25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с) құрайыштарға жасаған үндеуі

Пайғамбардың (с.ғ.с) құрайыштарға жасаған үндеуі

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Раббысының хабарларын жеткізу барысында Әбу Талибтің өзін қорғайтындығына көзі жеткен соң бір күні Сафа төбесіне шығып: «Я, сабахаһ!» – деп айқайлады.

Арабтар әдетте жау әскері шабуылдағанда немесе аса маңызды бір жағдай туындағанда ғана осылай айқайлайтын. Құрайыштың тумалары оның төңірегіне жиналып қалды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оларды Алланы жалғыз құдай деп тануға, өзінің Алланың елшісі екендігіне сенуге және ақырет күніне иман келтіруге шақырды. Осы оқиға туралы Бухари жеткізген хадисте Ибн Аббас (Алла разы болсын): «Ең жақын туыстарыңа ескерт!» деген аят түскенде Пайғамбар (с.ғ.с) Сафаның төбесіне шығып, құрайыш тайпасының әулеттерін (аталарының есімдерімен жеке-жеке атап): «Уа, бәни фиһр! Уа, бәни ади!..» – деп дауыстай бастады. Олар жиналды. Тіпті, (Сафаға) шыға алмаған адамдар да біреуді жұмсап, не болғанын біліп келуге жіберді. Құрайыштармен бірге Әбу Ләһәб та келді. Алла елшісі (с.ғ.с) олардан: «Маған мынаны айтыңдаршы, егер мен сендерге дәл қазір мына жазықта өздеріңе шабуылдауға жасақталған атты әскер тұр деп хабарласам, маған сенер ме едіңдер?» – деп сұрады. Олар: «Иә, әрине. Біз сенен еш уақытта өтірік естіген емеспіз», – деді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с): «Ендеше мен сендер үшін қатты азапты алдын ала ескертушімін», – деді. Мұны естіген Әбу Ләһәб: «Құрып қалғыр! Бізді осы үшін жинадың ба?» – деді. Сол кезде «Әбу Ләһәбтің екі қолы құрысын!» деп басталатын «Мәсәд» сүресі түсті», – деген.

Ал Муслим жеткізген хадисте Әбу Һурайра (Алла разы болсын): «Жақын туыстарыңа ескерт!» деген мына аят түскен кезде Алла елшісі (с.ғ.с) құрайыштарды шақырды да, олар жиналды. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с) оларды жалпы және жеке-жеке атап: «Ей, Кағб ибн Луәй әулеті! Өздеріңді тозақтан құтқарыңдар! Ей, Мурра ибн Кағб әулеті! Өздеріңді тозақтан құтқарыңдар! Ей, Әбдушәмс әулеті! Өздеріңді тозақтан құтқарыңдар! Ей, Абдуманаф әулеті! Өздеріңді тозақтан құтқарыңдар! Ей, Һашим әулеті! Өздеріңді тозақтан құтқарыңдар! Ей, Абдулмутталиб әулеті! Өздеріңді тозақтан құтқарыңдар! Ей, Фатима әулеті! Өзіңді тозақтан құтқар! Өйткені мен сендерге Алланың алдында ешқандай көмек бере алмаймын. Бірақ сендердің туыстық байланыстарың бар, мен оны тиісінше сақтаймын», – деп айтты», – деген.

материал «Мұхаммед пайғамбар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: