25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құран Кәрімде кәпірлердің тозаққа түсуінің сипатталуы

Құран Кәрімде кәпірлердің тозаққа түсуінің сипатталуы

Ақида
Жарнама

Құран Кәрімде кәпірлердің тозаққа түсуі бірнеше түрлі сипатталған:

1) Олар тозаққа топ-топ күйде итеріліп, мал сияқты иіріліп жан-жақтан айдалады. Ол жайлы Алла тағала: «Кәпірлер топ-топ болып тозаққа айдалады»[3]; «Олар сол күні тозаққа итеріліп тасталады»[4]; «Сол күні Алланың дұшпандары тозаққа айдалуға жиналып, сонда олар алды-артын тосады»[5], – деген.

2) Олар тозаққа жүздерімен жер басып жиналады. Ол жайлы Алла тағала: «Тозаққа бетімен жер басып жиналатындар, міне, солар орындары жаман, жолдары қаңғыру болатындар»[6], – деген. Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Бір кісі: «Уа, Алланың елшісі! Кәпір қалай жүзімен жер басып жиналады?» – деп сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Оны дүниеде екі аяғында жүргізген, оны Қиямет күні бетімен жер басқызып жүргізуге құдіретті емес пе?!» – деп айтты», – деген[7]. Оған қоса олар соқыр, мылқау, керең халде жиналады. Ол жайлы Аллаһ тағала: «Біз оларды Қиямет күні бетімен жер басқан, соқыр, мылқау және саңырау түрде жинаймыз. Орындары – тозақ, толастаған сайын оларға жалынын арттыра түсеміз»[8], – деген.

3) Олар тозаққа жеңілген, қор болған күйде кіреді. Алла тағала: «(Мұхаммед!) Кәпірлерге: «Таяуда жеңілесіңдер де, тозаққа жиналасыңдар. Нендей жаман орын!» – деп айт»[9], – деген.

4) Олар тозаққа жетпей жатып, оның дауысын естиді. Алла тағала: «Тозақ оларды ұзақ бір жерден көрген сәтте олар оның қайнап, күркірегенін естиді»[10], – деген.

5) Олар тозаққа келіп, көздерімен көрген сәтте өкініп, дүниеге қайтып, иман келтіруді армандайды. Алла тағала: «Олардың от алдында тоқтатылғанын көрсең: «Әттең! Біз (дүниеге) қайтарылсақ, Раббымыздың аяттарын өтірікке шығармас едік те мүміндерден болар едік», – деп айтады»[11], – деген. Өкінішке қарай, ол кезде тозақтан қашып құтылар жер қалмайды. Алла тағала: «Күнәкарлар тозақ отын көріп, сонда өздерінің оған түсетіндіктерін сезеді. Бірақ одан бұрылар жер таба алмайды»[12], – деген.

6) Сосын олар тозаққа кіруге бұйырылады. Алла тағала: «Сондықтан ішінде мәңгі қалатын жаһаннамның есіктерінен кіріңдер. Тәкәппарлардың орны нендей жаман»[13], – деген.


[3] «Зумәр» сүресі, 71-аят.
[4] «Тур» сүресі, 13-аят.
[5] «Фуссиләт» сүресі, 19-аят.
[6] «Фурқан» сүресі, 34-аят.
[7] Әл-Бұхари, Муслим.
[8] «Исра» сүресі, 97-аят.
[9] «Әлі Имран» сүресі, 12-аят.
[10] «Фурқан» сүресі, 12-аят.
[11] «Әнғам» сүресі, 27-аят.
[12] «Кәһф» сүресі, 53-аят.
[13] «Нахл» сүресі, 29-аят.

материал «Ақырет өткелдері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: