Қажылық маусымы аяқталып, сырт аймақтардан келгендер үйлеріне тарасқанда құрайыштар Алла елшісіне (с.ғ.с) қатысты шаруаны жайғастырғандай масаттанып, көңілдерін бір демдеп алды. Олар өздеріне Алланың ақиқатын алып келген жазықсыз жанға күйе жақты және өздерінің әрекеттеріне есеп те бермеді. Олар мұнымен тоқтамастан Алла елшісінің (с.ғ.с) дағуатына кедергі жасаудың түрлі тәсілдерін ойластырды.
Тәсілдерінің бірі Алла елшісін (с.ғ.с) ұдайы масқаралау, төмендету, мазақтап кекету, өтірікші санау және күлкіге айналдыру еді. Олар Алланың дінімен күресуге батылдары жетіп, Оның елшісіне кісінің күлкісі келетін сан түрлі жалалар жауып, ел-ішінде өсек-аяң сөздер таратып, орынсыз балағаттайтын. Олар адамзаттың ішіндегі ақылы ең сергек жанды жынды, жын соққан дейтін. Алла Тағала Құранда: «Олар: «Ей, Ескерту түсірілген! Шындығында, сен жындысың!» – деді», – деп айтқан («Хижр» сүресі, 6-аят). Құрайыштар Пайғамбарымызды (с.ғ.с) сиқыршы, өтірікші деп айыптайтын. Алла Тағала: «Олар өз іштерінен ескертуші келгеніне таңғалды және кәпірлер: «Бұл өтірікші жәдігөй», – деді», – деген («Сад» сүресі, 4-аят).
Олар Пайғамбарды (с.ғ.с) жеп қоярлықтай ашулы көздермен, ызалы сезімдермен қарсы алып, осылай шығарып салатын. Алла Тағала: «Әлбетте, кәпір болғандар Ескертуді (Құранды) тыңдаған сәтте сені көздерімен атып сүріндіруге әзір және: «Ол анық жынды», – дейді», – деген («Қалам» сүресі, 51-аят). Құрайыштар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әлсіз сахабаларымен бірге отырғанын көре қалса, оларды әжуалап: «Арамыздан Алла игілік еткен адамдар осылар ма?» – деп мысқылдайтын. Алла Тағала құрайыштардың қитұрқы әрекеттерін: «Ақиқатында, күнәкарлар иман келтіргендерге күлетін еді. Қашан қастарынан өтсе, бір-біріне көз қысып ымдасатын. Үй-іштеріне қайтқандарында мәз болып қайтатын. Қашан оларды көрсе: «Негізінде, бұлар нағыз адасқандар», – десетін. Алайда өздері оларға сақтаушы етіліп жіберілмеген еді», – деген («Мутаффифин» сүресі, 29-33-аяттар).
Құрайыш мүшріктері халық арасында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) тәлімдеріне теріс көзқарас қалыптастыратын, оның ақиқаттығына күмән ұялататын, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жеке басына қатысты негізсіз, өтірік ақпараттар тарататын. Мұндай әрекеттерді Пайғамбардың (с.ғ.с) уағызын қарапайым халықтың ойлануына орын қалдырмастай көп жасайтын. Құрайыш мүшріктері адамдардың Құранды тыңдауына жол бермеуге және адамдарды Құраннан бұрып, олардың назарын бұрынғылардың аңыз-әңгімелерімен алдандыруға әрекет жасайтын. Солардың бірі Надр ибн Харис деген кісі Хира аймағына барып, парсылардың патшалары жайлы, Рүстем мен Асфендияр туралы әңгімелерді естіп келіп, Меккеге оралғанында Алла елшісін (с.ғ.с) аңдып-бағып жүріп, оның бір жерге келіп, адамдарды Исламға уағыздағанын, Алла жайлы ескерткенін, Оның жазасынан сақтандырғанын көре қалса, адамдарға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сөзін тыңдатпау үшін дереу сол жерге жетіп келетін де: «Мұхаммед әңгімені менен жақсы айта алмайды», – деп, әлгі парсы патшалары жайлы, Рүстем мен Асфендияр туралы әңгімелерін айта жөнелетін. Әңгімесін тәмамдаған соң ол адамдарға: «Менің әңгімемнен Мұхаммедтің айтқандарының несі жақсы?» – дейтін.
Ибн Аббастан (Алла разы болсын) риуаят етілген хабарда Надр ибн Харистің Алла елшісіне (с.ғ.с) қарсы және бір айла қолданғаны айтылған. Ол әнді жақсы салатын бір күңді сатып алады. Сөйтіп, әлдекімнің иманға келіп, Исламды қабылдауға ниеттеніп жүргенін естісе, оны әлгі күңге ертіп әкеліп: «Мынаған тамақ, сусын бер де, жақсылап ән салып бер», – деп тапсыратын. Сонан соң әлгі кісіге: «Бұл Мұхаммед сені шақырған істен әлдеқайда жақсы», – дейтін. Алла Тағала Надр жайлы: «Адамдардың ішінде Алланың жолынан адастыру үшін алдандыратын әңгімені сатып алатындар бар», – деген («Лұқман» сүресі, 6-аят).
материал «Мұхаммед пайғамбар» кітабынан алынды,
ummet.kz