26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Хижрет бағыты – Мәдина

Хижрет бағыты – Мәдина

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Пайғамбарымыз бен мәдиналық мұсылмандар арасындағы Ақаба келісімі мен өзге де мәмілелер мұсылмандардың ертеңгі күніне деген сенімін нықтай түсті. Наным-сенімдеріне сай еркін ғибадат етіп, діндерін қорықпай-үрікпей тарату мүмкіндігі туды…

Өйткені Мәдинаның ең мықты екі руы – хазраж бен әус ел басына күн туса да меккелік мұсылмандарға қорған болуға, көмектерін аямауға сөз берген-ді…

Ислам шұғыласы осылайша бүкіл Мәдинаға жайылды. Мүшріктер мұсылмандардың жолы болғыштығына қызғана қарап, Исламның кең таралуынан қауіптенсе, Хазіреті Мұхаммед ﷺ Мәдинаның тезірек Ислам орталығы болуын тіледі…

Мәдиналықтармен арадағы келісімдерін естіген меккелік мүшріктер мұсылмандарға зорлық-зомбылықты онан сайын күшейтіп, тістерін қайрады. Меккеде мұсылмандардың жалғыз жүруінің өзі мүмкін болмай қалды. Олар зәр ішіп, у жұтқандай күй кешті. Алла алдындағы парыздарын да адам айтқысыз ауыр азаппен арпалысып жүріп, зорға өтейтін мұсылмандар пайғамбарымызға жағдайларын айтып, елден көшуге рұқсат сұрады. Сүйікті Пайғамбарымыз ﷺ Алладан ондай жарлық келмегенін түсіндіріп, діндестерін сабырға шақырды. Осы әңгімеден соң арадан бірнеше күн өткенде Алладан бұйрық түсіп, Хазіреті Мұхаммед бұл жайды мұсылмандарға сүйіншілете жеткізді: «Сіздердің көшіп ат басын тірейтін тұрақтарыңыз – екі тастақ жердің арасында орналасқан, құрма бағы жайқалған қала екені маған көрсетілді. Меккеден кеткісі келгендер солай қарай бағыт алсын. Мәдинадағы бауырларымен тізе қосып, төс қағыстырсын, ынтымақтассын. Ұлы Алла Тағала оларды сіздерге бауыр етіп, Мәдинаны сенімді, қауіпсіз мекен қылды».

Осыдан байқалғандай, құрайыш мүшріктерінің қыспағы Исламның әмірлерін орындауға қауіп төндірген, қу тірліктің мәнін кетіріп, мұсылмандардың, ішкенін іріңге, жегенін желімге айналдырған. Хазіреті Айшаның: «Мұсылмандар дінін қорғау үшін хижрет етуге – көшуге мәжбүр болды. Өйтпесе діннің әмірлерін орындау мүмкін емес еді» - дегені бар. Олай болса, Мәдинаға хижрет, яғни мұсылмандардың ауа көшуі, кейбіреулер айтқандай, қашу емес, адалдық жолындағы ізденіс. Дінге төнген қауіпті сейілтіп, Алланың қағидаларын орындау үшін тыныш, қолайлы мекен іздеу. Дін – Алланың әмірі болғандықтан, оның шарттары міндетті түрде жүзеге асырылуға тиіс. Егер орта ол талаптарды атқаруға қолайсыз болса, ол жерді тастап көшу – мұсылмандар үшін шарт. Мүмкіндік бола тұрып, дініне қауіпті ортадан бас тартпағандарға кешірім жоқ екені Құранда айтылады. Әрбір Алланың құлы парыздарын өтеуге оңтайлы орын іздеуге жауапты. Пайғамбарлар пайғамбары Хазіреті Мұхаммед ﷺ хижрет мәселесін егжей-тегжейлі ойланып, мұсылмандарға өте мұқият, сақ қимылдауды тағы да тапсырды. Мүшріктердің назарына ілікпеудің амалдарын қарастырып, бірнеше адамнан бөлек-бөлек шығуды ойластырды. Пайғамбардың кеңестерін тыңдап, ақылға түйген мұсылмандар екі-үштен ықтиятты түрде сапарға шығуға бел буды. Ең бірінші болып Әбу Сәлама ибн Әсет есімді сахаба Меккеден Мәдинаға қарай бағыт алды…

Отыз тістен шыққан сөз естілмей қалсын ба, мүшріктер мұны да біліп қойып, мұсылмандардың ізін кесіп, қолға түсіргендерін Меккеге қайтарып, әлекке түсті. Әйелдерді күйеулерінен айырып, көнбегендерін зорлықпен қапасқа қамап ойран топырын шығарды. Тек қана ашық шайқасқа себеп болып кетер деген оймен адам өлтіруден басқа айуандықтың бәрін жасап бақты. Бірақ олардыкі босқа сабылу, босқа шашылу еді. Өйткені, иманнан күш алған мұсылмандар алға қойған мақсаттарын орындауға тастабандап бекінген. Бірбеткейліктерінің арқасында Алланың ақ жолын ұстануға бекінген оларды қорқыту, қайтару еш пайда әпермейтіні белгілі болды. Көш жалғаса берді… Қыспаққа ұшыраған сайын қанаттанған көңілдер Мәдинаға бұра тартып, нұрлы көкжиекке ұмсынып, самғай түсті. Құтты мекен де жаңа тұрғындарын зарыға күтуде…

Омар бастаған мұсылмандардың көші

Мұсылмандардың көбісі жасырынып, оңаша сәтті не түн қараңғылығын пайдаланып жолға шықса, Хазіреті Омар қару-жарағын майлап, садағын сайлап Қағбаға барып, жеті рет ашықтан-ашық тауап етті. Мұнан соң маңғаздана сол жерде отырған мүшріктерге қарап: «Мен де дінімді қорғауға Алла жолында көшкелі жатырмын. Әйелін жесір, бала-шағасын жетім етіп, атаанасын еңіретіп қалдырғысы келетіндер болса қарсыма шықсын. Жекпе-жекке дайынмын» - деді. Айтарын айтып болып, қасына жиырмаға жуық мұсылманды ертіп тапа тал түсте Меккемен қош айтысты. Мүшріктер оның соңынан қуғыншы салуға батылы жетпеді…

Бас-аяғы бірнеше айдың ішінде мұсылмандардың көпшілігі Мәдинаға көшіп үлгерді. Қалғандар – Хазіреті Мұхаммед ﷺ, Хазіреті Әбу Бәкір, Хазіреті Әли және жолға жарамайтын науқастар мен жанын әрең бағып отырған кедей-кепшік, сондай-ақ мүшріктерге тұтқын болғандар ғана. Сүйікті Пайғамбарымыз ﷺ да көшуге әзір болатын, бірақ Алла Тағаланың тікелей бұйрығы түскен жоқ еді. Хазіреті Әбу Бәкір сабырсызданып өзге мұсылмандар сияқты көшкісі келетінін айтқанда Пайғамбарымыз: «Уа, сыддық достым! Шыдамыңды шыңдай түс. Алла Тағала сені де жалғыз тастамас» - дейді. Мәдинаға ағыла көшкен мұсылмандарды әус пен хазраж руының өкілдері қуана қарсы алып, жылы қабақ танытты. Көптен күткен қонақтарына ілтипат көрсетіп, отбасы, бала-шағасымен келгендер үйлі-барандылардың мейманы болса, бойдақтар Құба алқабында тұратын салт басты Саад ибн Хәйсаманың үйіне түсті.

Дарун-Нәдуаның қорқынышты қаулысы

Құрайыш мүшріктері болған жайттарды ұзынқұлақтан естіген сайын, дегбірі қашып, қауіптері арта түсті. Мұсылмандардың бас қосып, ынтымақ жарастыруы оларды үркіте берді. Хазіреті Мұхаммед те ﷺ күндердің күнінде Мәдинаға көшіп барып, басшылықты қолына алса, мұсылмандар ашық шайқасқа шығып, тіпті Шамға баратын сауда жолын жауып тастауы мүмкін екендігін ойлап, мүшріктердің түн ұйқысы төрт бөлінді. Осы мәселелерді кеңінен кеңесіп, талқылау үшін мүшріктер Дарун-Нәдуада жиналды.

Дарун-Нәдуа – қақпасы Қағбаға қарайтын, пайғамбарымыздың үлкен аталарының бірі Құсайдың тарапынан тұрғызылған ғимарат. Құрайыштың атқамінерлері ылғи осында жиналып, алқалы кеңестерін өткізуді үрдіске айналдырған еді…

Хазіреті Мұхаммедтің ﷺ және оның ізбасарларының мәселесін шешуге тағы да таң ертемен осы жерде бас қосқан олар, қақпа алдында жып-жинақы киінген ақсақалды байқап, одан кім екендігін, бұйымтайын сұрайды. «Мен Нәжиттен келіп едім. Бүгінгі мәжілісті естіп, өз пікірімді айтқалы ат басын арнайы бұрдым. Өмірден көрген-түйген тәжірибелерімді аянып қалмайын дедім» - деген мүсәпірге құрайыштар төрден орын береді. Негізінде ол – адам кейпіне енген шайтан еді! Мәжіліске жүз шақты құрайыш қатысты. Араларында хашим руынан тек Әбу Ләһаб бар еді. Күн тәртібінде бір ғана мәселе: «Мұхаммедке қандай шара қолдансақ тыйылады?» «Қол-аяғын шынжырлап, зынданға тастайық» - деді сөз алғандар. Әлгі мүсәпір қария кейпіндегі шайтан: «Жоқ. Бұлай жасамаңдар, өздеріңе бәле тілеп аласыңдар. Жақтастары естісе тыныш жатар дейсіңдер ме? Қол жинап келіп бас салса, алмай қоймайды. Сосын ол бостандыққа шыққан соң үгіт-насихатын жалғастыра береді. Сондықтан басқа шара іздестіріп көріңдер» - деді. Енді біреулері: «Онда оны Меккеден қуып жіберейік, қайда барса өз еркі…» дей беріп еді, «қонақ қарт» сөзге араласып: «Бұлай ойлауларың да – асығыстық. Оның тілі тәтті, көргенінің, кездескенінің іші-бауырына кіріп, баурап алатынына талай рет куә болдыңдар. Қуып жіберсеңдер араб тайпаларын аралап жүріп, адамдарды жанына үйіре береді. Жақтастарын көбейтіп алған соң сендерге қырғын салмасына кім кепіл? Асықпай шешім қабылдаңдар», - деді.

Ақыры Әбу Жәһил сөз алды: «Мен таптым, оны өлтірсек қана құтыламыз. Алдымен әр рудан ең күшті жігіттерді таңдаймыз. Әрқайсысының қолына өткір қылыш береміз. Бәрі бір сәтте өлтіруге ұмтылатын болады. Бәрі бірдей тарпа бас салғанда кімнің қолынан қаза болғаны да белгісіз боп қалады. Сөйтіп оның көзін жоямыз. Ал көпшілікке қарсы шығуға хашим ұлдарының шамасы келмейді. Нақты кім өлтіргенін білмегендіктен көп болып аз-кем құн төлеп, басымызды арашалап аламыз». Ақсақал бейнесіне енген шайтан көзі күлімдеп орнынан атып тұрды да: «Мінекей, тауып айтылған сөз. Ең дұрысы да осы», - деді. Жиналғандар Әбу Жәһилді қолдап, тарасты.

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: