26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мұхаммедтің жұбайлары

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мұхаммедтің жұбайлары

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «мүміндердің анасы» дәрежесіне ие он бір жұбайы болғаны Ислам әлеміне мәлім. Ал Мұхаммед пайғамбардан (с.а.с.) басқа мұсылмандарға төрт әйелден артық алуға шариғатта тыйым салынған.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) жұбайлары:

Мүміндердің анасы – Хадиша Хуайлидқызы

Мүміндердің анасы – Сәудә Зумғақызы

Мүміндердің анасы – Айша Әбу Бәкірқызы

Мүміндердің анасы – Хафса Омарқызы

Мүміндердің анасы – Зәйнәб Хузәймақызы

Мүміндердің анасы – Һинд Әбу Умәйяқызы

Мүміндердің анасы – Жуәйрия Харисқызы

Мүміндердің анасы – Сафия Хаййайқызы

Мүміндердің анасы – Зәйнәб Жахшқызы

Мүміндердің анасы – Рамлә Әбу Суфйянқызы

Мүміндердің анасы – Мәймуна Харисқызы

Пайғамбардың (с.а.с.) көп әйелге үйленуі, дін дұшпандары айтқандай, оның әйелқұмарлығынан емес. Өйткені оның (с.а.с.) Айша анамыздан басқа әйелдерінің барлығы бұрын тұрмыс құрған жесір және кейбіреулері егделеу болған. Алла елшісі (с.а.с.) оларды өз қамқорлығына алу және басқа да адамгершілік мақсаттарды жүзеге асыру үшін үйленген. Әрине, бұл біз үшін жақсы, өйткені бұл аналардың әрқайсысының өмір жолында бүкіл мұсылман қауымы өз жанынан да артық көрген, көркем өнегесіне мұқтаж болған Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жарқын бейнесі сақталған. Олардың әрқайсысының өмір жолы – бізге сабақ, үлгі-өнеге. Олар туралы жақсы ойда болу және олар жайында жақсы сөздер айту Ислам ақидасының бір тармағы ретінде қарастырылады. «Тахауия ақидасын» жазған Әбу Жағфар әтТахауи аталмыш еңбегінде: «Кім Алла елшісінің (с.а.с.) сахабалары және оның әрбір ластықтан пәк әйелдері мен әрбір жамандықтан таза ұрпақтары турасында жақсы сөйлесе, ол (сөйлеуші адам) мұнафықтықтан (екіжүзділіктен) арылады», – деген.

Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мен сендерге екі құнды нәрсе қалдырамын. Біріншісі – Алланың кітабы, онда тура жол мен нұр бар, ендеше, Алланың кітабын ұстаныңдар да, одан айырылмаңдар.

– Ол (с.а.с.) Алланың кітабына ілесуге (адамдарды) үгіттеуге кіріскен. – (Екінші) – менің отбасым. – Пайғамбарымыз (с.а.с.) осылай деп үш рет қайталаған.

– Мен тағы да менің отбасыма қатысты (нәрседе) Алладан (қорқуларыңды) ескертемін», – деген.

Олардың өмір жолын оқып-үйрену – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) отбасындағы өнегелерімен танысуда өте құнды. Алла елшісі (с.а.с.): «Сендердің ең жақсыларың – отбасына (әйеліне) жақсыларың. Мен – сендердің араларыңдағы өз отбасына ең жақсы (адаммын)»

«Мүміндердің ішіндегі ең иманы толық, мінез-құлқы жақсысы – өз отбасына (әйеліне) жұмсағы», – деп айтқан.

Әсуәд ибн Язид бірде Айша анамыздан:

– Пайғамбар (с.а.с.) үйде не істейтін еді? – деп сұрайды.

Айша анамыз:

– Үй тірлігін істейтін. Ал азан айтылса, намазға шығатын, – деп жауап беріпті.

Міне, осы пайғамбарлық үлгі мүміндердің аналарының өмір жолында көрініс тапқан. Асыл аналарымыз мұсылмандардың шариғат үкімдеріне жауап алуы және бұралаңы мен қиыс жолдары көп дүние тіршілігінде адаспаулары үшін басшылыққа алатын екі ұлы қайнар көздің бірі – сүннетті жеткізуде үлкен рөл атқарған. Олар туралы ғайбат сөз айту – пасықтық, ал олармен некелесу мұсылмандарға харам етілді. Өйткені, олар – біздің аналарымыз.

«Пайғамбар мүміндерге өз жандарынан да артық, ал оның әйелдері – (мүміндердің) аналары».

«Сендерге Алланың елшісіне азар беруге және өзінен кейін оның әйелдеріне үйленуге болмайды. Егер (олай істесеңдер), ол – Алланың алдында зор (күнә).

Оларға Пайғамбардың (с.а.с.) жұбайы болу міндеті жүктелген. Олар Алла  тағала тарабынан бір-бірімен жалғасқан нұсқаубұйрықтар алған.

«Ей, Пайғамбар әйелдері! Сендерден кім ашық арсыздық істесе, оның азабы екі еселенеді. Бұл Аллаға оңай. Сендерден кім Аллаһқа, Оның елшісіне бойсұнып, ізгі амал жасаса, оған сауап екі рет беріледі. Әрі біз оған мол ризық дайындап қойдық. Ей, Пайғамбар әйелдері! Сендер басқа әйелдердің біреуіндей емессіңдер (яғни өзге әйелдермен бірдей емессіңдер). Егер тақуалық қылсаңдар, (бөгде еркектерге) назданып сөйлемеңдер. Онда жүрегінде дерті бар адам сендерден дәмеленеді. Ендеше, тура сөз сөйлеңдер. Өз үйлеріңде отырып, алғашқы жәһилият дәуіріндегідей ашықшашық жүрмеңдер. Намаз оқыңдар, зекет беріңдер, Аллаға және Оның елшісіне бойсұныңдар. Ей, пайғамбар үй-іші! Алла сендерден ластықты (яғни күнәларды) кетіріп, сендерді тазартуды қалайды. Сондай-ақ үйлеріңде оқылған Алланың аяттары мен хикметті еске алыңдар. Расында, Аллаһ (құлдарына) Жұмсақ, (олардың жағдайларынан) толық Хабардар».

Біздің пәкиза аналарымыз осы берекелі жүкті абыроймен арқалап өткен. Сөйтіп, Пайғамбар (с.а.с.) жұбайларының тұлғалары Құранда мәңгі сақталған. Онымен бірге тіләуат етілетін ғибадатқа да айналған. Олар Пайғамбарымызды (с.а.с.) ешқашан дүние тіршілігі мен оның сән-салтанатына алмастырған жоқ. Алла тағаладан: «Ей, Пайғамбар! Әйелдеріңе айт: «Егер сендер дүние тіршілігі мен оның сән-салтанатын қалайтын болсаңдар, онда бері келіңдер, сендерге біраз дүние берейін де, көркем түрде қоя берейін. Ал егер Алланы, Оның елшісін және Ақырет мекенін қалайтын болсаңдар, расында, Алла сендердің араларыңдағы жақсылық істеушілерге үлкен сауап әзірлеген», – деген аят түскенде, бәрі де бірауыздан «Біз Алланы, Оның елшісін және Ақырет мекенін қалаймыз» деп жауап берген. Алла оларға разы болсын!

материал «Асыл аналар» кітабынан алынды,

ummet.kz

                          

Бөлісу: