25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Адамзат Алла Тағалаға неліктен ғибадат жасайды?

Адамзат Алла Тағалаға неліктен ғибадат жасайды?

Ақида
Жарнама

Дінге адам әрқашан мұқтаж. Адамда жан мен тән бар. Тәнге не қажеттігі анық. Ал рухқа не қажет? Оның азығы не? Рухани байлыққа кенелмеген кісі төрт түлігі  сай келсе де, бақытты бола алмайды.

Алайда, рух-әлемі шұғылаға оранған сана иесі адамның шаңырағынан су өтсе де, табанынан сыз өтпейді. Пенденің рухани байлығы – Ұлы Жаратушыға иман ету. Рухы сонда ғана жай тауып, арнасымен ағады. Иман – Алла Тағалаға ғибадат. Рух ғибадатқа кіріптар. Ол – оның дара азығы. Әрі рухтың бұл дүниемен шектелгісі келмейтін шексіз қалауы бар. Мәңгі-бақи бақытты ғұмыр кешкісі келеді. Шексіздікті қалайды. Алла Тағала мен ақыретке иман етумен ғана көңіліне жұбаныш табады. Адам өмірі – күрес. Ол мұнда өмірдің жал-жал толқындарын бұзып-жарып, өзінің кім екендігін көрсету үшін келген. Бірақ ол кейде көксеген мұратына жету жолында қатты шаршап-шалдығып, алдағы үміт отын сөндіру қаупіне ұшырап, өзінің қауқарсыздығын аңғарады. Алдынан қамалап тосқауылдар шыққанда қашан да көмек көрсететін Ұлы Жаратушыға құл болып, иман еткен жан ғана үмітін жоғалтпай алға басып, көкірегін дауылға қарсы тосып, Ұлы Иесінің мұны бір сәт те қараусыз яки жалғыз тастамайтынына бек сенеді. Ол өзі көтере алатын ауыр сын арқылы жақын достығын анықтап жатқанын біледі. Ұлы Жаратушы адамның сыналатынын өз елшісі арқылы білдірген. Адамзаттың өмірге келген мақсаты екі нәрседен тұрады: Аллаһ Тағалаға иман етіп, берген мол берекесіне шүкірлік етіп, алғыс айту. Сосын Алла Тағала құдси хадисте былай дейді: «Мен бір құпия қазына едім. Танысын деп әлемді жараттым». Әлем – Оның сипаттарының айнасы. Ал адам – дара айна.

Сондықтан, адамның мақсаты – Алла Тағаланың күллі сипаттарын танып, оны әлемге паш ету. Бұл екеуі ғибадатты құрайды. Адамзат Алла Тағалаға неліктен ғибадат жасайды?

Біріншіден, Ұлы Алла «ғибадат ет» деп әмір еткені үшін.

Екіншіден, Оның ризалығын алу үшін.

Үшіншіден, жоғарыда айтылғандай, адам рухының азығы – Алла Тағалаға ғибадат ету. Әрине, Алла ғибадатқа мұқтаж емес. Керісінше, біз мұқтажбыз. Оған құлшылық еткенде ғана адамның жан-сарайы жай тауып, рухы көгілдір көктемге айналады. Адам дінсіз өмір сүре алмайды. Сол діннің қайнар көзі – илаһи болуы ләзім. Шынайы дін ғана адамды нұрға бөлейді. Жалған дін жүректі қараңғылықтың қара шәлісімен тұншықтырады.

Сөз түйіні, нағыз дін – ақыл иелерін өз еріктерімен ізгілік пен туралыққа жеткізетін иләһи заңдар жиынтығы.

материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: