26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Балаларға мейіріммен қарау және әділетті болу

Балаларға мейіріммен қарау және әділетті болу

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Алла елшісінің немересі Хусейн үшін құтбасын тоқтатып мінберден түсуі

Абдуллаһ ибн Амр (р.а.) былай әңгімелейді: «Бірде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мінберде жамағатқа сөз сөйлеп тұрғанда, мойнына күртеше орап алған немересі Хусейн (р.а.) көрінді. Ол келе жатып, әлденеге шалынып, жерге етпетінен құлады. Расулалла мінберден түсіп, немересіне ұмтылды. Жамағат арасынан кейбір сахабалар баланы орнынан тұрғызып, Алланың елшісіне көтеріп әкелді. Расулаллаһ Хусейнді құшақтап тұрып: «Алла жазасын берсін шайтанның! Расында да, бала деген сынақ. Уаллаһи, немеремнің шалынысып құлағанын көргенде, мінберден қалай түсіп кеткенімді өзім де байқамай қалдым», – деді.

Намаз оқып жатқанда немерелері Хасан мен Хусейннің Алла елшісінің арқасына мінуі

Әбу Саид (р.а.) былай әңгімелейді: «Бірде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сәжде еткенде, Хасан (р.а.) Оның арқасына мініп алды. Расулалла қолымен баланы ұстап, орнынан тұрды, сол күйде рүкүғ етті. Рүкүғтан тұрып, денесін тіктегенде, бала ұстаған қолын бос қойды. Немересі осыны күткендей атасын жайына қалдырды». Бұл жайында Зүбәйр (р.а.) мынадай мәлімет береді: «Уаллаһи, әлі күнге есімде, бір күні Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сәждеге бас қойғанда, немересі Хасан Оның арқасына мініп алды. Ол өзі түспейінше, Расулалла оған тиген жоқ. Кейде Расулалла сәжде еткенде, аяқтарының арасы ашылатын, сол кезде Хасан осы сәтті пайдаланып, аяқтарының арасынан өтетін».

Алланың елшісі Хасанды сүйгенде, Ақра ибн Хабистің айтқан сөзі және Пайғамбарымыздың берген жауабы

Саиб ибн Язид былай әңгімелейді: «Расулалланың Хасанды сүйіп жатқанын көрген Ақра ибн Хабис: «Менің бір емес, он балам бар. Бірақ олардың ешқайсысының бетінен сүйген емеспін», – деген еді. Оған Пайғамбарымыз: «Адамдарға мейірімді болмағандарға Алла да мейірімін төкпейді», – деп жауап берді».

Расулалланың баласына мейірімді болғандарға және барлық балаларына теңдей қараған адамдарға берген сүйіншісі

Әнәс (р.а.) былай әңгімелейді: «Бірде бір әйел екі қызын ертіп, хазірет Айшаға келген болатын. Айша анамыз қонақ әйелдің алдына үш құрма қояды. Ол қыздарына бір-бір құрмадан ұстатады. Олар құрмаларын тауысып, тағы бар ма дегендей, анасының қолына телміреді. Әлгі әйел қолындағы жалғыз құрманы екіге теңдей бөліп береді. Қонақ әйел кетіп қалған соң, Айша анамыз көргенін Пайғамбарымызға айтып берді. Алла елшісі: «Ол әйел сол әрекеті үшін жаннатқа кіреді», – деді».

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: