25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Патшаны тақуа еткен күң әйел (ғибратты оқиға)

Патшаны тақуа еткен күң әйел (ғибратты оқиға)

Ғибратнама
Жарнама

Ертеде байлығы тасқан, өркөкірек бір патша өмір сүріпті. Сол кездегі дәстүр бойынша патшаның төсегін күнде бір күң келіп салуы тиіс екен.

Бір жолы жас күңдердің бірі әлгі патшаның төсегін салып, мамық төсек пен құс жастықтарды әдемілеп жайып, жан-жағын барынша сәндеп біттім-ау дегенде, аяқ асты әлгі күңге «апыр-ай, мұндай мамық төсекке бір жатып көру де бақыт шығар. Сәл көз шырымын алып, ләззатын байқап көрсем қайтер екен?» деген ой келеді. Ақыры сол әуестігін жеңе алмай, «патша келе жатқанда атып тұрармын» деп құс жастықты жастанып, төсекке сәл қисаяды. Сөйтіп жатқанда, қатты ұйықтап кетеді. 

Бір уақытта жатын бөлмеге патша кіріп келеді. Патша төсегінде күңнің ұйықтап жатқанын көріп қатты ашуланады. «Бұған қалай батылың барып жүр?!» – деп әлгі күңді ұрып-соға бастайды. Бір қызығы, таяқтың астында қалып жатса да, күң сықылықтап күліп, өз-өзін тыя алмайды. Бұған таңырқаған патша: «Неменеңе жетісіп күлесің?» – дейді. Сонда күң: «Алдияр тақсыр, мен төсегіңізге бір рет жатып көрейінші деп сонша таяқ жеп жатырмын, ал сіз бұл мамық төсекте күнде ұйықтайсыз. Алда-жалда Алла Тағала да сізді жауапқа тарта қалса, қайтер екенсіз?.. Сірә, таяқ жеудің көкесі сонда болады-ау» деген ой келді маған. Соған күлдім», – деп жауап береді. Патша Ибраһим ибн Әдхам бұл сөзге көп ойланады. Ақыр соңында сән-салтанаттан өз еркімен бас тартып, тақуалыққа бет бұрған екен.

...Байлығы асып-тасып, сән-салтанаты шет елдерге де танымал болып жүрген кейбір ауқатты қандастарымыздың құлақтарына алтын сырға болатын әрі ертеңгі күн – ақыретті еске салатын ғибраты мол насихат екен.

материал «Тағылым таразысы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: