26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Кісілік пен кішіліктің үлгісі

Кісілік пен кішіліктің үлгісі

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Айша анамыздың айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз сөйлегенде байыппен, әр сөзін жеке-жеке анық етіп сөйлейтін. Оны естіген адам тіпті сөздерін жаттап алатын.

Өте маңызды сөздерді үш реттен қайталайтын, сондықтан сөзін түсінбейтін жан қалмайтын. Бос сөйлегенді ұнатпайтын, пайдасыз нәрселерді сөз қылғаннан гөрі «аз сөз –алтын» деп, жақ ашпағанды жөн көретін.

Әрдайым жарқын жүзді, жылы шырайлы еді. Бұл жайлы Абдуллаһ ибн Харис: «Үнемі күлімсіреуде одан өткен ешкімді көрмедім», – дейді. Пайғамбарымыз қатты айқайлап күлмейтін. Күлкісі тек езу тартып жымию болатын. Күлімсіреп қарауы – адамдарға мейірімділігі, айқайлап күлмеуі – адамдардың келешегінің уайымынан еді.

Көпшілікке бір нәрсе үйреткісі келген кезде, ешкімнің айыбын бетіне басып, жұрттың алдында атын атамайтын. Сол үшін де кемшілік жасаған адам өзі-ақ қатесін дереу түсінетін.

Қарсы алдындағы кісі қаншама дөрекі болса да сабырлықпен тыңдап, өзінің тұлғалығын әрдайым сақтап, жұмсақтық көрсететін. Тіпті өзіне адырая қарап «Әділетті болсаңшы!» деп өктемсіген бәдәуиге де кішіпейілдік танытқан. Шапанынан жұлқи тартып дөрекі мінез танытқанға да кешіріммен қарады. Басына топырақ шашып, аяғының астына тікен төсеп жәбір-жапа шектіргендерге ыза-кек сақтамады. Тіпті көңілі қалып, олардан безіп кетпек былай тұрсын, қайта науқастанған кездерінде хал-жағдайларын сұрап барып тұрды.

Рақым шуағын алып келген Ардақты елші (с.а.с.) адамдардың қажеттілігіне жәрдемші болуды негізгі міндеті деп санайтын. Алдына мұңын шағып кім келсе де, қолында барын беретін, жоқ болса жұмсақ сөзбен өмірге қажет өсиеттерін айтатын. Ерекше мейірімділігі мен жұмсақтығын көрген халық оның мейірім құшағын паналайтын, тіпті әрқайсысы әкесіндей жақын көретін.

Айша анамыздың айтқанындай, Пайғамбарымыз (с.а.с.) екі істің біреуін таңдау керек болса, егер ол күнә болмаса, адамдар үшін жеңіл болғанын таңдайтын. Ол: «Дінді қиындатпай жеңілдетіңдер, қорқытып үркітпей, сүйіншілеп қуандырыңдар!» – деп насихат еткен.

материал «Шапағат шамшырағы – әз Мұхаммед (с.а.с)» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: