеттіліктерін жеткізе алсын деп жаратылған. Егер оны негізгі жаратылған мақсатына қайшы жерде қолдансаң, Алла Тағаланың саған берген нығметіне нәнкөрлік қылған боласың... Тіліңді мына сегіз нәрседен сақта:

  • Өтірік.
  • Уәдеңде ант ішу (немесе босқа уәде ету).
  • Ғайбат айту.
  • Біреудің сөзінен қате іздеу, адамдармен тартысу.
  • Өзіңді ақтап отыру (өзіңді мақтап отыру).
  • Қарғыс айту (немесе боғауыз).
  • Теріс бата беру. Біреуге жамандық тілеу.
  • Адамдарды келеке-мазақ қылу.

4. Қарын. Харам ас пен күмәнді асты жеуден сақтан. Адал нәпақа табуға талаптаң. Адал азықтың өзін тоймай же. Өйткені тым тойып жеу жүректі қатайтып, ақыл-ойды бұзады, жаттау қабілетті төмендетеді, ағзаларды ауырлатып, ғибадат пен ілім оқуды қиындатады, нәпсани құмарлықты күшейтіп, шайтанның әскерлеріне жәрдем етеді. Енді, халалдың өзін тым тойып жеу зиян болса, харам жеудің зиянын ойлай бергін.

5. Әурет. Зина сияқты Алла Тағала харам еткен барлық істерден сақтану қажет. Құран Кәрімде айтылғандай: «Олар сондай, әурет жерлерін қорғаушы. Бірақ жұбайлары немесе қолдарындағы күңдері болса, оларға сөгіс жоқ». («Мүминун» сүресі, 5,6).

6. Екі қол. Екі қолыңды мұсылманға көтеруден сақтан. Сондай-ақ, ол екеуін - арам дүниені алудан, Құдайдың жаратылыстарының біріне забір көрсетуден, аманатқа қиянат етуден және айтуға болмайтың нәрселерді жазудан сақта. Шынында қалам – қос тілдің бірі. Сондықтан да, тілді сақтау керек нәрселерден қаламды да сақтау керек.

7. Екі аяқ. Залым, әділетсіз патшаның есігіне барудан екі аяқты сақта. Мәжбүр болмайынша әділетсіз патшалардың үйіне қарай жүру үлкен күнә. Бұл – оларға деген кішіпейілділік көрсету, әрі жасаған жауыздықтарына қошемет білдіргендік болмақ. Алла Тағала залымдардан ұзақ жүру жөнінде былай деп бұйырған: «Сондай зұлымдық істегендерге бейім сыңай байқатпаңдар. Онда сендерге тозақ кездеседі. Сендерге Алладан басқа дос болмайды, сонсоң көмек те көрмейсіңдер!» («Һүд» сүресі, 113). Егер оларға деген қошамет олардан бір дүние күту мақсатында болса, бұл харам жолында жүру болып саналады.

Қорыта айтқанда, сенің ағзаларыңның керек кезде қимылдап, керек емес кезде қимылсыз күйде болуы Алла Тағаланың саған сыйлаған нығметтерінің бірі. Сондықтан да, дене мүшелеріңді Аллаға қарсы келер істерде істетпе. Оларды Алла Тағалаға итағат ету ісінде қолдан...

материал «Ихия: Аллаға ғашықтық» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: