26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Екінші Ақаба келісімі

Екінші Ақаба келісімі

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Біздің эрамыздың 622-жылы… Пайғамбарлықтың он үшінші жылы… Қағбаны дәстүрлі зиярат заманы келгенде Мұсғаб ибн Умайр Пайғамбарымызды (ﷺ) Мәдинадағы ахуалдан өзі хабардар ету үшін бір топ мұсылманмен бірге Меккеге келеді. Келгендердің жалпы саны жетпіс бес адам, олардың екеуі әйел.

Меккеге кірген соң көпшіліктің назарын аудармау үшін араларынан бірнеше кісіні Қағбаға –Мұхаммедке (ﷺ) хабар беруге жолдайды. Расулулла бұл сәтте Харам мешітінде Хазіреті Аббаспен сұхбаттасып отырған. Мәдиналық өкілдер кірген бойда оларға сәлем беріп: «Уа, Расулулла! Біз Мәдинадан келдік. Топ адамның ішінен бізді хабаршы етіп жіберді. Өз арамызда сенің жолыңнан таймауға, саған әрдайым көмектесуге, сен үшін, сенің дінің үшін қажет болса жанымызды қиюға серттескенбіз. Осы мәселелер төңірегінде өзіңізбен кеңірек әңгімелессек деген ойымыз бар еді, кездесетін орынды белгілесеңіз», - деді. Ардақты Пайғамбарымыз тағы да Ақабада жолыққанды жөн санады. Жүздесу түн жарымында жүзеге асырылмақ. Жан-жақтағыларға сыр білдірмеу, түнде жұртты күдіктендірмеу үшін бір-бірлеп жиналу жайы да баса ескертілді. Мәдиналық мұсылмандар осы талаптарды орындап, түн ортасы ауғанда жан баласына сездірместен Ақабада бас қосады.

Хазіреті Мұхаммед (ﷺ) Ақабаға әлі де мұсылмандықты қабылдамаған бауыры Хазіреті Аббаспен бірге барады. Хазіреті Аббастың мақсаты – жақынын маңызды мәселеде жалғыз тастамау, әрі болатындарды өз көзімен көру еді. Алдымен сөз алған да сол. Мәдиналық мұсылмандарға қарап, әркімнің өзіне сенімі болса ғана бұл іске кірісулері қажеттігін, көңілдерінде аз күмән болатын болса, осы бастан баз кешкендері дұрыс екенін сөз етті. Мәдинадан келгендер Алла Расулының лебізін өз аузынан тыңдағанды хош көрді. Бәрі жапа- тармағай: «Уа, Расулулла! Не тілегің болса айт, Алла үшін, өзің үшін сертімізді ал», - десті.

Мұнан соң мәдиналық меймандардың көш бастаушысы Хазіреті Әсад ибн Зурара Пайғамбардан рұқсат сұрап, сөз бастады: «Ей, Алланың Нәбиі! Әрбір шақырудың өзіне тән жөн-жоралғысы бар, ол жол қиын не жеңіл болады. Бүгінгі сенің халыққа тастаған үндеуің – адамдар оңайлықпен қабылдай қоймайтын шетін жол. Сен бізді сонау ата-бабаның ғұрпымен сеніп келген дінімізді тастап, өз дініңе бас июге шақырдың. Айтуға жеңіл болғанмен, шынтуайтында оңай шаруа емес. Соған қарамастан біз сенің ұсынысыңды қабыл еттік. Біз туған жерімізде баршадан үстем, жұртқа сөзіміз өтетін тайпа едік. Өз туысқандарың сенен безіп, мойындамай жатқанда саған шын көңілден иландық. Айтқандарыңды құптадық. Алла Тағала тура жолға түсіріп, ақиқатты нәсіп етпесе анау-мынау адамның өз еркімен құптай қоймасы да хақ. Алайда біз тілімізді кәлимаға келтіріп, жүрегімізбен иманымызды бекіттік. Бар ықыласымызбен сенің өнегеңе берілдік. Алладан аян болған уахиларыңды біліп, сеніп, саған серт беруге келдік. Біз Раббымыздың алдында ант ішеміз! Алланың құдіретіне сеніп, сенің елшілігіңе куәлік еттік. Жанымызды, малымызды, отбасы, бала-шаға, әйел аналарымызды қалай қорғасақ, саған да солай қорған болуға әзірміз! Егер осы сөзімізде тұрмайтын болсақ, Алланың алдында антұрған, бейбақ біз болайық! Уа, Расулулла! Енді Жаратушы Алла үшін, өзің үшін қоятын талап-тілектеріңді бұйыр!» - деп, Хазіреті Әсад сөзін түйіндеді.

Сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) алдымен Құраннан бірнеше аят оқып, оларды тура жолға шақырып, сөзін жалғады: «Ұлы Алла Тағала үшін сіздерге қоятын шартым мынау – Оған еш нәрсені ортақ қоспастан ғибадат қылыңыздар… Намаз оқып, зекет беріңіздер. Өзім үшін қояр талабым: Алланың пайғамбары екендігіме куәлік келтіріңіздер; Өздеріңізді, әйел, бала-шағаларыңызды қорғағандай мені де қорғаңыздар!»

 Осы тұста Абдуллаһ ибн Рәуаха тұрып: «Уа, Расулулла! Осы айтқандарыңды орындасақ, нәтижесі не болмақ?» - деп, сауал тастады. Пайғамбарымыз: «Нәтижесі – жәннат сыйы» - деп жауап берді де, жоғарыда айтқан шарттарын қайталады. Сонан соң: «Әрбір істе маған жәрдемші, баршылықта да, таршылықта да қолдаушы болатын он екі өкіл тағайындаңыздар. Мұса пайғамбар да бір кездері Исраиыл ұлдары арасынан он екі өкіл сайлаған» - деді. Мәдиналық мұсылмандар кеңесе келе хазраж руынан тоғыз, әустерден үш өкіл сайлады.

Хазраж өкілдері мыналар:

1) Әбу Умама Әсад ибн Зурара;

2) Саад ибн Рәби;

3) Рафи ибн Малик;

4) Абдуллаһ ибн Рәуаха;

5) Абдуллаһ ибн Амр;

6) Бәра ибн Маарур;

7) Сааб ибн Убада;

8) Убада ибн Самид;

9) Мүнзир ибн Амр.

Әус руының өкілдері:

1) Үсәййід ибн Хұдайр;

2) Саад ибн Хәйсама;

3) Әбул Хәйсам Малик ибн Таййіхан.

Бұлардың қай-қайсысы да Мәдинаның құрметті азаматтары еді. Білімділігімен, жөн білерлілігімен ерекшеленген жандар болатын… Пайғамбарымыз оларға қарап: «Хауарилердің Мәриям ұлы Исаның алдында өз қауымының өкілдері болғаны сияқты, сіздер де тайпаларыңыздың атынан кепілсіздер. Ал мен меккелік муһажирлердің[1] өкілімін - деп, он екі адамдық топқа басшы етіп Әсад ибн Зурараны белгіледі.

Өкілдер өздерімен бірге келген руластарына пайғамбарымызға серт берудің маңызын түсіндірген соң олардың әрқайсысы жеке-жеке Хазіреті Мұхаммедпен (ﷺ) қол алысып, ант берді. Тек топтағы екі әйел пайғамбарымызбен қол алысқан жоқ. Ауызша ант ішісті. Осы ант беру рәсімі бір жағынан мәдиналық және меккелік мұсылмандар ынтымағының көрінісі іспетті еді. Ант беру рәсімі, алдын-ала ойластырылғандай түн қараңғысында, көптің көзінен таса жерде ұйымдастырылды. Солай бола тұра серт беру аяқтала бергенде түн тыныштығын жара айқайлаған дауыс естіледі: «Ей, құрайыштар! Неге мүлгіп жатырсыңдар? Мұхаммед пен аталарының дінінен безген мәдиналықтар сендермен шайқасудың жайын кеңесуде».

Мұсылмандар әп-сәтте сапырылысып қалады. Дауыстың нақ кімдікі екенін ажырата алмағанмен Мүнәббих ибн Хажжаждікіне ұқсатты. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Бұл – Ақабаның шайтаны» - деді де мәдиналық мұсылмандарға: «Жылдам өз орындарыңызға барып жайғасыңыздар!» - деп бұйырды. Сол кезде мәдиналық Аббас ибн Убада: «Уа, Расулулла! Рұқсат етсең, таңмен таласа қылышымызды қайрап, Мина халқына шайқас ашып, құдайларын естеріне түсірсек» - деді. Бірақ Расулулла сабырлы қалпынан айнымаған күйі: «Жо-жоқ, бізге мұндай әрекетке кірісу әмірі әлі берілмеді. Әзірше шапшаң жатар орындарыңызға қайтыңыздар» - деп, мұсылмандарды қайтарады.

Таң алагеуімнен бір нәрседен сезіктенген мүшріктер болған оқиғаның шындығын үйрену үшін тіміскілене бастады. Бірінші өздері сияқты пұтқа табынатын мәдиналықтарға сұрау салды. Мардымды жауап ала алмаған соң мәдиналық мұсылмандардың тынышын алды. Алайда олар ештеңе білмегенсіп, үндемей құтылды. Құрайыш мүшріктері мұнымен де қалмай, қайтадан Абдуллаһ ибн Үбайдан сұрайды. Ол болса: «Сендердің айтып отырғандарың үлкен шаруа. Мұндай нәрсе болған жоқ. Жерлестерім менімен мұндай мәселені кеңескен емес. Олар Мәдинада менімен кеңеспей ештеңе істемейтін еді» - деді. Осыдан соң құрайыш мүшріктері мәдиналық пұтқа табынушылардың бұл мәселе жөнінен бейхабар екенін түсінді…

Егер Пайғамбарлар Сұлтаны (ﷺ) болған жайды тіс жарып ешкімге айтпауларын ескертпегенде, істің ақыры насырға шаппасына кім кепіл?! Мәдиналық мұсылмандар елдеріне кеткеннен соң мұсылмандар арасындағы келісімнің анық-қанығына көз жеткізген мүшріктер сандарын соқты. Кәпірлердің кейбіреулері өлерменденіп мәдиналықтардың ізіне түсіп, қуғын салды. Абырой болғанда, мұсылмандар едәуір ұзап кеткен еді. Тек Саад ибн Убада мен Мүнзир ибн Амр қолға түсіп қалады…

Мүнзир айла шарғысын асырып, құтылып кетеді де, Саадты құрайыш қаныпезерлері Меккеге алып келіп, азаптайды. Ақыры, не керек, бір кездері Мәдинада үйінің төрінен орын беріп, қонақ етіп күткен екі мүшрік оны танып, аман алып қалады.

Еліне оралған мәдиналық мұсылмандар енді екі көздері төрт болып, Хазіреті Мұхаммед пен меккелік муһажирлердің келуін күтеді.

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Меккеден Мәдина қаласына көшкендер.

Бөлісу: