22
Жексенбі,
Қыркүйек

һижри

Дүниеңді көрсете берсең, өзгені қызғандырасың

Дүниеңді көрсете берсең, өзгені қызғандырасың

Ислам тарихы

Қарапайым адам не үшін халыққа ұнайды, білесіз бе? Себебін іздеп көрдім. Меніңше, қарапайым адам – өзгенің қызғанышын қоздырмайтын адам. Ал жұрт әдетте нені қызғанады. Өзгенің қолындағы материалдық игіліктерді қызғанады. Мысалы, көлік, үй, ақша т.б.

«Адамдар сені жақсы көрсін десең, олардың қолындағы нәрсеге қызықпа, тәрк ет». Бұл – бір хадистің мағынасы. «Адамдардың қолындағы нәрсе» дегенді материалдық игіліктер деп түсінемін.

Олармен жарысып, «міне, қараңдар» дегендей барыңды көрсетуге тырыссаң, олардың қызғанышын қоздырасың. Бұл «материалдық игіліктер жаман, оған ие болуға тырысу дұрыс емес» дегенді білдірмейді.

Дүниеңді көрсете берсең, өзгені қызғандырасың. Артық қызғаныш тудырмау үшін барыңды барынша жасыруың керек. Қарапайым адам – «жасыру өнерін» меңгерген адам. Адал термен материалдық игіліктерге қол жеткізген сенде проблема жоқ. Проблема соны қызғанатын адамдарда. Сол үшін олардың қызғанышын қоздырмауға тырысу керек. Рухани интеллект тұрғысынан қарасақ, қызғаныш араласқан тамсану – көз тиюдің бір себебі. Дүниеңді көрсету бір басқа. Дүниең өзі көрінсе, бір басқа. Айырмасын байқап тұрсыз ба? Екі түрлі көрініс.

Мысалы, Инстаграмда дүниесін көрсететіндер көбірек. Бұл жұрт арасындағы қызғаныш концентрациясын арттырады. Мен қарапайым болуды таңдадым. Қолымдағы материалдық игіліктерді барынша көрсетпеуге тырысам. Бұл өзімнің де, өзгенің де жүрегіне тыныштық сыйлайды.

Қарапайым болудың өзіндік бір кайфы бар. «Кайф» – араб тілінен енген сөз. «Ләззат», «қанағаттану» деген мағынаны білдіреді. Келесі 3 мысалмен жеткізіп көрейін.

1. Біреу саған оқыған кітаптарынан мысал келтіріп, саған бір нәрсе түсіндіріп, бір нәрсе үйрете бастайды.Сен бұны бірінші рет естіп тұрғандай сөзін соңына дейін үнсіз тыңдайсың. Негізі, сен ол кітаптарды бірнеше рет оқып, бұл тақырыпты бүге- шүгесіне дейін зерттеп тастағансың.

2. Сенің шағын дене бітіміңе қарап, көшенің жігіттері ұстап алып, әңгіме айтып, тиісе бастайды. Ал сен жай ғана «жігіттер, аман болыңдар, мен жүре берейін» деп, кетуге ыңғайланасың. Негізі, сен бокстан спорт шеберісің: қаласаң, бәрін бірдей «ұйықтатып» тастай аласың.

3. Біреу Ланд Крузеріне жантайып, очкиін төмен түсіріп, сенің қарапайым киінгеніңе қарап, саған қалай ақша табу керектігін үйрете бастайды. «Қымбат киін, бизнес класпен ұш, қымбат жерден тамақтан т.б., сонда байларша ойлана бастайсың, сәйкесінше жақсы ақша табатын боласың» деп. Сен «ок» деп тыңдап тұра бересің. Негізі, сенің $500 000 инвестициялық капиталың, курорттық Италия мен Грекияда жалға беріп қойған бірнеше үйің бар.

Қарапайымдылық – сенімділік шыңы! Өзіне сенімсіз адам өзін мықтырақ етіп, мысалы, байырақ, білімдірек, күштірек, әдемірек етіп көрсетуге, біреуге бір нәрсе дәлелдеуге тырысады. Ал сенімді адам бұған әсте мұқтаж емес.

материал «Лайфхактар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: