25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мәзһабтардың құрылуының алғы шарттары

Мәзһабтардың құрылуының алғы шарттары

Ақида
Жарнама

Сахабалардың алғашқы кезеңіндегі жағдайлар ғылыми-теориялық тұрғыда және тәрбиелік жолдарында жаңа кезеңге аяқ басты. Енді  сол жаңа кезеңге өтуге әсер еткен себептерге қысқаша тоқталайық.

Бірінші себеп: Исламның жайылу шеңберінің кеңеюі Өзге елдермен етене араласу өзара ынтымақтастық пен қолдауға құрылған мәдениеттің бой көтеруіне негіз болды. Халықтар арасында білім саласы мәдениғылыми тұрғыдан басты рөл ойнады. Аралас өмірдің нәтижесінде әлеуметтік және экономикалық салаларда әдет-ғұрып пен тәжірибелердің, яғни өмір сүру салтының жаңа тәрізі пайда болуы сөзсіз еді. Бір жағынан ғылыми тұрғыдан ғылым мәжілістерінде әр түрлі діни және әдеби тақырыптарда бір-біріне қайшы мәселелер бой көрсетті. Құрандағы муташабих және мағынасы ашық емес аяттар мен ғайыпқа байланысты мәселелердің қозғалуы, ғалымдардың бұл мәселелер төңірегінде ізденуін және арнайы әдебиеттерде еңбектерін жинақтауына алып келді. Риуаят бойынша әзіреті Омар (р.ғ.) бір күні өз-өзіне былай сұрақ қояды: «Пайғамбары бір болған Мұхаммед (с.а.у.) үмметі қалайша түсініспеушілікке барады?» Осы сұрақтың жауабын сұрау үшін Абдуллаһ бин Аббасқа хабар жолдап құзырына шақыртады да оған: «Бұл үмметтің Пайғамбары бір, құбыласы бір, кітабы бір бола тұра қалайша таласады?» – деп сұрайды. Абдуллаһ бин Аббас та былай деп жауап береді: «Әй мүминдердің әміршісі! Құран біздің кезімізде түсті. Біз оны оқыдық және түсіндік. Бірақ бізден кейін бір қауым келеді, олар Құран оқиды, бірақ не үшін түскендігін білмейтін болады. Осылайша түсініспеушілікке барады.”

Екінші себеп: Өзге дін өкілдерінің көптеп Исламға кіруі Яһудилер, Христиандар, Зәрдуштер, Брахмандар және тағы да басқалар бар еді. Бұлардың арасында бұрынғы діндерінде ғалым болғандары да жетерлік. Енді олар Исламға бұрылып, оның тағылымдары мен үкімдерін үйренуде өздерінің бұрынғы діндерімен салыстыра отырып ой елегінен өткізді. Бұл табиғи қажеттілік еді. Осы нәрсе сахабалар мен олардың арасында пікірталастардың пайда болуына итермеледі. Әрине, олардың арасында әлі де бұрынғы діндерінің шырмауынан шыға алмағандар да бар болатын. Олар реті келгенде өз пікірлерін Ислам бояуымен бояп ұсынуға тырысты. Осы қате пікірлер мен сенімдерден сақтандыру үшін олардың түсінетін, қолданатын әдістәсілдерін қолдана отырып жауап қайтару қажеттілігі туындады. Сахабалар бұлардың барлығынан бас тартып аталмыш топтардың теріс пікірлерін емін-еркін жаюына жол бере алмады. Бұрынғы шексіз тәсілім мен иман ләззатының рахатынан туындаған теориялық саладағы үнсіздіктен шығып, ғылыми қағидалар мен тіл қағидаларына және сана-түйсікті ақиқатқа жетелейтін логикалық дәлелдердің билігіне жүгінуге мәжбүр түрде көшті.

Үшінші себеп: Көрші мемлекеттердің тұрғындарының топ-тобымен дінге кіруі болды Бұл көптеген сахабалардың сол елдерге дін тағылымдарын үйретуі үшін таралуын қажет етті. Олар танымайтын қоғамда жат әдет-ғұрыптардың ішінде бұрын-соңды білмеген проблемалармен бетпе-бет келгенде әуелде қолданылмай келген және жабық тұрған ижтихад есігін ашып қолдануға мәжбүр болды. Олар Пайғамбарымыздан (с.а.у.) көріп, естігендерін барған жерлерінде түсіндіре бастады. Бұл сахабалардың Расулулланың (с.а.у.) әрбір айтқандарын естуі немесе істеген істерінің барлығын көруі мүмкін емес еді. Олар  барған жерлерінде дәлел көзіне айналды. Яғни жаңадан мұсылман болған немесе Ислам жайында айтарлықтай мағлұматы болмағандар олардан түрлі мәселелерде діннің үкімін сұрады. Сахабалар сұралған сұрақтардың жауабын әуелі Құраннан, сосын сүннеттен іздеді. Олардан таба алмағандарына өз ижтихадтарымен (Құран мен сүннетке қарап түйген ойларымен) үкім берді. Бұл сахабалар мұнымен қатар көптеген шәкірттер оқытты. Оларға табииндер деп атады. Сахабалар дәуірінен кейін табиин ғалымдары да мұсылмандарға пәтуа беріп, әрі олар да шәкірттер жетілдіре бастады. Олардың шәкірттеріне әтбау-т табиин деп атады. Әтбау-т табииндер де табииндердің жолын қуды. Сахабалардың, табиғиндердің және әтбау-т табиғиндердің берген пәтуаларының арасында бір-бірінен өзгеше үкімдер пайда болды. Мұсылмандар тек өздері тұрған аймақтарындағы өмір сүрген имамдардың пәтуасын біліп, сонымен амал жасайтын еді. Міне, осының салдарынан да фиқһ мәзһабтары туындады.

Әр түрлі елдерге таралып осы жолдың жайылуына себепші болған әйгілі сахабалар мыналар: әділетті төрт халифа және Абдуллаһ ибн Омар мен Айша анамыз (Алла Тағала олардан разы болсын) Мәдинада қалды. Абдуллаһ ибн Аббас Меккеде, Абдуллаһ ибн Масғуд Куфада, Әнас ибн Малик пен Әбу Муса әл-Әшғари Басрада, Убада ибн әс-Самит және Мұғаз ибн Жабал Шамда, Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас (Алла Тағала олардан разы болсын) Мысырда болды.

Төртінші себеп: Дін бұзарлардың жайылуы мен мұсылмандардың арасында сенім негіздеріне байланысты күмән тудыру үшін әр түрлі талас мәселелер мен күмәнді ойлар таратушылардың шығуы болды Бұл оқиғалар сахабалардың кезінде шектеулі болғанымен Ислам территориясы кеңеюімен бірге кең тарай бастады. Бұл тұрғыда да сахабалар мен ғұламалар тиісті жауабын беріп отырды. Айтыс пен пікірталастан шығар жол жоқ екенін көрді. Бүлікшілердің өздері қолданатын диалектикалық және логикалық әдістерді өздеріне қарсы қолданды. Бұл мәселе жайында хазіреті Әлидің (Алла одан разы болсын)  мынадай сөзі бар «Адамдардың білетін нәрселері арқылы сөйлесіңдер. Олардың қабылдай алмайтын нәрселерін қолданбаңдар. Әлде (оларға дұрыс түсіндірмей) Алланы және оның Пайғамбарын (с.а.у.) жалғанға шығаруын қалайсыңдар ма?!». Сахабалар мен табиғиндар тарихын зерттеген әрбір адам олардың діннің өркендету жолындағы осы секілді еңбектерін көптеп көре алады. Сондықтан бүгінгі діни ғылымдардың барлығының, соның ішінде фиқһи және түсіндіру себептері мәзһабтардың негізі сахабалар кезінде қалыптаса бастаған деп толық айта аламыз. Өйткені жаңа шыққан проблемалар жаңа шешім қабылдауды талап етеді. Олардан кейін аз ғана уақыт өткенде осыншалық дәрежеде тәсілдерін өзгертуге мәжбүр болса, ғасырлар өткеннен кейін, «сахабалардың кезінде неге мәзһаб болмады?» деп, сахабалар өмірінің сыртқы көрінісін аңсау ағаттық қана болар еді. Мәзһабтардың құрылымы жайлы тақырыпта мәзһабтың құрушыларының барлығы сахабалармен сабақтастықты үзбегендігін көреміз. Яғни мәзһаб – сахабалар кезінде басталған шариғи үкімдерді жүйелеу процесінің толыққан формасы ғана.

материал «Мәзһаб туралы таным» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: