Құрайыштың алдыңғы қатарлы байларынан Хадиша деген бір жесір әйел кейбір адамдарға ақшасын беріп ортақтасып сауда жасайтын.
Хадиша Хазірет Мұхаммедке ақша беріп, оны сауда керуенімен Сирияға жіберді. Хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) сауда-саттықпен айналысып жүрген кезінде-ақ еңбекқорлықпен әділетті, турашыл, адал, адамгершілік қасиеттерімен табысқа жетеді. Сол себептен үнемі көп пайда түсіріп отырады. Хадиша Хазірет Мұхаммедпен бірлесіп ортақ сауда жасағанына өте риза болады.
Алланың Елшісі (с.ғ.с.) сахабаларға саудамен айналысып, пайда табуында қолдау көрсетсе де, ашкөздіктен аулақ болуларына кеңес берген: «Бұл дүниенің мүлкі тартымды. Кім қанағатшыл болса, оның мүлкінде берекет болады. Ал кім оны ашкөздікпен және құмарлықпен алатын болса, онда берекет болмайды. Олар қанша ішіп-жесе де еш тоймайтын адамдар секілді. Беруші қол, алушыдан әрдайым жоғары тұрады» (Бұһари).
Осылай пайғамбар (с.ғ.с.) мұсылмандарды дүниеқоңыздықтан тиып, дүние нығметтерін қолданар кезде ұстамды әрі шегін білуге кеңес берді. Алла елшісінің (с.ғ.с.) тәрбиесін көрген сахабалар да осы түсінікпен сауда жасайтын еді. Зүбайр ибн Аууам ерте жаста мұсылман болып, Бәдір, Ухуд секілді ғазауаттарға қатысқан сахабалардың бірі. Алланың елшісі (с.ғ.с.) оны қатты жақсы көретін және ол жайында «Менің елшім» деп айтатын (Термези).
Ол саудамен айналысатын дәулетті мұсылман еді. Бір күні жолдастары одан: «Ей Зүбайр, осынша байлыққа қалай ие болдың?»,- деп сұрады. Ол: «Сауда жасағанымда бірінің қолы жетпей немесе сатып алуға шамасы келмей затымды ала алмай қалған пенде болған емес. Мен сауданы тек пайда көру үшін жасамаймын. Сол себепті де Алла маған берекет береді», – деп жауап береді.
материал «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) және Оның күнделікті іс-әрекеттері» кітабынан алынды,
ummet.kz