Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Расулалла (с.а.с.) былай деді: «Күпірліктің басы күн шығыс жақта. Мақтаныш пен іштей бәлсіну ат, түйе, сиыр баққандар, шатырда отырғандардың арасында бар. Ал тыныштық (қарапайымдылық) қой баққандарда».
Бұхаридің басқа риуаятында былай делінген: «Расулалла (с.а.с.) айтты: «Иман Йемендік. Фитна мына тарапта, шайтанның мүйізі (көрінген) туған жерде».
Мүслимнің риуаятында былай делінген: «Иман Йемендік. Күпірлік шығыс беткейде. Тыныштық қой баққандардың жанында. Ал мақтаншақтық пен іштей бәлсіну Фаддадтардың, яғни ат бағып, шатырда тұрғандардың жанында».
ТҮСІНДІРМЕ:
1. Жоғарыдағы риуаяттың үшеуі де Әбу Һурайрадан жеткен. Негізінде, бұл риуаяттар бір хадис, тек мәтіндерге қарай аздаған өзгешеліктері бар. Бұл хадисті бұдан бұрын да жазып өткенбіз. Мұнда тек айтылуы керек болған бір-екі мәселеге тоқталамыз: «Күпірліктің басы шығыста» деген сөзінің астарында мәжусилер, яғни солар өмір сүрген ортадағы күпірліктің кең етек алғаны меңзелген. Өйткені сол кездерде мәжусилер және олардың артынан ергендер Мәдина қаласына барар жолды жағалаған еді. Әрі мәжусилердің мұрындарын көкке шүйіріп жүруінің бір себебі, арттарында орасан күш-қуатқа ие мемлекет, алып императорлық болған еді. Сондықтан ыстық құмды араб топырақтарында өмір сүрген көшпелі халықтарды адам құрлы көрмейтін. Алла елшісінің (с.а.с.) өздеріне жолдаған хатын жыртып лақтыруға себеп болған да осы артықшылықтары еді. Расулалла да олардың осы әрекеті үшін қолын жайып Аллаға дұға қылған. Ақыр-аяғы жер бетіндегі екінші қуатты мемлекет саналған Сасани императорлығы әзірет Омардың (р.а.) тұсында жермен-жексен болды.
2. Хадистегі «фахр» сөзі адамның өзін өзгеден артық көріп, мақтанып, айналасындағыларды өзінен кем санаған адамның халіне айтылатын сөз. Мәтіннің аудармасында осы сөздің баламасын жаздық. Ал «фаддад» – сөздің көпше түрі, бірнеше мағынаны білдіретін «фадд» түбірінен шығады:
1) Егіншілікте жер жыртуға пайдаланылған өгіз.
2) Егіншілікте қолданылған құралдың атауы.
3) Егіншілікте пайналанылған түйе, сиыр, ат сияқты (даусы қатты шығатын) жануарлар. «Фәдид» сөзі «қатты шыққан дыбыс» деген мағына береді.
4) Шөлді аймақта өмір сүрген адамдар. Өйткені шөл деген мағынаны беретін «фәдтәд» түбірінен келуі мүмкін деген болжамдар да бар. Алайда Ибн Хажар бұл мағынаның мәтіндегі мағынамен үйлеспейтінін айтқан.
5) Екі жүз бен мың аралығында түйесі бар адам.
6) Бұхаридің басқа риуаятында «Қиындық пен жүректің қаттылығы түйе құйрықтарының түбінде, (қатты айғайлағандар)» делінген. Мұнда «фаддад» сөзін «жоғарғы немесе жуан дауыс шығарғандар» деп мағыналандырғанда хадис әлдеқайда түсінікті болады. Басқа риуаяттарда бұл сөздің қандай мағынада қолданылғанына сілтеме берілген.
Хаттаби айтады: «Шөлді мекенде өмір сүргендердің қор саналуы, шөл дала табиғатының адам баласы үшін қолайсыздығы, адамдардың құлшылыққа уақыт таба алмауы. Күйбең тіршіліктен бас ала алмай, руханиятқа көңіл бөле алмауы».
3. «Әһл-уәбар» – шатырда өмір сүретіндер. Өйткені «уәбар» – түйе жүні деген сөз. Арабтар шөлде, жазық далада, тауда көшпелі өмір сүретіндерге «әһл-уәбар» деген. Ал бір жерде, бір қалада тұрғылықты өмір сүргендерге «әһл-мадар», – дейді.
4. «Тыныштық» деп аударма жасаған «сәкинә» (яғни итминан) сөзі салмақтылық, қарапайымдылық деген мағыналарға саяды. Бұл сөз қой баққан адамдарға қаратылып айтылған. Себебі олар түйе бағып бай-бақуатты болған адамдардай емес, керісінше, байлығы шамалы ғана, өздері қарапайым, қойдай жуас, момындығы үшін солай аталған. Әрі адамның дүние-мүлкі көбейіп, байлығы артқан сайын, өзін үнемі бақылауда ұстап нәпсісін тәрбиелемесе, бойында тәкаппарлық, менмендік, өзін өзгелерден жоғары санау сынды пендешілік қасиеттері оянып, иманнан алыстауы бек мүмкін. Міне, сондықтан Алла елшісі (с.а.с.) үмбетіне дүниенің қалай әсер ететінен әдемі мысалмен жеткізген.
Кейбір түсіндірмелерде Алла елшісінің «қой баққандар» деп Йемендіктерді меңзеп кеткені жазылған. Өйткені олар Мудар және Рабия тайпаларына ұқсамай, қой бағуды негізгі кәсіп еткен. Ал Мудар мен Рабия тайпаларының негізгі кәсібінің бірі – түйе бағу. Ибн Мәжаның бір риуаятында Алла елшісі (с.а.с.) Үммі Ханияға «Қой бағыңдар, өйткені онда берекет бар!» деп кеңес еткен.
5. Екінші риуаятта айтылған «шайтанның мүйізі» тіркесіне келетін болсақ, Хаттаби мұны ұнамсыз, жаман нәрселердің шайтан мүйізіне ұқсатылатынын айтқан. Әрі фитна атаулы шайтанның мүйізі көрінген жерде болатыны, әрі жамандық пен бүліктің, бұзғыншылық пен күпірліктің де сондай мекендерде көрініс табатыны айтылған.
«Қарнуш-шайтан» тіркесінің «шайтанның үмбеті», «шайтанның айдауымен жүргендер», «шайтанның күш-қуаты» деген мағыналарды білдіретіні дереккөздерде жазылған. Жалпы осы сөз арқылы хадистен адам табиғатына жат қасиеттердің меңзелгенін аңғаруға болады.
материал «Сүннет энциклопендиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz