25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мәзһабсыздық – дінсіздікке апаратын көпір

Мәзһабсыздық – дінсіздікке апаратын көпір

Ақида
Жарнама

Қандай да бір көзқарасқа немесе принципке ие болса да саясат адамдарынан шынайы ықыласты бір пікірі, алға қойған мақсаты жоқ болғанын көре алмайсыз.

Мұнымен қатар әр топқа «мен сіздерденмін» деп адамдарды алдауға тырысқан саясатшылар да тіпті осы үлгідегі саясатшылар секілді.
Бір жағынан кездескен әр мәзһабқа солармен бірге екендігін білдірген бейнеде болса, екінші жағынан ешқандай мәзһабта болмаса да әр топқа «мен сіздерденмін» деп айту қандай жаман қасиет!

Ислам дінінде мәзһабсыздықты кәсіп етіп, әр мәзһабқа бір кіріп жүргендердің жағдайы болса бәрінен де ең жаманы.

Қағидалары бір-біріне ұқсамаған, тіпті тек бір ғылым саласының өзінде де әртүрлі көзқарастарға ие қаншама ғалымдар бар. Белгілі философия докторларына сүйенусіз философиядан сөз қозғаған адам философиямен емес, құр мылжыңдаумен қызықтыруы мүмкін. Түрлі ғылым салаларымен, тіпті Араб тілі ғылымдарымен шұғылданушылардың да өздеріне тән ұстанымдары мен көзқарастары бар. Олармен таныспастан ғылым жолына түсу мүмкін емес. Әрі білімнің таза бұлағынан сусындауды қалағандар бұған шынайылықпен кіріскендерді ақылсыздықпен және надандықпен айыптай алмайды.

Исламның сонау алғашқы кезеңінен осы күнімізге дейін келген, ғасырлар бойы ғалымдарымыздың аса мән беріп, терең зарттеулер жүргізген Ислам фиқһы секілді өзге ғылым саласы болмаған.

Хазіретті Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Исламның алғашқы кезеңдерінде сахабаларына діни мәселелерде мағлұматтар беріп, үкім шығару жолдарын үйреткен. Тіпті, Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде-ақ алты кісі пәтуа бере алатындай дәрежеге жеткен болатын.

Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін де өзге сахабалар осы кісілерден білім алуды жалғастырған. Бұл кісілердің сахабалар мен табиғиндар арасында пәтуа мәселесінде беделге ие болған шәкірттері де бар еді. Уахидың бесігі болған Мәдина Әділетті Халифалардың үшінші кезеңінің соңғы жылдарына дейін сахабалардың шоғырланған орталығы болатын. Мәдиналық табиғиндар сахабалардың жеткізген, бірақ та шашыраңқы халде болған көптеген хадистерді және фиқһи мағлұматтарды бір араға жинаған. Ұлық сахабалардың бірі Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын) табиғинның ұлықтарының бірі Са’ид әл-Мусайябты қадір тұтып, одан әкесінің берген пәтуаларына байланысты сұрақтар сұрайтын еді.

Кейін бұл кісілердің білімдері Имам Маликтің Мәдиналық ұстаздарына өткен. Имам Маликте бұл білімдерді жинақтап, реттестірген және көпшілікке таратқан.

Осылайша алдыңғылардан кейінгілерге жеткізілген, кейінгілерден алдыңғыларға сүйендірілген мәзһаб иснады (тізбек) пайда болды. Алдыңғы ғұламалар да өздеріне ұсынылған дәлелдердің қуаттылығына, соңына түскен жолының тура екендігіне сенгендіктен қадір тұтқан ғалымдарына ғасырлар бойы ілесіп отырған.

Соңынан ерілген өзге мүжтәһидтер де осындай... Міне, сізге Омардың (Алла оған разы болсын) құрған және тілдері анық араб тайпаларын айналасына орналастырған Куфа шаһары. Омар (Алла оған разы болсын) бұл шаһардың халқына Алланың діні жайында үйретуі үшін Абдулла ибн Мәсғудты (Алла оған разы болсын) жіберіп, оларға «Сіздерді ұнатқандықтан Абдулланы таңдап жібердім» деген.

Абдулла ибн Мәсғудтың өзге сахабалар арасында білім деңгейі тұрғысынан орны ерекше болатын. Омар (Алла оған разы болсын) ол туралы «Біліммен толтырылған» деген. Сондай-ақ, бұл сахаба жайында бірнеше хадистер бар. Солардың бірі «Ибн Умму Абдтың (яғни, Абдулла ибн Мәсғуд) үмбетім үшін ұнатқанын мен де ұнатамын», «Құран Кәрімді көктен түсірілгеніндей халде оқығысы келгендер оны Ибн Умму Абд секілді оқысын».

Асым Абдулла Ибн Мәсғудтың бұл қырағатын Зәр ибн Хубәйштен, ол Ибн Мәсғудтың өзінен риуаят еткен. Асым сол секілді Али ибн Әбу Талибтың да қырағатын Әбу Абдуррахман Абдулла ибн Хабиб әс-Сүләмиден, ол Хазіретті Алидың өзінен риуаят еткен.

Ибн Мәсғуд (Алла оған разы болсын) Хазіретті Омар (Алла оған разы болсын) халифалығынан Хазіретті Осман халифалығына дейін Куфалықтарға білім үйреткені соншалықты, Куфа шаһары фақиһтарға толады. Хазіретті Али ибн Абу Талиб Куфаға келіп фиқһшыларға толғанын көргенде қатты сүйсініп: «Ибн Умму Абдтен Алла разы болсын! Ол бұл шаһарды біліммен толтырды» дейді.

Куфа шаһарын Хазіретті Али (Алла оған разы болсын) халифалық орталығына айналдырғаннан соң және білімге, фиқһи құдіретке ие сахабаларды осында орналастырғаннан кейін, бұл шаһар өзге Ислам шаһарларының арасында теңдессіз қалаға айналған болатын.
Әл-Ижлидің айтуынша Куфада тұрып, кейін білімнің жайылуы үшін бұл жерден Ирактың басқа қалаларына көшіп кеткен сахабаларды есептемегенде тек Куфа шаһарының өзінде кем дегенде бір жарым мың сахаба болған. Хазіретті Али мен Ибн Мәсғудтың беделді шәкірттері де осы жердің тұрғындарына айналған еді.

Мұндай кісілердің барлығының есімдерін бұл жерде айтып жеткізу мүмкін емес.
Алайда мынаны айта кеткен жөн, Ибраһим бин Язид ән-Нәһәй бұл кісілердің шашыраңқы халдегі білімдерін бір жерге жинақтаған. Ол кісінің көзқарастары Әбу Юсуфтың, Мұхаммед ибн Әл-Хасанның, Ибн Әбу Шәйба мен өзге де ғалымдардың еңбектерінде жазылған. Кейінгі сыншы ғалымдар бұл кісінің мүрсәлін «сахих» деп қабыл еткен. Әш-Шә’би Абдулла бин Омар (Алла оған разы болсын) жайында «Мен Хазіретті Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сөздерін өз аузынан онымен бірге қаншалықты естіген болсам да, бұл сөздер оның жадында меніңкіне қарағанда көбірек сақталған» деп, оны шаһардағы өзге ғұламалардан артық

санайтын еді. Әнәс ибн Сирин «Куфаға барғанымда ол жерде хадис білімімен айналысқан төрт мың кісіні көрдім. Олардың ішінде төрт жүз кісі де фиқһ білімін қоса алған екен» деген. Сондай-ақ, Рамаһурмузи де «әл-Фасыл» атты кітабында осылай деп жазған.

Имам Тахауи мен өзге де ғалымдардың айтқаны секілді Әбу Ханифа білімдерін фиқһ, хадис, Құран және араб тілі білімдерімен терең сусындаған шәкірттерінің арасынан қырық кісіден құралған фақиһтер мәжілісінде мәселелерді ең таңдаулы ғалымдармен талқыға салғаннан кейін барып жинақтап, ретке келтірген. (Хатиб әл-Бағдади Ибн Қарамадан жеткізуі бойынша «Тарихул-Бағдади» атты кітабында (14-247) былай дейді: «Біз бір күні Уақи’тың жанында едік. Адамдардың бірі оған Әбу Ханифаның қателескенін айтты. Уақи’ болса: «Қияста Әбу Юсуф пен Зуфәр,хадис жаттауда Ибн Әбу Зәйдә, Хафз ибн Ғияс, Хиббан және Мәндәл, араб тілінде Қасым ибн Маан, зуһд пен тақуалықта Дауд-и Таи және Фудайл секілді кісілер жанында жүргенде Әбу Ханифа қалайша қателеседі? Мәжілісінде және айналасында мұндай кісілер бар кезде бір кісінің қателік жасауы мүмкін емес.

Өйткені, қателік жасайтын боса бұл кісілер оның пәтуасын кері қайтарар еді» —дейді.). Ханафи мәзһабында болмаса да Мұхаммад ибн Исхақ ән-Нәдим Имам Ағзам жайында:
«Құрлықта және теңізде, шығыста және батыста, алыста және жақында ілім атында не бар болса барлығын да ол жинақтаған» - деп айтқан.
Ол туралы имам Шафиғи «Фиқһты Әбу Ханифадан жақсырақ білетін ешкім шықпады» деген. Кейін фиқһ оның шәкірттерінің, олардан білім алған шәкірттерінің шәкірттерінің қолдарымен пісіп жетілген. Алла барлығынан разы болсын.
Кейін Имам Шафиғи келді. Ол екі бұлақтың суын бірлестірген ғалым. Сондай-ақ, Меккелік ұстаздардың бірі Муслим ибн Халид білімді Ибн Сурәйждан, ол Ата ибн Әби Рабахтан, ол Ибн Аббастан (Алла олардан разы болсын) алып, жинақтаған.
Шафиғидің шәкірттерінің шәкірттері шығыс пен батысқа тарап, ілімдері мен көрегендіктері арқылы жер бетін нұрландырды. Оның және шәкірттерінің білімдері мен көрегендіктерінің арқасында Мысыр халқы білімнің жоғарғы дәрежесіне қол жеткізді. Өмірінің соңғы жылдарында имам Шафиғи Мысырға жайғасып, жаңа мәзһабын сол жерге жайған.

Бұл кісілердің барлығы да фиқһи мәселелердің үште екісінде бір ауыздан құптаған.
Қалған бірі келісе алмаған нәрселері болып, бұл туралы келтірген дәлелдері фиқһшылардың кітаптарында көрсетілген.
Міне, мәзһабтар осындай бекем іргетастың үстінде қаланған....

Кейінгі кездері көсемдікке құштар болған біреу пайда болып, әлгіндей мәшһүр мүжтәһидтердің ижтиһадтарының орнына өзінің ижтиһадын қойып, адамдарды мәзһабтан бет бұруға шақырады. Сонымен қатар мәзһабтар мен мәзһабпен жүрушілерді әбігерге салудан әрі құр көрсетушілік болған ақылсыздықтан басқа ешқандай негізге сүйенбеген өзінің имамдығын (мүжтәһидтігін) мәзһабсыздықтың үстіне құруға әрекет етеді. Егер, сіз осындай бір адамға ұшыраса қалсаңыз не дер едіңіз?... Мұндай адамды әлбетте «есі ауысқан адам» дер едіңіз. Мұндай адамның «жындылардың ақылдыларынан ба, әлде ақылдылардың жындыларынан ба» кімнен болғанын түсіне алмайсыз.
Біршама уақыттан бері кейбіреулерден осыған ұқсас шақыруларды ести бастадық.

Бұлар өз ақылдарымен мүжтәһид имамдардың ижтиһадтарын жоюға әрекеттеніп, шариғи мәселелерде (шамалары келмесе де) ижтиһад етуге құмартуда. Олардың бұл әрекеттеріне құлақ асудан бұрын, меніңше, алдымен оларды ақылдарында бір ақау болып-болмағандығы жөнінен дәрігерге тексерту қажет. Олардың бастарында ақылдың бар екендігі расталғаннан кейін, бұлардың Ислам үмметін дін мен дүние істерінде жік-жікке бөлуге әрекет еткен мақсаттардың соңынан жүгіргендіктерін байқауға болады. Сондай-ақ, Исламның күні туғаннан бері жүздеген жылдар бойы жалғасын тауып келе жатқан мұсылмандардың бауырмашылдығын бұзуға, бір-бірімен керісуге, қырылысуға итермелейтін алауыздық нәтижелерді күткені және мұның діннің дұшпандарынан болғандығы анық белгілі болады.

Ақыл-есі бүтін бір мұсылман мұндай үгіттерге әсте иланбайды. Иә, ақылды мұсылман табиғин дәуірінен бері бұл діннің негізгі қағидалары мен шариғатын Пайғамбарымыздан (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) алғаны секілді сол қалпы сақтаған мүжтәһид имамдардан алыстауға шақырған бір үгіт естігенде бұл дауыстың шыққан жерін іздеуі керек. Сондай-ақ, фитна (бүлік) шығарушының ұясына барлау жүргізуі керек. Ислами білімдерді ақиқат көзімен оқыған шынайы бір мұсылманнан мұндай сөздер шықпайды. Мұндай сөздер Ислами білімдерді шала-шарпы әрі жан- жақты емес тек тақырыптар халінде оқып және өз мүдделеріне қызмет ете алатындай ғана үйреніп, Ислам ғалымдарының арасына жасырынған жасанды мұсылманның аузынан шығуы мүмкін. Ақыл-есі бүтін мұсылман өз болмысындағы қырағылық нұрымен қарастырғанында, мұндай үгіттердің шыққан жерінде мұсылмандардың қайғысын ойламайтындардың тұрғанын сезер еді. Мұнымен қатар олардың мұсылмандардың қайғы-дертіне мән бермейтін жандар екендігін де байқауға болады.

Нуриддин әш-Шәһидтің шәкірттерінің бірі Әбул-Ала Саид ибн Ахмәд ибн Әбу Бәкир әр-Рази «әл-Жәми’ъу бәйнәт-тақуа уәл-фәтуа мин мүһиммәтид-дин уәд-дуния» атты кітабының фиқһқа қатысты бөлімінде, әсіресе төрт мәзһаб имамының сөздерінің арасында пәтуа мен тақуалықты қажет ететін нәрселеріне тоқталып өткен. Ол жерде қандай да бір нәпсілік сезімге бой алдырмастан теқ тақуалықтың болу керектігін айтқан.

Бірақ, Мұғтазиланың көзқарасы бойынша мүжтәһид дәрежесіне жетпегендерге мүжтәһидтердің көзқарастарының арасынан ұнатқандарын таңдауға жауаз (рұқсат) беріледі. Негізінен мүжтәһид дәрежесіне жетпегендер ең болмағанда мүжтәһидтердің ішінен ең тақуасы дегенін таңдап, сол мүжтәһидтің берген әртүрлі пәтуаларынан тек «жайыз» дегендеріне жабыспастан ілесулері тиіс еді. Мүжтәһид имамдардың сөздерінен рұқсатқа сай болғанын, яғни тек жайыз дегендерін таңдап алуы болса — құр ой-қиялына, нәпсісіне еруден басқа дәнеңе де емес. Бұған кім рұқсат берсе де дінде мұның ешқандай да орны жоқ.

Иә, барлық мәселеде мүжтәһидтердің тек қана біреуіне ілескен адам ол мүжтәһид қателескен болса да, болмаса да әлгі ілесуші жауапкершіліктен құтылған болады.

Өзге мүжтәһидтерге ілескендердің де үкімі осындай. Өйткені, бір мүжтәһидтің берген пәтуасы дұрыс болып шықса екі сауап, қате болса бір сауап беріледі. Бұған байланысты көптеген хадистер бар. Ислам келгелі бері бұл үммет мүжтәһид қателессе де соған ергендердің (муқаллидтің) жауапкершіліктен құтылатындығын бір ауыздан қабыл еткен. Егер мүжтәһидтің қателігі себебінен муқаллид жауапкершіліктен құтылмайтын болғанда, қателік жасаған мүжтәһидке бір сауап берілмес еді.

Алайда (адамдарды) бір мәзһабқа байланып қалмауға шақырушылар мүжтәһид имамдардың мұсылмандардың ағымдарға бөлінулеріне себеп болғандығын, Ислам дінінде ижтиһад еткендердің барлығының қателесуі әбден мүмкін екендігін, осы күнге дейін өткен мүжтәһидтердің жіберген қателіктерін дұрыстайтындығын айтса, онда бұл бос сандырақ.

Келе-келе осындай үгіт жасаушылардың аузынан ахад хабарларға сүйенген сахих хадистерді, сол секілді ижма мен қиясты және мүжтәһидтердің жанында сенімді болған кітаптарды көзге ілмеушілік танытқан кейбір сандырақтарды ести бастадық.
Міне, ұстаным етілген мұндай шайтани жол Ислам дұшпандарының айласы мен тұзағынан өзге нәрсе ме?

Бұлар ижманы тәрк етуі арқылы ақиқат жолындағы мәзһабтардың көзқарастарын қабыл етпеген және Харижилер мен Рафизилердің көзқарастарын құптаған болады.

Ал қиястан бет бұрулары арқылы болса, белгілі болған әрі дағдыланған иллет жолдарын және ижтиһад есігін өздері жабық етумен қиясты тәрк еткен Харижи, Рафизи Заһирилердің жолын таңдаған болды.

Мұндай қорлық пен опасыздыққа қарсы үнсіз қалу Мәлик Заһир Байбарыс пен қадірлі әмірлердің заманынан бері іргетасы тақуалық үстіне құйылған, сүннет жолын ұстанған әл-Әзһарға әсте жараспайды. Тіпті, бұл адамдар тарапынан жаңадан құрылып, Әһли суннеттің қорғанысы халіне келтірілген Әзһарды өзге мұсылман сұлтандар қорғап, сақтаған. Осылайша бұл мекеменің осы күнге дейін жалғасуын қадағалаған. Бұл мекеменің есіктері төрт имамның сыртындағыларға әлі де жабық. Осындай асыл мақсаттың жүзеге асырылуында бұл мекеме үшін қаншалықты хайырлы жұмыстар жасалды.
Марқұм Бірінші Мәлік Фуад Әзһарды осы іргетастың үстінде тұрғызу үшін бар күш-жігерін жұмсады. Алайда Ислам негіздеріне байланысы бар тәуелді үкімет те осындай асыл мақсаттың жүзеге асуы үшін қолынан келген жәрдемі мен жақсылығын әлі күнге қимауда.

Сөз соңында айтарым, әлгі қырсық үгітшілердің халдеріне назар салып қарағанда бұлардың әдеттен тыс және беймәлім бірнеше істің соңынан жүгіргендерін, атаққұмарлықтары өздерін көрсоқыр еткендігін көруге болады. Тіпті, бұлардың бейшара шығыстықтарды езгіге алғандармен жан- бауыр болғандығын да көре аласыз.

Бұл қырсық үгіт тек қана дінсіздікке қарай салынған көпір болып, мұндай бір үгіттің жаулап алған өлкелері күпірліктің ми батпағына батып құрыған. Мүмин саусағын бір тесікке екі рет қыстыртпайды. Сондай ақылды адам, өзгелердің басына келген апаттардан сабақ алады.
Ақиқатты Алла айтады, ақиқат жолды көрсетуші де Алла.

материал «Мәзһабсыздық – ең қауіпті бидағат» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: