26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с) адамдарды зікір етуге шақыруы

Пайғамбардың (с.ғ.с) адамдарды зікір етуге шақыруы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Әбу Һұрайра (р.а.) айтады: «Бүкіл ғаламның мақтаулысы, ардақты Пайғамбарымыз бірде Меккеге барар жолда Жүмдан деп аталатын таудың тұсына келгенде, қасындағыларға:

– Жүмданнан өтіңіздер. Себебі мүфәрридтер бұл жерден әлдеқашан өтіп кеткен, – деді. Алла елшісінің бұл сөзіне түсініңкіремеген сахабалар:

– Ей, Алланың расулы! Мүфәрридтер дегеніңіз кімдер? – деп сұрады. Пайғамбарымыз:

– Олар Алланы көп зікір етушілер, – деп жауап қайырды».

Басқа бір риуаятта: «Әрдайым жан тәнімен беріліп зікір жасаушылардың жасаған зікірлері олардың жүгін жеңілдетеді. Солар қиямет күні ауыр жүктен құтылып, Алланың алдына абыроймен барады», – деген екен.

Муаз ибн Әнәс былайша баяндайды: «Бір кісі келіп Пайғамбарымыздан:

– Қандай мүжаһидтің сауабы мол болады? – депсұрады. Алла елшісі:

 – Алланы көп зікір еткен мүжаһидтің сауабы артық болады, – деді.

– Шынайы, дініне берік құлдарыңның ішінде қайсысының сауабы артық болады, – деді әлгі кісі тағы да. Алла елшісі:

– Әлбетте, Алланы көп зікір еткендікі артық болады, – деп әуелгі жауабын қайталады. Әлгі кісі дәл осы сұрақты намаз оқитындар, зекет берушілер және қажылық жасайтындардың да сауабы жайында сұрап көріп еді, Пайғамбарымыздың қайтарған жауабы «Алланы көп зікір етушілердікі» болды. Сол кезде хазірет Әбу Бәкір мен Омар (р.а.) да әңгімеге араласып:

– Ей, Әбу Хафс! Зікір етушілер бізге сауап қалдырмады ғой, – деді. Пайғамбарымыз:

– Әрине, солай, – деді».

Абдуллаһ ибн Бүсрдің айтуы бойынша, бір кісі Пайғамбарға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп:

– Уа, Пайғамбарым! Исламның шарттарын толық орындай алмай жүрген жайым бар. Маған қандай жағдайда болмасын қолымнан келетін құлшылықтың түрін айтыңызшы. Тым құрыса соған берік болайын, – деді. Алла Расулы:

– Алланы зікір етіп жүр, – деп ескертті.

Алланы зікір етушілердің қасында отырудың өзі бақыт

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Бір күні Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) достарына үгіт-насихат айтып отырған Абдуллаһ ибн Рауаханың қасынан өтіп бара жатып, оларға былай деді: «Сендер мен үшін қадірлі жамағатсыңдар. Себебі Алла  маған сендермен бірге сабыр етуімді бұйырған болатын». Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әрмен қарай әңгімесін былайша өрбітті: Мұқият құлақ түріңіздер! Осы жерде қанша кісі отырсыңдар, дәл сонша періште сендермен бірге отыр. Сендер Аллаға тәсбих айтсаңдар, олар да тәсбих айтып, мадақ айтсаңдар, мадақ айтып, тағзым етсеңдер, олар да сендермен бірге «Аллаһу әкбар», – деп тағзым жасауда. Содан соң олар Алланың құзырына барады.

Алла тағала өз құлдарының не істеп жатқанын жақсы білсе де, олар:

– Уа, Раббымыз! Құлдарың сені тәсбих етті, біз де тәсбих еттік. “Аллаһу әкбар” деп сені ұлықтады, біз де ұлықтадық. Мадақ айтты, біз де оларға қосылдық, – дейді. Сонда Жаратушы Алла былай дейді:

– Ей, періштелерім! Өздерің куә боласыңдар. Мен олардың күнәларын кешірдім.

Періштелер дереу:

– Уа, Алла! Олардың ішінде пәленше-түгенше деген күнәһар құлдарың да бар ғой, – дегенде, Алла:

– Ол жамағаттың артықшылығы сонда, олармен бірге отырғандардың өзі бақытсыз болмайды, – деді.

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: