26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарымыздың ﷺ хижреті - 2

Пайғамбарымыздың ﷺ хижреті - 2

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Жолаушылар сапар бойы небір қызыққа кенелді. Жол азықтары әлдеқашан таусылған. Талғажау етер тағам іздеп айналаны сүзіп келе жатқан жолаушыларға бір шопан жолыға кетеді. Олар жағдайларын айтып, сүт сұрайды. Малшы: «Сауын малым жоқ. Мына бір жалғыз ешкіні сауатын едік, ол да буаз, сүті тартылып кетті» - деді.

Пайғамбарымыз (ﷺ) ешкіні ұстап алып шипалы қолымен желінін сылап-сипап, дұға етті. Сол-ақ екен ешкінің желіні тырсылдап сүтке толды. Оны сауып, мейірлері қанғанша ішті. Аң-таң болған шопан: «Не деген керемет жансың?! Сен сияқты адамды бұған дейін көрсем, көзім шықсын. Кімсің сен? Қайдан келесің?» - деп сұрақтарын жаудыра жөнелді. Мұхаммед (ﷺ) : «Кім екенімді айтайын, бірақ тіс жарып ешкімге айтушы болма» - деді. Малшының уәдесін алған соң: «Мен Алланың Расулы – Мұхаммедпін» - деді. Қызығушылығы онан сайын арта түскен қойшы: «Е-е, әлгі құрайыштардың жолынан адасты деп жүргендері сен болдың ғой» - деді. Пайғамбарымыз: «Иә, иә, олар солай деп жүр» - деп күрсінді. Малшы сөзге келместен: «Мен саған сендім, иландым, сен пайғамбарсың. Айтқандарыңның хақ екеніне шүбәм жоқ. Сенің істегендеріңді тек пайғамбар ғана істей алады. Мен саған мойынсұндым» - деп, аяқ астынан мұсылмандықты қабылдайды да «Мені де ала кетіңдерші, өздеріңмен бірге” деп жалынады. Алла Елшісі оған: «Сен әзірге дәрменсізсің. Әлі алда талай-талай асулар бар. Сен онан да менің жеңісімді естіген күні кел, бізге қосыл» - деп басу айтты. Қысыр ешкінің сүт беруі Ұзақты күнге жол жүріп шаршаған жолаушылар Құдайд алқабына келгенде Әбу Ма’бад деген адамның шатырына ат басын тірейді. Сол жердегілерден: «Құрма немесе басқа азық сатпайсыңдар ма?» - деп сұрайды. Адамзаттың асыл тәжі 302 Отағасы Әбу Ма’бад үйінде жоқ болатын. Әйелі Атиқа: «Өкінішке қарай, ұсынар дәмге зәруміз» - деп жауап береді. Хазіреті Мұхаммед (ﷺ) анадай жерде тұрған ыңыршағы айналған арық ешкіні меңзеп: «Сүті жоқ па?» - деп сұрайды. Атиқа: «Сүт қайдан болсын о байғұста, өзі қысыр, түрі анау ғой» - деді. Хазіреті Мұхаммед (ﷺ): «Рұқсат берсең, сауып көрейік» - деп, үй иесінен рұқсат сұрады. Өріске баруға жарамай қалған арық ешкіден ештеңе шықпасына сенімді түрде Атиқа қонақтың бетін қайтармау үшін ғана: «Көрем десеңдер, өздерің біліңдер, қолдарыңды қақпаймын» - деді. Пайғамбарымыз ешкінің жонынан сипап, бір қолымен желінін ұстап «Бисмилләһир-рахманир-рахим» деп дұға етті де: «Енді ыдыс әкеліп сауып көріңізші» - деді үй иесіне қарап. Атиқа абдыраған күйі түк түсінбестен үйінен ыдыс алып шығып, ешкіні сауа бастады. Қолы желінге тиген сайын өз көзіне өзі сенбеді. Ыдыс шөпілдеп толған соң алдымен үй иесі, сонан соң қонақтар кезекпе-кезек қанғанша ішті. Сонан соң ешкіні тағы да сауып, сүтті Атиқаға берді. Жолаушылар кеткен соң үйіне келген отағасы Әбу Ма’бад ыдыс толы сүтті көріп: «Мұны қайдан алдың?» - деп сұрады әйелінен. Атиқа болған жайды түп-түгел баяндап шыққанда: «Түр тұлғасы қандай адам?» - деп сұрады күйеуі.

«Орта бойлы, қою қара қасты, көзі мойылдай қап-қара, жүзі өте нұрлы» - деп сипаттаған әйеліне Әбу Ма’бад: «Құрайыштан шыққан пайғамбардың нақ өзі. Егер мен үйде болғанда оған иман келтіріп, бірге ере кетер едім» - деді. Расулулла кетерінде үй иесі Атиқаға «Бұл ешкіні соймаңдар» деп кеткен. Арадан көп уақыт өткенде Атиқа: «Расулулла мүбәрак алақанымен желінін сипаған сол ешкі Хазіреті Омардың халифалығы тұсында Мәдинаға көштің он сегізінші жылында жұртты жайлаған қуаңшылықта да бір үйлі жанды асырады. Мал тұрмақ адамдар жеуге азық таба алмай босып кеткенде ешкіміз екі мезгіл сүт беріп, несібемізді жалғайтын» - деп еске алған. Сурақаның содырлығы Құрайыштың Мұхаммедті (ﷺ) ұстап берген кісіге жүз түйе сый беретінін естіген Кинана тайпасының сотқарлары да тыным таппай, оңай олжа тапқысы келді. Қызыл теңіз маңынан екі түйелі төрт адамның өткенін ұзынқұлақтан естіген олар күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. Әсіресе батырлығымен аты шыққан, әрі із кесуде алдына жан салмайтын Сурақа ибн Малик оңай олжадан қағылғысы келмей, құлқыны құрып, Хазіреті Мұхаммедтің (ﷺ) ізіне түскен еді. Оған іздегенін табу аса қиынға соққан жоқ. Бар екпінімен желе жортып Хазіреті Мұхаммед пен оның жолдастарына жақындап-ақ қалады. Хазіреті Әбу Бәкір қуғыншыны көріп қобалжи бастайды. Мұхаммед (ﷺ) болса, еш абыржымастан: «Уайымдама, досым, Алла бізбен бірге» - деді де, артына бұрылып, Сурақаға көз тастады. Сол мезетте Сурақаның атының аяғы белуарына дейін жерге кіріп кетті. Бар пәрменімен атын қамшылап, енді шықтым дегенде құмға қайта батты. Атының аяғы кірген жерден түтін шыққанын көргенде, мүшкіл халден құтыла алмасын сезген қуғыншы Хазіреті Мұхаммедке жалбарынып: «Дұға ете көр, мына бәледен құтқар мені. Құлың болайын. Саған зәредей зиян келтірмеймін. Сені көргенімді де ешкімге айтпаймын» - деді. Хазіреті Мұхаммед (ﷺ) дұға етіп, Сурақаны құтқарған соң: «Соңымызға түскендер болса, кері қайтар» - деп бұйырды. Сурақа құтылғанына қуанып, кері қарай шаба жөнелді. Жолай кездескен мүшріктерге: «Бұл жақты іздеп босқа шабылмай-ақ қойыңдар. Мен айнала шолып келемін, ешкім жоқ. Бағыттарыңды өзгертіңдер» - деп, дұшпанның бетін қайтарады. Тағдырдың тамашасы деген осы емес пе, таңертең пайғамбарды қолға түсіру үшін қамданып, жолға шыққан адам, түстен кейін Оны дұшпаннан қорғауға күш салды. Кейіннен Сурақаның бұл әрекетін естіп білген Әбу Жәһил ызаланып, қолынан басқа ештеңе келмейтін болған соң «айдың күннің аманында қорқып қашқан» деп, Сурақаны келемеждейді… Хазіреті Мұхаммедтің (ﷺ) муғжизасына куә болған Сурақа: «Менің көргендерімді көрсең, сен де Мұхаммедке иман келтірген болар едің» - деп жауап қайтарған екен. Сол Сурақа Мәдинаға хижреттен соң сегіз жыл өткенде, Расулулланы Хунайн шайқасынан қайтып келе жатқанда қарсы алып, мұсылмандықты қабылдағанын айтып, пайғамбарға бас иген. Сапар жалғаса түсті…

Айнала ұшы-қиырсыз сахара. Аптап ми қайнатқандай. Сурақаны қайтарып, көңілдері орнына түскен жолаушылар біресе ілбіп, біресе желіп, біресе аяңдап шыжыған ыстықты елемегендей алға баса берді. Иыр-шиыр ой арнасында ағыс ыңғайымен жүзген кісіше тым-тырыс келе жатқан олар алдарынан көрінген керуенді де әуелгіде байқамай қалады. Керуен Шамнан сауда жасап, Мәдинадан Меккеге бет түзеген. Керуенші саудагерлер арасынан Зүбәйір ибн Аууам бұларды танып келіп, сәлем-сауқат білген соң мәдиналық мұсылмандардың сарыла жол тосып отырғандығынан құлақ қағыс етті. Сонан кейін Пайғамбарымыз бен Әбу Бәкірге шамдықтардың дәстүрлі ақ шапанын кигізді. Мәдинаның ахуалын естіген жолаушылар жылдамдықтарын арттыра түсті. Меккеге оралып, шаруаларын ыңғайлаған Хазіреті Зүбәйір ибн Аууам да Мәдинаға хижрет еткен. Жылдамдықтарын арттырған жолаушылар Амим деген жерге келіп жетеді. Сәһм ұлдарының мекені осы жерге жақын. Олардың басшыларының бірі Бүрайда ибн Хусайб та құрайыштың олжасынан дәметіп, қасына сексен батырын алып пайғамбарды іздеуге шыққан болатын. Қуғыншылар Амим мекенінде іздегендерімен қауышты. Аллаһ Елшісі (с.а.у.) оларды көре салып, басшысына: «Жөн-жосығыңды айта отыр» - деді. «Менің атым – Бүрайда, Әслам тайпасынанмын» - деген жауапты естігенде, Хазіреті Мұхаммед (ﷺ) жолдастарына қарап: «Уа, Әбу Бәкір! Ісіміз оңға басайын деген сияқты» - деді. Сонан соң Бүрайдадан: «Әсламның ішінде қай рудан боласың?» - деп сұрады. Бүрайда: «Сәһм ұлдарынан» - деп жауап берді. Пайғамбарымыз (ﷺ):  «Уа, Әбу Бәкір! Бізден артық жолы болғыш жан бар ма екен?» - деді. Мұхаммед (ﷺ) не нәрсені болса да әрдайым тек жақсылыққа жоритын. Бұл жолы мәселенің мәнін түсінбесе де, жолшыбай кездескен бейтаныс жолаушының байсалдылығы мен өзін көргендегі қуануының себебін аңдай алмаған Бүрайда: «Ал сен кім боласың?» - деп сауал тастады. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Мен Абдулланың ұлы Мұхаммедпін. Алланың Елшісімін» - деді де, оны Исламға илануға шақырды. Уағызға ден қойған Бүрайда жауынгерлерімен бірге сол сәтте иман келтіріп, мұсылман болды. Пайғамбарымыз жаңа мұсылмандармен бірге сол түнді Амимде өткізді. Таң атқан шақта Бүрайда Хазіреті Мұхаммедке: «Уа, Расулулла! Мәдинаға байрақсыз кіргеніңіз дұрыс емес» - деп, сәлдесін шешіп, күні кеше ғана пайғамбарды өлтірмек болған жебесінің ұшына байлады. Мәдинаға барғанша өзі бастап әлгі байрақты желбірете көтеріп жүрді. Алла Елшісі (ﷺ) Бүрайда туралы кейінірек былай деген: «Сахабаларымның біреуі туған мекеннен ұзақ бір елде қаза болады. Сол (сахаба) қиямет-қайымда аталған мемлекеттің нұры әрі сол ел халқының жетекшісі болып қайта тіріледі». Шынында да Бүрайда Ислам жолында ұлы істер атқарып, Хорасанға дейін келіп, Мары қаласында дүние салады.

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: