26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарымыздың ﷺ хижреті - 1

Пайғамбарымыздың ﷺ хижреті - 1

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Қаныпезер құрайыштар қанды қаулыларын іске асыруға асығып, қызу дайындыққа кіріскен. Дәл осы тұста Хазіреті Мұхаммедке ﷺ  Алладан көшуге рұқсат әмірі түсті. Пайғамбарымыз ﷺ әдетте Хазіреті Әбу Бәкірдің үйіне күнде таңертең, кешке екі мезгіл соғып кететін.

Жоғарыдағы әмірді алған сәтте, түс әлетінде сыддық досының үйіне асығыс келеді. Пайғамбардың бейуақтағы келісінен секем алған Хазіреті Әбу Бәкір: «Әке-шешем сен үшін құрбан болсын, айта отыр, жайшылық па әйтеуір?» - деп сұрады. Саңлақ пайғамбар:

- «Құдіреті күшті Жаратқан Алла маған Меккеден Мәдинаға көшуге рұқсат берді» - деді. Хазіреті Әбу Бәкір:

- «Мен ше? Саған жолдас болуға жараймын ба?» Хазіреті Мұхаммед:

- «Әрине, оған сөз бар ма?» - дегенде Хазіреті Әбу Бәкір қуанғанынан көз жасын селдетті.

Хазіреті Айша (р.а) кейінірек бұл жөнінде: «Өмірімде қуаныштан сонша жылаған адамды көрген емеспін» - деп еске алған. Алла Елшісі ﷺ мен сахаба Әбу Бәкір (р.а) өздеріне жол бастаушы етіп мүшріктердің арасында жүргенмен сенімділігімен, жігіттігімен, сөзіне беріктігімен танылған Абдуллаһ ибн Үрайкитті таңдап, үш күннен соң Сәуір тауының етегінде кездесуге сөз байласып, түйелерін дайындап, тапсырады.

Жолға дайындықты тәмамдаған соң Мұхаммед ﷺ көңілі тоғайып, үйіне қайтады. Сол заматта уахи тасушы періште – Жебірейіл келіп пайғамбарымызға мүшріктердің шешімін білдіріп: «Бүгін түнде күнде жатып жүрген төсегіңе жатушы болма!»- деп ескертеді. Мұнан соң Мұхаммед ﷺ  Хазіреті Әлиді шақырып алып: «Бүгін менің орныма сен жат. Мына жасыл шапанымды жамылғайсың. Еш қорқушы болма, саған зиян келмейді» - деді. Сонан соң бір кездері мүшріктердің сақтау үшін өзіне аманат еткен қымбат бұйымдарын Әлиге беріп, осыларды иелеріне табыстағанша Меккеде қалатынын ескертті.

Меккеліктер бағалы заттарын өздерінде сақтауға қорыққандықтан Хазіреті Мұхаммедке сеніп тапсыратын. Мұхаммедул-Әмин атандырған да пайғамбардың асқан сенімділігі еді. Мүшріктер өздері көзін жоюды көздеген адамның қолына бар бағалы заттарын, қымбат дүниелерін табыстайтын болған. Аманатқа көзінің қарашығындай қарайтын ол, қол астындағы заттарды иелеріне табыстауды, өзі кетіп бара жатса да, бір сәт есінен шығармаған. Пайғамбардың үйін торуылдау алдын-ала жоспарлағандай, әр рудан таңдалған тепсе темір үзетін мықтылар түн ортасы ауғанда ардақты Пайғамбарымыздың ﷺ үйін қоршап, торуылдауға кірісті. Араларында Әбу Жәһил, Әбу Ләһаб және Умаййа ибн Халаф сияқты азулылар да бар болатын. Қаскөйлер таңның рауандап атуын, Хазіреті Мұхаммедтің үйінен шығуын күтіп, кірпік қақпастан күзетті. Әдеттері бойынша біреуді үйінде жатқан жерінде өлтіру қорқақтықтың ең масқара түріне жататын.

Мұхаммед ﷺ дұшпан үйінің айналасына мықтап орныққан сәтте сыртқа шықты. Табалдырықтан аттараттамас жерден бір уыс топырақ алды да, күзетші қаныпезерлерге шашып жіберіп, «Ясин» сүресінің алғашқы сегіз аятын оқыды. Екі көзі төрт боп түні бойы пайғамбардың үйінен шығуын күткендердің бірде-біреуі оны көре алмады. Біраз уақыт өткенде қастарына жақтастарының бірі келіп: «Неғып отырсыңдар, сақадай сайланып? Көздеріңді шел басқаннан сау ма? Мұхаммед ﷺ әлдеқашан бастарыңа топырақ шашып, көз алдарыңда осы үйден шығып кетті» - деді. Не болғанын түсінбеген мүшріктер бір-біріне қарап, шаң-шаң болған шаштарын қақты. Сонан соң әлгінің айтқанына сенер-сенбестерін білмей, үйге кіреді. Төсекте ұйықтап жатқан адамды көріп: «Қайдағы шыққан, әне ұйықтап жатыр әлі» - деп, сыртқа шығып таң атқанша тағы күтеді. Таңертең Хазіреті Мұхаммедтің ﷺ орнынан Хазіреті Әлидің тұрғанын көргенде қандары бастарына теуіп, ашуын кімнен шығарарын білмей, әбден ызаланады. «Мұхаммед ﷺ қайда?» деген сұрақтарына Хазіреті Әлидің «мен қайдан білейін, оянғаным жаңа ғана емес пе» деп жауап беруі оларды тіпті ашуландырады.

Хақ Тағала осы оқиғаға қатысты «Әнфал» сүресінің отызыншы аятын түсірген: «Бір кездері сені тұтқындау үшін, өлтіру үшін, сені зорлап еліңнен қуу үшін тұзақ құрған еді. Олар тұзақ құрған сайын Алла Тағала олардың тұзақ, айлаларын бұзып отырды. Алла – айла жасап, тұзақ құрғандарға қарсылық берушілердің қайырлысы».

Сәуір үңгірінде Алла Расулына келер болсақ, өне бойы өнегеге толы тұлға үйінен шыққан беті асығыс Хазіреті Әбу Бәкірге келіп, жағдайды түсіндірді де, апыл-ғұпыл жол азығы мен зәру заттарын алып, жолға шықты. Бет алыстары – Меккенің төменгі тұсындағы, яғни оңтүстік батысындағы қалаға үш сағат қашықтықтағы Сәуір тауы. Сыддық досты Алла Елшісінің біресе алдын орағытып, біресе кейін қалып, алаңдап келеді. Хазіреті Мұхаммед ﷺ: «Уа, Әбу Бәкір! Неге менімен қатар жүрмейсің?» - дегенде әзіз жолдас: «Алды-артыңа көз тігіп, сені қорғап жүрмесем кім болғаным?» - деп, сауалға сауалмен жауап берді. Екеуі Сәуір үңгіріне жетті.

Жұманың түні. Үңгір айналасында қыбырлаған жәндік жоқ, тып-тыныш көрінді. Бірінші болып қараңғы үңгірге Хазіреті Әбу Бәкір кірді. Ішін тазалап, қиыршық тастарды лақтырып, отыратын орын әзірледі. Үңгірдің майда тесіктерін бел орамалын жыртып бітеген болды. Қалған бір тесікке аяғын тіреді. Сонан соң Пайғамбарымызды ﷺ шақырды. Мұхаммед ﷺ үңгірге еніп, досының тізесіне басын қойған күйі көзі ілініп кетті…

Біраздан соң Хазіреті Әбу Бәкірдің қуысқа таяған аяғы удай ашыды. Жылан шаққанын білсе де аяулы жанның ұйқысын бұзбайын деген ниетпен тістенген күйі қыбыр етпеді. Бірақ жылан зәрі жанын сыздатқаны сондай, көзінен ыршып кеткен ащы жас тәтті ұйқыдағы Пайғамбарымыздың ﷺ бетіне тамып кетті. Сол уақытта шырт ұйқыдан оянған Хазіреті Мұхаммед: «Не болды саған досым?»- деп, басын көтеріп алды.

- «Анам-әкем сенің жолыңда құрбан болсын, уа Расулулла, мазасызданатын ештеңе жоқ. Аяғымды жылан шақты ғой деймін, удай ашып кетті», - деді Хазіреті Әбу Бәкір.

Расулулла  мүбәрак түкірігін Хазіреті Әбу Бәкірдің аяғына жағуы мұң екен, Алланың құдіретімен айығып шыға келді. Мұнан соң Алланың әмірімен үңгірдің қуысына бір өрмекші келіп, өрмек құра бастады. Тура кіре беріске бір көгершін ұшып келіп, ұя салды. Бұлар Расулулла мен оның досы Хазіреті Әбу Бәкірді құрайыштық дұшпандардан қорғауды өз мойындарына алып, күзетке тұрғандай еді. Сәуір үңгіріне таяу келген мүшріктер: «Осы үңгірді тінтіп шықсақ қайтеді?» - деді. Олардың айтқандары үңгірдің ішіндегілерге анық естіліп тұрды. Жауыздардың бірі үңгірдің аузына жақын келіп, сәл тұрды да, қайтадан кері бұрылды. «Ішіне үңілсең етті, ақыры қасына барған соң»- деген жолдастарының сөзіне: «Кіре берісінде жабайы көгершіндер ұя салыпты. Кешелі-бүгінді салынғанға ұқсамайды. Бұл жерге адам қалай кіреді? Ұя бұзылуы керек еді ғой» - деп жауап берді. Умаййа ибн Халаф та ашуланып: «Неғып үңгірдің айналасынан шықпай қалдыңдар? Көздерің жоқ па, ана өрмекшінің торына қарасаңдаршы. Атам заманғы өрмек қой ол. Мұхаммед ﷺ  тумастан бұрын бар шығар» - деді. Мүшріктер үңгір маңынан алыстай берді. Осылайша Алла Тағала жаратқан жәндіктерін – өрмекші мен көгершінді сүйікті құлына күзетшілікке пайдаланғандай еді.  

Меккедегі іздеу шаралары

Алла Елшісін ﷺ өз үйінен таба алмаған мүшріктер Меккенің түкпір-түкпірін тінтіп, іздеу салды. Хазіреті Әбу Бәкірді (р.а) де үйінен таба алмаған соң мүлдем ашуға мінді. Ары бері іздеп әбден сандалған олар енді айлаға көшті. «Мұхаммедті ﷺ немесе Әбу Бәкірді (р.а) тапқан адамға жүз түйе беріледі» - деп жар салды. Мұны естіген ұры-қары, қаскөй атаулының бәрі қылыш асынып, садақтарын сайлап, сойылдарын алып, қаладан ұзап шығып айналаны іздеуге кірісті. Із кесушілікке маманданғандар көп кешікпей екі адамның ізін тапты. Оның Хазіреті Мұхаммед пен Хазіреті Әбу Бәкірдің аяқ ізі екенін де жазбай таныды. Осы ізбен жүріп отырып Сәуір тауына дейін келеді…

Араларынан айлалы бірі: «Із осы жерде кесілгеніне қарағанда, олар осы маңнан ұзап кетпеген. Не де болса іздегенімізді таптық-ау, сірә» - деді. Умаййа ибн Халаф үңгірдің аузына жақындады. Үңгірдің ішінен Хазіреті Мұхаммед пен Хазіреті Әбу Бәкір сырттағыларды айқын көріп отырды. Хазіреті Әбу Бәкір қатты қобалжып: «Уа, Расулулла! Мені өлтірсе де арманым жоқ. Қатардағы жай пендемін ғой, мен сияқтылар толып жатыр. Бірақ Алла басқа салмасын, саған зиян келер болса, бүкіл үмметіңнің күні қараң» - деді. Хазіреті Мұхаммед ﷺ: «Сен саспа досым, Алла бізбен бірге» - деп, оны жұбатты. Хазіреті Әбу Бәкір сонда да: «Уа, Расулулла! Қазір олардың біреуі еңкейіп үңгірге көз салса, бізді көріп қояды ғой» - деп қобалжуын баса алмады. Әлемдердің мақтанышы болған Пайғамбар ﷺ  байсалдылығынан танбай: «Уа, Әбу Бәкір! Екі адамның қасында үшіншісі Алла болса, ақыры қайыр боларына күмәнің бар ма? Бізді ешкім де ұстай алмайды» - деді де, Ұлы Жаратушыға дұға етті.

Құран Кәрімде бұл оқиғаның баяндалуы: «Егер де сіздер оған (расулыма) көмектеспейтін болсаңыздар (ұмытпаңыздар) кәпірлер Оны (Меккеден) қуғанда Алла Тағала өзі Оған жәрдемдескен болатын. Тағы да Ол көмегін аямайды. Ол қиын сәт еді. Расулулла екеудің бірі еді (жанында тек Әбу Бәкір болды). Олар (Сәуір тауының етегінде ) үңгірде отырды. Пайғамбар қасындағы жолдасына «Уайымдама, Алла бізбен бірге» деді. Алла (жолдасының) жүрегіне күш беріп, Оны (сүйікті құлын) көрінбейтін әскерлермен қолдады. Сөйтіп кәпірлерді төмендеткен еді. Алланың діні – ұлы дін. Алла (міндетті түрде) жеңуші, әр нәрсені орынды істеуші хаким». (Тәуба сүресі, 40-аят)

Бейсенбіден жұмаға қараған түні үңгірге кірген екі дос үш күн, үш түн бойы тапжылмастан сонда отырады. Бұлай етулерінің де мәнісі бар. Мүшріктер мұнша уақыт ішінде оларды іздеп таба алмаған соң Меккеден ұзап кеткендіктерін ойлап, жаппай қуғынды бәсеңсітер деген сақтық. Шынында да солай болды. Үңгірде тығылып отырып мүшріктердің арасында болған оқиғаларды Әбу Бәкірдің ұлы Абдуллаһтан естіп, біліп отырды. Абдуллаһ күндіз мүшріктердің арасында жүріп, айтқандарының бәрін тыңдап, кешке Расулуллаһ пен әкесіне хабар беретін. Түнде үңгірде болып, таң сәріде Меккеге қайтып келетін…

Хазіреті Әбу Бәкірдің құлы Амир ибн Фухайра да Сәуірдің баурайында қой жайып жүрген болып, Абдуллаһтың келген-кеткен іздерін таптап тастайтын. Әрі үңгірдегілерге сүт апарып беретін… Осылайша үш күн, үш түнді өткізген соң Абдуллаһтан Меккедегілердің із кесуді саябырлатқанын естіп, екі дос ары қарай жолға шығудың қамын ойластырады. Дүйсенбі күні сәресі мезгілінде, алдын-ала келісілгендей, жол бастаушы Абдуллаһ ибн Үрайкит екі түйені жетелеп Сәуір тауының маңына келді.

Үңгірден аттаныс

Рәби’уләууал айының төртінші дүйсенбісі… Үңгірден шығар сәт те келіп жетті… Хазіреті Әбу Бәкір екі түйенің қоңдырағын досы Хазіреті Мұхаммедке ﷺ ұсынып: «Әке-шешем сенің жолыңда құрбан болсын, уа, Расулулла, міне мінітің де әзір» - деді. Хазіреті Мұхаммед ﷺ: «Тұра тұр, асықпа досым. Мен мына түйенің құнын төлемей міне алмаймын» - деді. Хазіреті Әбу Бәкір: «О не дегенің, сенің жолыңда мал түгілі жанымыз пида. Кел мін» - деді. Мұхаммед ﷺ келіспеген соң Хазіреті Әбу Бәкір түйенің сатып алғандағы бағасын айтуға және оны алуға мәжбүр болды. Үрайкиттің ұлы Абдуллаһ бастап, қастарына Әбу Бәкірдің қызметшісі Амирді де алып, екі дос Сәуірмен қош айтысты.

Алла Елшісіне ﷺ туып-өскен мекенінен айырылу оңай болмады. Артына қайта-қайта қарайлап, мұңды жанарын Меккеге тігумен болды. Хәзрауа алқабына келгенде түйесін тоқтатып көз ұшында қалып бара жатқан туған қаласына деген қимастық сезімін төмендегі сөздермен білдірді: «Уаллаһи, сен Алланың жаратқан мекендерінің ішінде ең құттысысың. Алла сүйген орынсың. Мен үшін де сенен қайырлы, сенен әсем жұрт жоқ. Кетуге мәжбүр болмасам, басқа жерден қоныс іздеп көшпес едім. Қош бол, туған жер – атамекенім!» Хақ Тағала осы сәтте сүйікті құлын жұбату мақсатымен төмендегі аяттарын түсірді: «Әрине, ол Құранды түсіріп, таратуды саған парыз қылған Алла сені қайтадан қауышар мекеніңе (Меккеге) оралтады». (Қасас сүресі, 85-аят)

Дұшпанның қолына түсіп қалмау үшін Мәдинаға көпшілік жүретін жолдан гөрі тасалау жолға түскенді дұрыс деп біліп, жолаушылар оңтүстікке қарай Қызыл теңіз жағалауындағы Тихама елді мекеніне дейін барып, сосын солтүстікке бұрылды. Теңізден қашықтап, шөлді бетке алып аяңдай берді. Сейсенбі күні түске дейін түйеден түспей жол жүрді. Екінші күні түс әлетінде жолай кішкене тыныстап алмақ болып тоқтайды. Пайғамбарымыз көз шырымын алуға жатады. Хазіреті Әбу Бәкір болса, аяулы досын күзетіп, айналасын қырағы көзбен шолып отырады. Әлден уақытта ұзақта қой жайып жүрген шопанға көзі түседі. Асығыс орнынан тұрып, қойшыға барып, жөн сұрасып, бір ішім сүт сұрап әкеледі. Онысын қоярда-қоймай Пайғамбарымызға ﷺ  ішкізеді.

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: