Бай адамға тән қасиеттер болады. Мысалы, ол табысының бір бөлігін ең алдымен өзіне «төлейді». Оны ары қарай сақтап, көбейтеді. Ал кедей адам тапқанын ең әуелі қарыздарын жабуға, сосын басқа да қажеттіліктерін өтеуге жұмсайды. Айдың соңына қарай ақшасы таусылып, қайтадан қарыз алады. Сөйтіп кедейлік шеңберінен шыға алмайды. Енді не істеу керек?
Былтыр бір кісіге 400 000 теңге берешегім болды. Ай сайын 200 000 теңгеден беріп, 2 айда құтылам деп ойладым. Тағы біреуге 20 000 теңге қайтаруым керек еді. Оны 1 айда бірден бере салам деп шештім. «Қарыздарымнан құтылып алайын, сосын байларша әрекет ете бастаймын, яғни табысымның бір бөлігін өзіме «төлеуді» сол кезде бастаймын» деген ойда болдым. Яғни, мен 2 ай бойы кедейлерше қарыздарымды жабуға жұмыс істеп, одан кейін ғана байларша әрекет етуді қолға алмақшымын ғой. Ал ол кезге дейін тағы да қарыз алуға мәжбүр боп қалсам ше? Жоқ, бұлай болмайды. Қазірден бастап өзіме «төлеуім» керек деген шешімге келдім.
Былай істедім:
Бірінші қарыз: ай сайын қарызымды жабуға жұмсаймын деп отырған 200 000 теңгенің 100 000 теңгесін өзіме, қалған 100 000 теңгесін қарыз берушіге беріп отырдым. Әрине, екінші тараптың келісімімен. Сөйтіп 2 ай емес, 4 айда қарызымнан құтылдым. Оған қоса ай сайын өзіме «төленген» ақшаның есебінен 400 000 теңге жинап үлгердім!
Екінші қарыз: оны бірден 1 айда бере салуға асықпай, ай сайын өзіме 10 000 теңге және қарыз берушіге 10 000 теңге беріп, 2 айда қарызымнан құтылдым. Оған қоса есепшотымда өзіме «төленген» 20 000 теңге болды!
Сөйтіп бас-аяғы 4 айда қарызымнан да құтылдым, есепшотымда да қосымша 420 000 теңге пайда болды.
Қысқаша айтсам, былай ғой. Мысалы, сіз ай сайын қарызды жабуға белгілі бір соманы арнайсыз делік. Енді оны бірден бере салмай, жартысын өзіңізге қалдырыңыз, қалғанын қарызға жұмсаңыз. Сөйтіп қарыз біткенше жасайсыз. Бұның психологиялық әсері орасан. Шарасыздық күйінен құтылып, сенімді бола бастайсыз. Қорқыныш сезімі сейіледі. Бастысы, байларша өмір сүре бастайсыз.
материал «Лайфхактар» кітабынан алынды,
ummet.kz