25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с) үмбетіне деген ерекше ынтықтығы

Пайғамбардың (с.ғ.с) үмбетіне деген ерекше ынтықтығы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Күллі адамзатқа рақым шуағын шаша келген сүйікті Елшінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үмбетіне деген ынтасы мүлдем бөлек еді. Ол өзі әкелген ұлы ақиқатты мейірім мен рақымдылық, жылулық пен жанашырлық сезімдеріне негіздеді.

Өз міндетін айналасындағыларға жанашырлық танытып, көл-көсір мейірім аясында жүргізді. Пайғамбарымыздың: «Мен сендерге әке сияқтымын» деген сөздері – оның кіршіксіз рух әлемінің айнасы. Иә, оның өмір бойы тынбастан «үмбетім, үмбетім» деп артынан ерген үмбетін ойлап өтуі бір әкенің «балам» деп құлынын құшағына басқан мейірімін елестеткендей еді. Үмбетінің әр тұлғасы өзінің жан баласындай ыстық еді ол үшін. Үмбетінің де оған деген ерекше сүйіспеншілігіне арқау болған басты нәрселердің бірі – оның үмбетінің әрбіріне мейірім құшағын айқара ашуы болатын. Құран оның бұл терең сүйіспеншілігін:

«Расында, сендерге іштеріңнен ардақты бір пайғамбар келді. Қиналғандарың оған ауыр тиеді. Сендерге өте ынтық. Мүміндерге өте жұмсақ ерекше мейірімді», – деп суреттейді. Осы аятта Алла Тағала Пайғамбарымыздың үмбетіне деген мейірімі мен жанашырлығын баяндау барысында Өзіне тән «Рауф» (өте жұмсақ) және «Рахим» (ерекше мейірімді) сипаттарын пайғамбарлардың арасында тек қана Адамзаттың Асылына (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қатысты қолдануы көп нәрсенің мәнін ұқтырады.

Абдулла ибн Амр (р.а.) бір күні түнде Пайғамбарымыздың сағаттар бойы сәждеге бас қойып: «Үмбетім! Үмбетім!» деп көз жасын көлдеткенін, соңында Жәбірейіл періште келіп, оған мынадай сүйінші хабар жеткізгенін айтады: «Жаратқан Иеміз: «Әй, Пайғамбарым! Үмбетіңе қатысты сені қуантамыз, сені мұңайтпаймыз» деді». Пайғамбарымыз осы сүйінші хабарды естіп бір жағынан көз жасын сүртсе, екінші жағынан Жаратқанға шүкіршілігін білдірді.

Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) та осыған ұқсас жағдайды бізге баяндайды. Ол бір күні Пайғамбарымыздың Мәдина қаласының сыртына шығып бара жатқанын көріп, басына қауіп төнбесін деген ниетпен артынан байқатпай жүріп отырады. Бір кезде Пайғамбарымыз дұға жасап, артынан сәждеге бас қойып, өте ұзақ уақыт жатып қалады. Пайғамбар үшін алаңдаған Абдуррахман ибн Ауф оның қасына жақындаған кезде Пайғамбарымыз оны байқап: «Не болып қалды, Абдуррахман?» деп сұраған кезде, ол: «Сәждеңіздің ұзақ созылғаны соншалық – бір нәрсе болып қалды ма екен деп уайымдадым», – дейді. Сол кезде Пайғамбарымыз оған күлімсірей қарап: «Әй, Абдуррахман! Үмбетім үшін Жаратқаннан дұға тіледім. Сосын Жәбірейіл маған келіп: «Уа, Расулалла! Оларға мына сүйіншіні жеткіз: кім саған салауат пен сәлем жолдаса, Алла Тағаланың рақымы мен кешіріміне бөленеді» деді. Мен осы керемет сүйінші хабар үшін шүкіршілік сәждесін жасадым», – дейді.

Абдуррахман осы сүйінші хабарды естіп, Мәдинаға қарай құстай ұшып, қуанышты хабармен сахабалармен бөліседі. Хақ Расулдың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осы қуанышы үмбетіне деген ерекше ынтықтығынан туындаған-ды.

Үмбетінің басына келген қиындықтар оның жүрегіне қатты батып, оларға ерекше жаны ашитын. Оның 23 жылдық пайғамбарлық өмірі үмбетіне деген жанашарлыққа толы. Осы дүниедегі қияметке дейінгі тағдырларына қатты алаңдаған Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ақыретте де «үмбетім, үмбетім» деп үмбеті үшін дұға тілеп, ақыретте шапағат етеді.

Негізінен, Пайғамбарға деген махаббат пен Пайғамбарымыздың рухани тұлғасы арасында өзара қатынас бар. Жан сарайымыздағы оған деген сүйіспеншіліктің отын маздататын нәрсе – оның үмбетіне деген ынтықтығы мен мейірімі.

материал «Сахабалардың Пайғамбарға деген сүйіспеншілігі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: