25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с) Фатиманы жәннатпен жұбатуы

Пайғамбардың (с.ғ.с) Фатиманы жәннатпен жұбатуы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Имран ибн Хұсейін (р.а.) әңгімелеуде:

«Басқа сахабаларға қарағанда Пайғамбарымыз (с.а.с.) маған бөлекше ілтипатпен қарайтын. Бір күні маған: «Әй, Имран, саған ерекше құрметпен қарайтынымды білесің, менімен бірге қызым Фатиманың қалын сұрап үйіне кіріп шығуға қалай қарайсың?» – деді. Мен бұған қуанып: «О не дегеніңіз?! Сіздің жолыңызға жаным пида», – дедім. Екеуміз іле орнымыздан тұрдық.

Фатиманың (р.а.) үйіне барғанда, алдымен есікті қақты. Сөйтті де естірте сәлем беріп: «Ішке кіруге бола ма?» – деп сұрады. Іштен «Уа, Расулалла, келіңіз» деген дауыс естілді. «Қасымдағы жолдасыммен бірге кіре берейін бе?» – дегенде, Фатима (р.а.): «Ол кісі кім?» – деп сұрады. «Имран» дегенді естігенде, Фатима: «Уа, Расулалла, үстімде бір жамылғы ғана бар», – деді. Пайғамбарымыз есіктен қолымен көрсетіп, оны қалай жамылғанының дұрыс екендігін білдірді. Хазірет Фатима: «Басыма не салам?» – дегенде, Пайғамбарымыз беліне байлаған орамалын шешіп берді. Осыдан кейін барып рұқсатпен ішке кірдік. Пайғамбарымыз қызымен амандасып, «Таңды қалай атырдың?» – деп сұрады. Хазірет Фатима: «Аллаға ант етейін, таңды қиналыспен әрең атырдым. Үйде тіске басар ештеңенің жоқтығы да арқама аяздай батуда. Қатты ашықтым», – деді. Бұны естігенде Расулалланың көзі жасаурап: «Балам, шыда. Ант етейін, үш күннен бері мен де ашпын. Алланың жанында менің дәрежем сенен әлдеқайда биік. Егер сұрасам, Алла маған азық жіберер еді. Алайда мен бұл дүниені емес ақыретті таңдадым» деді.

Сөйтті де қызының иығынан қағып: «Саған сүйінші хабар айтайын, сен жұмақтық әйелдердің алдысың», – деді. Хазірет Фатима: «Перғауынның әйелі Әсия мен Мәриямның дәрежелері қандай?» – деп сұрағанда, Расулалла оған: «Әсия мен Мәриям өз дәуіріндегі әйелдердің, сен де өз дәуіріндегі жұмақтық әйелдердің биік санаттарын иелендіңіз. Үшеуіңнің де жұмақта қамыстан салынған сарайларың болады. Ол жерде қайғы-қасірет, жылау, қиналыс жоқ. Көкемнің баласының (хазірет Алидың) кедейлігіне cабыр ет. Уаллаһи, мен сені екі дүниенің де мырзасы атанған күйеуге бердім», – деді.».

материал «Тағылым таразысы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: