25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ешбір жақсылық ескерусіз қалмайды ( ғибратты оқиға)

Ешбір жақсылық ескерусіз қалмайды ( ғибратты оқиға)

Ғибратнама
Жарнама

Бұл оқиға Иракта болған. Мұсылман әйел күйеуінен айырылып, үш баласымен қалып қояды. Отбасын асырамаққа қаншама рет жұмыс іздеп аяғынан таусылса да нәтиже шықпайды. Материалдық жағдайы күннен-күнге нашарлайды. Ақыры шиеттей ұл-қыздарының аштықтан бұратылғанына шыдамай, көмек сұрап көше жағалауға бел буды.

Бірнеше квартал жүріп, бір дүкеннің жанында жолаушыны түсіріп жатқан таксишіні көрді. «Жолаушысы болса, демек, маған жәрдем беретіндей қаражаты бар шығар, барып сұрап көрейін», – деген оймен машинаға жақындады. Қанша күн нәр татпағаннан әлсіреп, сүйретіліп зорға жетті. Жүргізуші Хасанға (есімі өзгертіліп алынды) барып, көз жасын тыя алмай, сөздерін әзер құрап: «Алла үшін балаларымның тамағына көмек беріңізші. Жалғыз өзім ғана болсам, аштықтан өлуге дайын едім, бұлай басымды қор қылмас едім. Бірақ балаларымның көз жасына шыдай алмадым. Алла үшін қолыңыздан келгенше көмектесіңіз», – дейді. Бұл мезетте шайтан уақыт жоғалтпай Хасанның миына ойларын төгіп-төгіп жіберді: «Көмек сенің өзіңе керек, қайдағы бір тіленшілерді жарылқама. Бұларға бере берсең, санына жетпейсің. Одан да үйіңе қайт, әйелің де күтіп қалған болар».

Бақытқа орай, Хасан мұсылман еді. Әйелдің көзінен жүректен шыққан шынайы сөзі және жай әншейін емес, Алла үшін сұрауы шайтаннан келген ойларды серпіп жіберді. Оның үстіне әйел тіленшіге еш ұқсамады. Жүргізуші әмиянын ақтарып, қомақты ақшаны суырып жатқанда, қуанғаннан әйелдің көзінің қалай от шашқанын айтып түсіндіру мүмкін емес еді. Әйел қалай рақмет айтарын білмей дағдарып тұрғанда, машина орнынан дереу қозғалып, қараңғыға сіңіп кетті. Бейтаныс таксиші үшін Жаратушыға дұға етіп, рақым төгуін тіледі.

Бұл уақытта Хасан үйіне қарай келе жатқан. Әйелдің зарын тыңдап, көмектескенде, ол машинасының жұқарып кеткен доңғалақтарын ауыстырам деп жинаған ақшасын беріп жібергенін байқамаған еді. Әйелі де қайта-қайта ескертетін. Бүгінгі кеште де ұмытпады. Бұлай деуінің жөні бар, қанша дегенмен отбасын асырап жүрген жарын уайымдайды. Күн сайын қаншама көлік апаттары орын алып жатыр, оған қоса күйеуі таңнан кешке дейін көлік рулінде. Осылай бірнеше күн жалғасты, әрбір кеш сайын әйелінің ұрысын естіп, жанжалға апармауға тырысты. Жинаған ақшасын қайда құртқанын да айта алмады. Ақыры соңында шыдамай, әйеліне бір шебермен келіскенін, уақыты болғанда көлігін апарып жөндететінін айта салды.

Бір күні кешке үйіне оралғанда әйелі оған: «Шебер келіп кетті, мына мекен-жайға келсін, доңғалағын ауыстырып берем деп айтты», – дейді. Бұл сөзді естігендегі Хасанның қандай күйде болғанын елестете беріңіз. Қатты толқыса да жарына сыр білдірмей, алдын-ала уәделескен шебер екеніне сендірген кейіп көрсетті. Әйтсе де мекен-жай да, шебердің аты да оған таныс емес еді. Сол кеш оған жылдан да ұзақ боп көрінді, ал түнде таңқалғанынан көз іле алсашы. «Бұл кім болды екен? Маған доңғалақ ауыстыру керек екенін қайдан білді екен?» деген жауапсыз сұрақтар жегідей жеді.

Таң атар-атпастан асын ішіп үлгерместен, қағаздағы мекен-жайға тартты. Шеберханаға кіріп, өзін іздеген шеберді тапты. Ол бұны көріп: «Сен таксиші Хасансың ба?» – деп сұрады. Шебер жауап күтпестен, ұмтылып барып оны құшақтады да, көз жасын тыя алмай тұншыққан күйде: «Алла үшін айтшы, сен не жасадың? Қандай амал жасадың? Алла үшін айтшы, маған түнде түсіме осымен үшінші рет пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кіріп, сенің көлігіңді жөнде деп айтатындай, не нәрсе жасадың?» – деген сөздерді әрең-әрең айтты.

…Асылы, ешбір жақсылық ескерусіз қалмайды. Қасиетті Құранда: «Мысқалдай ізгі іс не жамандықтың қайтарымы бар» – дегендей, барша жаратылысқа, бір-бірімізге мейірімді болайық, сонда өзіміз де мейірімге бөленеміз.

материал «Мені өзгерткен рамазан» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: