26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Есімі Құранда ескерілген сахаба

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Алла Тағала Құран кәрімнің Ахзаб сүресінің 37-ші аятында былай деді:

فَلَمَّا قَضَى زَيْدٌ مِنْهَا وَطَرًا زَوَّجْنَاكَهَا

«Сонда одан Зәйіттің жұмысы біткен (ажыраған) кезде оны саған некелендірдік)».

Осы аятты оқи келе «неліктен дәл осы сахабаның аты Құранда зікір етілді екен? Мәртебесі жағынан үстемірек болған Абу Бәкір мен Омар (р.а) сынды басқа сахабалар бола тұра Құранға аты түсерлік нендей ерекшелігі бар?» деген сұрақ келді қаперге. Алла кітабында атымен аталған бұл ұлы сахабаның өмірбаянына көз жүгіртіп, хикметін іздедік.

Зәйд ибн Хариса ибн Шарахил әл-Ка’би. Әкесі-Хариса ибн Шарахил әл-Ка’би, шешесі-Су’да бинт Са’ләбә. Атақты жас Сахаба Усаманың (р.а) әкесі. Ұлы қолбасшы. Алғашқы исламды қабылдаған мұсылмандар қатарынан. Пайғамбардың (Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сүйікті сахабасы.Алла жолындағы Мута шайқасында әскербасы болып, осы соғыста жан тапсырып шәхид болған.

Бірде Зәйдтің анасы Су’да ұлы Зәйдпен төркінін зиярат етіп келген екен. Сол кезде осы ауылға бану Қайн тайпасы шабуыл жасап Зәйдті алып кетеді. Бұл кезең исламға дейінгі жахилия дәуірі еді. Олар Укказ базарына барып баланы сатып жібереді. Сол уақытта Зәйд әлі жас бала. Оны Хаким ибн Хузам апайы Хадижаға 400 дирхамға сатып алады. Ал Хадижа анамыз Пайғамбарымызға (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) тұрмысқа шыққанында Зәйдті Пайғамбарға (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сыйлаған. Бұл кездерде Зәйдтің әкесі Хариса баласының қайда екенін білмей уайым құшып, оны іздеумен жүреді.

Бірде Кәлби тайпасы қажылық жасауға Меккеге барады да онда Зәйдті байқап қалады, олар оны, ол да оларды таниды. Сөйтіп Зәйдтің хабары әкесіне жетеді. Баланың хабарын естіген Хариса бауыры Ка’бты қасына ертіп, баланың бостандығына төлейтін ақшасын қоса алып, жолға шығады. Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қайда екенін сұрастырып үйіне барады да:

– Уа, қаумының қалаулысы Абдулмутталибтің ұлы! Сендер Алла үйінің тұрғынысыңдар, қиындық көргенге мейірімділік көрсетіп, тұтқынды көрсеңдер тамақтандыратын қауымсыңдар. Сенде құл болып отырған баламызға келдік, оны бізге қайтар, құнына да кеңдік жаса, немесе құнына құн қосайық,-деді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

       Кім ол?-деді.

ؘ–  Зәйд ибн Хариса.

– Басқа нәрсе ұсынамын. Шақырыңдар, таңдау еркін беріңдер. Егер сендерді таңдаса, құнсыз-ақ алыңдар. Ал егер мені таңдаса, Алламен ант етейін, мені таңдағанға қарсы құнды таңдамаймын!

– Ойлағанымыздан асып түстің,-деп разы болысып келісті.

Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Зәйдті шақырып алып:

– Мына адамдарды танисың ба?-деп сұрады, Зәйд:

– Иә, танимын, мынау әкем, ал мынау көкем.

       Мені болса білесің, саған жасаған ілтипатымды да білесің. Қаласаң мені таңда, қаласаң екеуін таңда,-деп Пағамбарымыз (оған алланың игілігі мен сәлемі болсын) таңдау берді. Сонда Зәйд:

– Сен бар кезде екінші біреуді таңдамаймын. Сен мен үшін әрі әкемсің, әрі көкемсің,-деп жауап берді. Бұны естіген әкесі мен көкесі Зәйдке қарап:

       Өкініш болсын саған, Зәйд! Әкең мен көкең, үй ішің бостандық тұрғанда, оның бәрін ысырып қойып құлдықты таңдайсың ба?

– Иә, мен бұл адамнан сондай бір мейірім, жылулықты байқадым, мен оны ешбір нәрсеге ауыстырмаймын,-деп жауап берді. Бұны көрген Алла елшісі (Алланың сәлемі мен игілігі болсын) оны Қағбаның тұсындағы «Хижр» деген жерге шығарып:

– Зәйд менің ұлым екеніне куәлік етіңдер! Ол маған, ал мен оған мирасқормын,-деп жариялады. Бұны естіген әкесі мен көкесінің көңілдері тынышталып, уайымдары сейіліп кері қайтады. Осыдан бастап Алла исламды жібергенше Зәйд ибн Мухаммад деп аталған.

 Атына Пайғамбардың аты қосылып, «ұлы» деген атқа ие болу кімге болса да арман шығар... Зәйд (р.а) үшін де солай еді. Алайда, Алла тағаланың дегені басқа еді. Арада біраз уақыт өтіп уахиден жырақ қалған қараңғы қоғамға нұрланып атқан ислам таңы шуақ шашты. Ескіден қалған қате пікірлер мен надандықтарға құрық салынып адамзатты адамгершіліктің шыңына жетелейтін шариғат түсті. Соның ішінде балаларды әкелерінен толықтай ажыратып, баланың өз әке-шешесін танытпай қойып, нәсілдің шатасуына әкеліп жататын ескі ғұрып – «біреудің баласын өзгенің баласы» деп атауға да тиым салынды. Сөйтіп Алла тағала Зәйдті мазмұнына қамтыған:«ادعوهم لآبائهم (Ахзаб 5) Оларды әкелерімен шақырыңдар» деген аятты түсірді. «Бұл аят түскенше Зәйд ибн Харисаны Зәйд ибн Мухаммад деп қана атайтынбыз» дейді ибн Омар (р.а) Имам Бухаридің жеткізген хадисінде. Күні кеше жанына ең жақын адамның атымен қосылып аталатын еді, енді міне, оған тиым салынды.

Алайда Алла Тағала бұл ұлы сахабаның осы жайтқа байланысты көніліне сызат түсірместен Құранның өзінде атын атады. Бұл бір үлкен бақыт еді. Себебі, дәл осы сәттен бастап есімі Құран болды, ақыретке шейін әрбір Құран оқушының тілімен оқылатын болды. Сахабалар үшін аты аталмақ түгілі жай меңзелуінің өзі бір бақыт еді. Оған дәлел Убай ибн Ка’бтың (р.а) оқиғасы. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған:

– Алла маған мына сүрені саған оқы деп бұйырды,- деді. Сонда Алланың оны атағанын естіген Убай:

– Мен сонда айтылдым ба?-деп, қуаныштан көз жасына ерік берген. Ал енді Құранда аты ашық айтылса қалай болмақ, ойлай беріңіз...

Сонымен қатар, егер біреуге иман иесі деп, ол сөзімен оның жәннаттық екенін меңзесе және оны бақилық болмастан бұрын білдірсе, демек бұл қуаныш үстіне қуаныш, абырой үстіне абырой ғой. Бұл көзіміз шалған бірінші хикмет. Екінші хикмет, асырап алған балаға өз атын беруге болмайтынын көрсетуі. Мұны Пайғамбардың (Алланың оған сілемі мен игілігі болсын) асырап алған баласын атымен атап, нақтылап көрсетуі үлкен өнеге болды. Егер олай істемесе бала асырап алу мәселесінде түсінбестіктер туындар еді. Ақиқатын білуші Алла ғана.

 

 

 

Дайындаған: Айбек Әбдіқадыр

«ummet.kz» рухани – ақпараттық порталы

Бөлісу: