25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Үкім беру – Алла Тағаланың еншісінде

Үкім беру – Алла Тағаланың еншісінде

Ақида
Жарнама

Адамның жаратылыс мақсаты – Алла Тағаланы тереңнен танып, Оған тағзым етіп, құлшылық қылу. Оны тани отырып өзгелерге де таныту, олардың жүрегінде Құдай Тағалаға деген сүйіспеншілікті ояту. Задында, мұсылман үлкен ынта-ықыласпен Ол жайында өзгелерге айтқанда ғана Оны жүрегімен терең сезіне алады.

Яғни, бір мұсылман өзге жанға Хақ Тағаланың бар екенін және бір екенін, асқан құдіреттілігін айта келіп, Оған тағзым етіп, сәждеге бас қойса, оның сол сәждесі бұрынғыдан мүлдем басқаға айналып, бойын әлдебір тылсым сезім билеп, ерекше ғажайып күйге бөленгенін байқайды. Ендеше, мұсылман Оны танығысы келсе, өзін ғана емес өзгелердің де бақытын ойлап, Хақтан бейхабар жандардың Онымен табысуына көңіл бөлуі қажет. Бұл да – мұсылманның негізгі міндеті. Кейбір мұсылман жандар «Өзгені қайтесің, Алла Тағалаға құлшылығыңды атқар да өзіңнің Жаннатқа баруыңды ойла! Басқаларға араласудан аулақ бол, олардың жүрегін исе Құдай ғана иманға иеді» деген сықылды өзімшіл пікірлер айтады. Иә, адамның жүрегіне иманды тек Алла Тағала ғана салады. Бірақ, ол үшін мұсылман жанды себеп қылмай ма? Құранда да, хадисте де «Адамдар өздерін өзгертпейінше, Алла Тағала оларды өзгерпейді» дейді. Ендеше, дінсіз бір елді өз ішінен Жаратушыға иман еткендер оятпаса, Алла Тағала көктен періште түсіріп өзгертпейді. Бір мұсылман өзін ғана ойлап, қоғамның имандылыққа келуіне атсалыспаса, оның кесірі өз отбасына да келіп тимей ме? Сіз ауылдың ортасында бір үйде тұрдыңыз делік. Күндердің бір күнінде ауылдың жан-жағын қалың өрт жалмай бастаса, сіз «өз үйім әйтеуір аман ғой» деп тып-тыныш жата аласыз ба? Егер қам-қаракет жасамасаңыз, аздан соң сол өрт сіздің үйіңізді де жалынына орап, қашар жер таба алмай қалмайсыз ба? Бұл да сол тәрізді. Тәспі тартып бейғам жүресіз, бірақ бір күні балаңыз яки басқа жақыныңыз кришнаид, иегова, христиан, будда т.б. басқа діннің өкілі болып алдыңыздан шығуы мүмкін. Ілгері замандарда бір елге пайғамбар келгенде сол елдің кейбір тақуа жандары жіберілген елшіге қол ұшын бермей, үйлеріне тығылып, өз құлшылықтарын жасай берген. Кейіннен әлгі елші өз үмбеттерін ертіп сол жерден жырақ кетіп, Құдай Тағала дінсіз елді жермен-жексен еткенде, солардың арасында әлгі тақуалар да бірге кеткен. Ендеше, күпір мен дінсіздік қалың өрттей қаулаған мына заманда мұсылман өзіне тән борышын орындамаса, тірнектеп жиған сауаптары қанша болса да ақыретте өзін құтқара алмауы бек мүмкін.

Алайда, мұсылман өзгелерге Исламды үйреткенде оларды шошытпауы, үркітпеуі шарт. Ислам – бейбітшілік, рақым-шапағат, кеңпейілділікті қамтыған Хақтың діні. Пайғамбарымыз: «Қиындатпаңдар – жеңілдетіңдер. Үркітпеңдер – сүйдіріңдер» дейді. Сіз біреуді қорқытып, күшпен тұқыртып намаз оқыта алмайсыз. Егер оған Хақ Тағаланы сүйдірсеңіз, ол өзі-ақ Оның бұйрығын терең сүйіспеншілікпен орындай бастайды. Діннің мақсатын танымаған бір адамның жағасынан алып, «сен неге бұлай істейсің, сен Тозаққа барасың, біттің, құрыдың» деу мүлдем дұрыс емес. Бұл – Рақымды Алла Тағаланың рақымдылығын жоққа шығару һәм Оның атынан үкім беру деген сөз.

Пайғамбарымыз бірде былай дейді: «Израйыл ұрпақтарының арасында бір-біріне мүлдем кереғар екі түрлі адам болған еді. Бірі – күнәкар, енді бірі – терең ғибадат ететін жан еді. Бірде сол құлшылық қылушы әлгі айтқан күнәкар пенденің күнә істеп жатқан сәтінде үстінен түсіп: «Бұныңды доғар!» – дейді. Тағы бірде және көріп қалып: «Бұныңды доғар!» – дейді. Әлгі адам: «Сен менің тексерушім бе едің? Менің жөнімді ғана Құдай біледі», – дейді. Құлшылық қылушы күйініп: «Алла Тағаланың атымен ант етейін! Сені Алла Тағала кешірмейді. Ол саған Жаннатты нәсіп етпейді», – деп салады. Іле Алла Тағала екеуінің де жанын алды. Екеуі де Құдай Тағаланың құзырында тұр. Хақ Тағала құлшылық қылушыға: «Сен Менің қолымдағыға иелік етуші ме едің?» – дейді. Ал күнәкар құлына қарап: «Бар, рақымдылығымды төктім, Жаннатқа кір!» – дейді. Құлшылық қылушыны нұсқап: «Ал мынаны жәһаннамға апарыңдар!» – дейді».

Бұл хадисті бізге жеткізген сахаба Әбу Һурайра: «Ғибадат атқарған әлгі байғұс Алла Тағаланың ашуына тиер бар-жоғы бір-ақ ауыз сөз айтты. Алайда сол сөзінің өзі оның екі дүниесін де: бұл дүниесі мен ақыретін қараң қалдырды», – дейді.
Иә, мұны қазақта «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дейді. Кейде адам өзінің бірнеше күн құлшылық қылғанын көтере алмай өзін тақуа санап, нәпсі мен шайтанға еріп әлгідей сөз сөйлеуі мүмкін. Бұған негізі шайтанның адамға «оң жағынан жақындауы» делінеді. Шайтан қашан да тақуа жанның тақуалығын мақтап, осындай тұзаққа түсіруге даяр тұрады.

Иә, ендеше мұсылман баласына қашан да шайтанның құрығынан сақтанып, Алла Тағалаға сиынып жүрген абзал.

материал «Пейішке жетелер пейіл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: