22
Жексенбі,
Қыркүйек

һижри

Арақ-шарап дүкенінде сатушы болсам, күнә бола ма?

Арақ-шарап дүкенінде сатушы болсам, күнә бола ма?

Ислам тарихы

Бұл мәселенің үкіміне қатысты сөз қозғамас бұрын шарап пен арақ сынды адамды масайтатын ішімдіктерді ажырату ләзім. Шарапқа құранда хамр деп айтылған. Бұл жайлы аятта: «Уа, иман келтіргендер! Шарап және өзге де құмар ойындары, табыну үшін орнатылған бұттар және жебелер мен бал ашу – шайтанға ғана тән лас істер», делінген.

Ханафи мәзһабында хамр деп тек жүзімді ашытып, қайнату арқылы көбігі кеткенше тұндырып қоятын шарапқа ғана айтылады. Бұл шараптың азы да көбі де – харам. Мас қылмайтын деңгейде өте аз мөлшерде ішкен адамға да дүре соғылады. Білімі жеткен күйде шарапты адал деген адам діннен шығады. Шарапты мұсылман адам мүлік ете алмағандықтан оны сатуына да болмайды. Сатқан жағдайда сатып алған адамға әлгі шарап мүлік болмайды. Дәл сол секілді шарапқа қарымта ретінде алған қаражат та сатушының мүлкіне кірмейді.

Хамрдан тыс мас қылушы ішімдіктер деп – жүзімнен басқа нәрседен жасалатын арақ сынды масайтқыш ішімдіктерге айтылады. Мұндай мас қылушы ішімдіктердің үкімі тура хамр сияқты емес. Өйткені хамрдың арам болуы Құрандағы нақты кескінді аятпен келген. Ал масайтушы ішімдіктердің арамдығы хадиспен бекітілген. Масайтушы кез келген ішімдіктердің ішілуі харам болғанымен тікелей ластыққа жатпайды. Тиген жерлерді нәжәс қылмайды.

Бұл – Әбу Ханифаның көзқарасы. Сонымен қатар, кісіні мас қылмайынша дүре соғылмайды. Имам Әбу Ханифаның пікірінде хамрдан басқа ішімдіктерді сатқан адамның саудасы дұрыс. Бірақ ісі арамға жақын мәкруһ. Саудасы дұрыс деген сөзге тоқталып өтсек. Сауда келісіміндегі басты қағидаттардың бірі – келісім аяқталған соң, сатылған зат алушының мүлкіне кіреді, ал қарымта ретінде берілген қаражат сатушының мүлкіне өтеді. Екі тарап өздері иемденген затты қалағанынша жұмсай алады. Хамр, яғни, шарапты сатуда зат (шарап пен қарымта ретінде берілген қаражат) екі тараптың да мүлкіне кірмейді. Себебі шараптың арамдығы және нәжастығы Құранмен бекітілген.

Қорыта келе шараппен басқа мас етуші ішімдіктердің айырмашылығы:

  • Шараптың арамдығы құранмен бекітілген. Оны адал деген адам діннен шығады.
  • Мас қылушы ішімдіктердің арамдығы хадисті негізге алып қияспен бекітілген. Хадис кескінділікті білдірмегендіктен, арақты немесе сол секілді ішімдіктерді халал деген адам діннен шықпайды.
  • Шарап тек жүзімнен жасалады.
  • Мас қылушы ішімдіктер басқа да жемістерден жасалады.
  • Шарапты саудалаған адамның саудасы дұрыс емес.

Мас қылушы ішімдіктерді саудалаған адамның саудасы дұрыс. Бірақ ісі харамға жақын мәкруһ. Бұл имам Әбу Ханифаның пікірінде. Ал екі шәкіртінің пікірінде барлық мас етуші ішімдіктер шараптың үкіміне кіреді. Қазіргі таңда пәтуа имам Мұхаммедтің пікірімен берілген. Яғни шарапты саудалау қалай дұрыс болмаса, мас қылушы ішімдіктерді сату да тура солай дұрыс емес. Тек иман мәселесінде үш имам бір көзқараста. Яғни арақты адал деген адам діннен шықпайды.

  • Шарапты ішу харам болғанындай арақ сияқты ішімдіктерді ішу де – харам. Мұсылман адам кез келген мас қылушы арам ішімдіктерді сатуына, сатып алуына болмайды. Себебі мұндай ішімдіктерді ішу – харам. Күнә тікелей ішімдікке байланған соң, оны саудалауға да болмайды.38 Бұл үкім мас қылушы ішімдіктерді сатып алып, оны дүкенге қойып сатқан адамға қатысты. Ал егер дүкенге сатушы болып жұмысқа кірген адамның жұмысы арақ-шараптан басқа заттарды сатумен шектелген болса, ондай дүкенде жұмыс жасауға рұқсат. Бастысы арақ-шараптың өзін сатпау керек. Себебі жоғарыда айтқандай күнә тікелей арақ-шарапқа байланған, ал қағида бойынша күнәға тікелей қатысы бар затты сатуға болмайды. Аталмыш мәселеге пәтуа имам

Әбу Ханифаның пікірімен берілсе де, мас қылушы ішімдіктерді сатуға рұқсат жоқ. Себебі имам Әбу Ханифада ондай заттарды саудалау – харамға жақын мәкруһ.

Түйіндейтін болсақ, кез келген мас қылушы ішімдікті сатуға төрт мәзһаб бойынша рұқсат етілмейді. Ал ішімдігі бар дүкенге жұмысқа тұру мәселесінде арақты сатуына болмайды. Дүкендегі басқа адал заттарды сатумен айналысуына рұқсат. Бұл көрініс магнум сынды гипермаркеттерде кездесуі мүмкін. Себебі ондай жерлерде заттар бөлек бөлімге бөлініп, әр біріне сатушы қойылу арқылы сатылады. Ал шағын дүкендерде бір ғана сатушы барлық затты сатумен айналысатындықтан, ондай жерге жұмысқа тұру құп көрілмейді. Зәрулік туындамаса басқа жұмысқа тұрғаны жақсы.

материал «Арамға жәрдем беру жайында» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: