Алдымен әһли сунна ұғымының мәніне үңілсек. Құран Кәрім мен Хазіреті Пайғамбардың сахих хадистерін ұстанып, жол бастар етуші, Алланың Елшісі Хазіреті Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және оның сахабаларының ақида (сенім) мәселесінде ұстанған жолымен жүрушілер «Әһли сүннет уәл-жамағат» деп аталады.
Әһли сүннет уәл-жамағаттың қазақша мағынасы – «сүннет халқы және жамағат». Яғни, сүннетті ұстану Хазіреті Мұхаммед пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүрген жолын ұстануды білдіреді.
Ал мұның Әһли сүннет уәл-жамағат деп аталу себебі, Хазіреті Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметі жайлы айтқан мына хадисінен туындайды:
«Яхудилер 71 топқа, христиандар 72 топқа, үмметім де 73 топқа бөлінеді. Осы 73 топтың ішіндегі біреуі ғана жәннәтқа барады, қалған 72-сі тозақтық болады», – дейді. Сонда қасында тұрған сахабалардың біреуі тұрып: «Я, Расулуллаһ! Жәннәтқа баратын топ қайсысы?», – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менің және асхабымның жүрген жолымен жүргендер», – деп жауап береді. (Әбу Дәуіт, Суннат 1; Ибн Мажа, Фитан 17).
Шындығында да әһли сүннет уәл жамағаттың ақидада ұстанған жолы Пайғамбарымыз бен сахабалардың ұстанған, жүрген, амал еткен жолымен бірдей екендігін кейінгі тақырыптардан байқауға болады.
«Әһли сунна уәл-жамағат» терминін алғаш Әбу Ләйс ас-Самарқанди (өл.898) «Шәрхул фиқһил әкбар» атты еңбегінде қолданған.
Басралық филолог әл-Асмаидің (өл.213/828) пікіріне сүйенсек, Әһли сүннет уал-жамағат жолын Юнус ибн Убайд әл-Қайси (өл.138/756), Абдуллаһ ибн Аун ибн Әртәбан (өл.151/768), Әйюб әс-Сахтияни (өл.131/748) және Сүлейман әт-Тәйми (өл.143/760) атты кісілер құрған.
Сүннит ақидасының бір жүйеге келуі Умея халифатының соңғы жылдарынан бастап, Аббасидтердің билік кезеңінің алғашқы І ғасыры аралығында болады. Әһли сүннет ақидасы Умеяттардың 10-халифасы Хишам ибн Абдулмаликтің билікке келуі мен (724-743) Аббасидтердің 7-халифасы Мәмунның (813-833) таққа отыруы аралығында туып, қалыптасты. Әуелде әһли сүннет мәзхабы фиқһ саласында жүйеленіп, дами келе әһли сүннеттің фиқһи мәзхабтары пайда болды (Ханафи, Шафи, Ханбали, Малики)17.
Әһли сүннеттің ақидаға байланысты саласында алғашқы еңбек пен зерттеуді қолға алғандардың ішіндегі көрнекті өкілдердің бірі – Имам Ағзам Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабит. Имам Ағзам Әбу Ханифа фиқһта Ханафи мәзхабының негізін салушысы ретінде ақидаға байланысты көптеген құнды пікірлер айтып кеткені белгілі.
Имам Ағзам 699 жылы Куфа қаласында дүниеге келеді. Ұстазы Хаммад ибн Әби Сүлеймен (өл.120/737) Куфа мешітінде ұзақ жылдар бойы дәріс берген кісі. Әбу Ханифа алғашқы ақидалық дәрістерін сол кісіден алып, ұстазы дүниеден өткеннен кейін ел арасында 30 жылдай дәріс оқып, пәтуа береді. Имам Ағзам Әбу Ханифаөз дәуірінің біртуар ғалымы, әрі фақиһы еді.
Имам Ағзам «Әһли Бәйтті» (Пайғамбар әулетін) жанындай жақсы көріп, оларға үлкен құрмет көрсеткендіктен, Умея мен Аббасид билеушілеріне деген ықыласты ниетін толықтай көрсете алмайды. Әбу Ханифаның екі әулеттің халифалық кезеңін басынан өткерген жылдарында, Умея мен Аббасид әміршілері оған қазылық қызметті ұсынып, ғұлама ол ұсынысты қабыл алмайды. Сөйтіп, Аббасид халифасы Әбу Жағфар әл-Мансур (754-775) ұсынысын қайтарып, сағын сындырғаны үшін Әбу Ханифаны түрмеге қаматады.
Бағдаттағы түрмеде 15 күндей қамауда болған ислам ғұламасы 767 жылы 70 жасында дүниеден озады.Әбу Ханифаның ақидаға байланысты жазған еңбектері: «әл-Фиқһул әкбар», «әл-Фиқһул әбсат», «әр-Рисалә», «әл-Алим уәл-мутааллим», «әл-Уасия». Осы еңбектерінің ішінен «әл-Фиқһул әкбары» ғұламалар жағынан жоғары бағаланып, ол еңбек жайында көптеген түсіндірмелі, талдамалы шығармалар жазылды.
материал «Иман негіздері» кітабынан алынды,
ummet.kz