25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Исламда қол сүю бидғат па?

Исламда қол сүю бидғат па?

Ақида
Жарнама

Асыл дінімізде құрмет көрсетудің бір түрі – қол сүю. Исламда пайғамбардың, ғұламалардың, ұстаздарының, салих, әділ мұсылмандардың, ата-ананың қолын сүю  – құрметтің белгісі ретінде қабылданады.

Дегенмен, кейбіреулердің: «Қол сүю – ширк» дегенін естіген боларсыз. «Қолды сүю - адасушылық» немесе «олар Пайғамбардың қолын сүймеген» деген нәрселер айтады.

Төмендегі хадистерден жалпы қол сүйіп, құрметтеуге  байланысты  пайғамбарымыздың (с.ғ.с) рұқсатын және кейбір сахабалардың бір-бірінің қолын сүю арқылы құрмет көрсеткенін байқаймыз.

Зәйд  ибн  Сәбит  пен  Пайғамбарымыздың  (с.ғ.с) туысы Ибн Аббас арасында болған мына бір оқиғаны Аммар ибн Әби Аммар риуаят етті.

Бір күні Зәйд ибн Сәбит көлігіне мінейін деп жатқан кезде Ибн Аббас үзеңгісінен ұстап (мінгізуге көмектескісі келді). Зәйд ибн Сәбит болса оған: «Әрірек тұр! Уа, Алла елшісінің (с.ғ.с) немере ағасының баласы», - деп (кішіпейілділік танытты). Ибн Аббас болса, оған: «Бізге үлкендеріміз бен  ғұламаларымызға  осылай  құрмет  көрсетуге бұйырылдық», – деп жауап қайырды. Зәйд ибн Сәбит оған: «Қане, қолыңды көрсетші», – деді. Ибн Аббас қолын көрсетіп еді, Зәйд ибн Сәбит дереу оның қолын сүйіп алды да: «Біз де пайғамбарымыздың туысқандарына осылай істеуге әмір етілдік», - деді.

Бұған қоса «Кәнзул-уммал» атты хадис кітабында мына бір риуаятты көреміз. Екі  яһуди  келіп  пайғамбарымыздан  тоғыз  ашық мұғжиза жайлы сұрайды. Пайғамбарымыз сұрақтарына жауап бергеннен кейін екі яһуди  пайғамбарымыздың қолы  мен  аяғын  сүйіп,  пайғамбар  екендігіне  куәлік келтіреді.  Бұл  риуаят  Сафуан  ибн  Ассалдан  риуаят етілді. (хадистің  дәрежесі «хасан сахих»). Егер қол сүйіп құрмет көрсету харам болғанда пайғамбарымыз қолын сүйдірмес еді. Имам ән-Нәуауий былай деді: «Кісінің қолын абыройы, тақуалығы, ғылымы секілді діни істері үшін сүю мәкрүһ емес, тіпті мұстахаб амалға жатады. Ал егер байлығы, мықтылығы яки дүниелік мансабы үшін бол-са, онда қауіпті  мәкрүһ амалға жатады».

Демек, қол сүю арқылы құрмет көрсетуде кісінің ішкі  ниеті  өте  маңызды.  Сүйгізуші  мен  сүюшінің ниеттері бұл мәселенің үкіміне тікелей әсер етеді. Яғни, кісіні дүниелік мақсаттар үшін, яки оның мансабы мен байлығы үшін сүю дұрыс емес. Ал қолы сүйілетін кісі өзгелерден  әрдайым  өзінің  қолының  сүйілуін  іштей күтсе, тәкаппарланып паңданатын болса, ол да дұрыс емес.

Қорыта айтатын болсақ қол  сүйіп  құрметтеуге  байланысты  осы  нәзік қағидалар  сақталған  жағдайда  қол  сүйіп,  құрметтеуге шариғатымыз рұқсат етеді.

Алтынбек Аманжолов,

«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің азаншысы

Бөлісу: