25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) балаларға берген батасы

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) балаларға берген батасы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Айша анамыз (Алла оны рақымына алсын): «Алла Елшісіне (с.ғ.с) жаңа туған балаларды алып келуші еді. оларға берекет тілеп, тахник (құрманы шайнап нәресте аузына дәм)  салатын», - дейді.

Ибн Аббас (Алла оны рақымына алсын): «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мені бауырына басып: «Уа, Алла Тағалам! Бұған кітапты  (Құранның қыр-сырын) үйрет», - деп бата берді», - дейді. Усама мен Хасанды да қолына алып отырып: «Уа, Алла Тағалам! Мен бұл екі баланы жақсы көремін. Сен де ол екеуін жақсы көргейсің», - деп дұға еткен екен.

Анасы Әнәс ибн Маликті (Алла оны рақымына алсын) Пайғамбарымызға алып келіп: «Уа, Алла Елшісі! Мынау менің балам – Әнас. Осыған бата беріңізші», - деп өтінеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алла! Оның мал-дүниесі мен бала-шағасын көп қыл», - деп бата береді. Кейін Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) берекелі батасы жайлы сахаба Әнас (Алла оны рақымына алсын): «Алланың атымен ант етейін! Менің мал-дүнием көп. Ал балаларым мен немерелерімнің саны бүгінде жүзден асады», - деп айтқан екен.

Фудайл ибн Ғияд (Алла оны рақымына алсын): «Уа, Алла Тағалам! Балам Әлиді тәрбиелеуде барымды салып жатқанымды Сен білесің. Бірақ шамам келмеуде. Уа, Алла Тағалам! Баламды әдепті қыл», - деп бата жасайды екен.

Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өз-өздеріңе теріс бата (қарғыс) бермеңдер. Бала-шағаларыңа теріс бата бермеңдер. Мал-мүліктеріңе қарғыс айтпаңдар. Өйткені, айтқандарың, Алла Тағала тілекті қабыл ететін сәтке сай келсе, тілегендерің келеді», - деп ескерткен. Демек, ашу үстінде айтылған сөздің де бала-шағаға тигізер зияны болады. Сондықтан бала ісінде қателессе де, сіз сөзіңізден жаңылмаңыз. Баланың қателігі – оған сабақ. Ал сіздің сөзден жаңылуыңыз, ашу үстінде айтқан ауыр сөзіңіз орны толмас өкіні арқалатуы ықтимал. Себебі, перзентіңізге қарата айтқан әрбір сөзіңіз бата не қарғыс боп тиюі мүмкін. Сол үшін де қазақ «жақсы сөз – жарым ырыс» дейді.

материал «Әке тәрбиесі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: