22
Жексенбі,
Қыркүйек

һижри

Ерте тұруды қалай әдетке айналдырамын?

Ерте тұруды қалай әдетке айналдырамын?

Ислам тарихы

Бірде маған бір кісі хабарласты. Проблемасы ерте тұруды әдетке айналдыра алмай жүр екен. Кайдзен-шешім ұсынып көргім келді. Арадағы әңгіме былай өрбіді:

– «Ерте» дегеніңіз сағат неше?
– 07:00.
– Не үшін сағат 07.00-де тұруды әдетке айналдырғыңыз келеді?
– Спортпен айналыссам, кітап оқысам деп едім.
– Жақсы. Демек, қазір сізге күн сайын тұрақты сағат 07.00-де тұру қиын ғой?

– Иә.
– Қаншада тұру қиын емес?
– Ммм.. Сағат 08.00-де.
– Осы уақытта тұруға қиналмайсыз ғой?
– Иә. Себебі баламды балабақшаға апаруым керек. Үйреніп қалғам. Осы тұста біз ол адам үшін стандартты анықтап алдық. Кайдзенде «стандарт» деген ұғым бар. Стандарт жұмысты атқарудың ең оңтайлы жолы ретінде қабылданады. Одан ауытқуға болмайды. Темірдей тәртіп керек. Мысалы, ыстық пешті ұстап, қолын күйдіріп алған адамда «ыстық пешті ұстауға болмайды» деген стандарт пайда болады. Сол сияқты біреу айлық табысының 10%-ын қайырымдылыққа жұмсауды стандарт етіп алуы мүмкін. Әр адам мүмкіндігіне қарай тұрақты ұстанатындай етіп өзіне стандарт жасауы керек. Былайша айтқанда, нәпсісіне жеңіл болғаны дұрыс. Әлгі кісі үшін стандарт: 08.00-де тұру. А нүктесін белгілеп алдық. Б нүктесі: 07.00-де тұру. Ары қарай кеттік.
– Ал күнде сағат 07.50-де тұруға қалай қарайсыз? Қиын ба? Оңай ма?
– Болады.
– Онда ертеңнен бастап өзіңізге «07.50-ден кеш тұрмауды» стандарт етіп алыңыз да, содан айнымаңыз.
– Жарайды. Сосын не істеймін?
– Сосын 07.50-де тұру әдетке айналған соң, яғни сол уақытта тұрмаудан гөрі тұру жеңілірек болғанда, тағы 10 минут шегеріп, 07.40-да тұруға ақырын көшесіз.
Бұл жерде кайдзеннің PDCA деген әдісін қолдандым.
P – plan: кішкентай өзгерісті жоспарла, мысалы, тұру уақытын 10 минутқа шегер.
D – do: жоспарлған істі жүзеге асыр.
C – check: тексер. Жаңа өзгеріс жеңіл тиді ме? Ары қарай істей беруге дайынсың ба?
A – action: Жауап «иә» болса, осы өзгерісті стандарт етіп ал да, бекіт. Жауап «жоқ» болса, P-ға барып, кішкентай жаңа өзгерісті жоспарла, мысалы, тұру уақытын 10 емес 5 минутқа шегер.

Үздіксіз даму деген осы. Кішігірім қадамдар жасап, сосын оны стандарт етіп бекітіп, алға жылжи бересің. Тоқтамайсың. Кері кетпейсің де. Көп адамдар, әсіресе жастар радикал өзгерістерді қалайды. Бәріне тез әрі аз уақытта жеткісі келеді. Мысалы, біз қарастырып отырған проблеманы алайық. Олар бірден 07.00-де тұруға әрекет қылады. Сол жолда «нәпсісімен күреседі». Түрлі декларациялар жасап, «егер ерте тұрмасам, өзімді бәленше тәсілмен жазалаймын» деп жатады. Басында өзін күштеп 07.00-де тұрып жүруі де мүмкін. Ары кетсе 2 апта, жарайды 1 ай. Бірақ одан әріге шамасы жетпейді. Бұл – физиология. Ерік-жігерді өйтіп қинауға болмайды. Резеңкені неғұрлым қатты тартсаң, жіберген кезде соғұрлым қатты күшпен кері кетеді. Сөйтіп олар мақсаттарына жетпей, түңіліп, өз- өзіне деген сенімі азайып, кері кете бастайды. Бұрын 10.00-да тұрып жүрген болса, енді 11.00-12.00-де тұратын болады.

Диалогқа оралайын.
– Сөйтіп 10 минуттан шегеріп, 07.00-ге жетесің дейсіз ғой?
– Иә. Әр кішкентай өзгерісті (-10 минут) бекітуге шамамен 1 апта
қажет деп алсақ, 6 аптада (10 минут*6=60 мин=1 сағат=08.00 -> 07.00) қалаған нәтижеге қол жеткізесіз.
– 6 апта деген 1,5 ай екен. Одан да ұзақ болуы мүмкін. Біраз сабыр керек десеңізші.
– Онсыз болмайды. Бірақ бұл шешімнің ұтымды жері: қалаған нәтижеге жетіп алған соң, кері кетпейсіз. Түссеңіз де, бір-екі саты төмен түсетін шығарсыз. Бірақ радикал жолдағыдай қатты ауытқу болмайды. Ұзақ мерзімге негізделген тұрақты даму жолында боласыз.
«Асықпаған арбамен қоянды алады» деген осы шығар.
– Сіз айтқандай күн сайын 10 минут ерте тұрудан бастайын. Бірақ менің негізгі мақсатым спортпен айналысып, кітап оқу еді ғой. 10 минутта не істеп үлгерем? Жүгіруді қолға алсам деп едім.
– Бастысы: алғашқы қадам. 10 минутта отырып тұру, керілу, т.б. жаттығу жасауға және 1-2 бет кітап оқуға болады. Содан бастаңыз.

Кішкентай болса да, алғашқы қадамды жасау маңызды. Біз бірден үлкен қадам жасағымыз келеді де, керісінше бір орында тұрып қаламыз. Алғашқы қадам жасалған соң, келесі қадамды жасау жеңілірек. Дененің инерциясымен қалай тез жүріп кеткеніңізді байқамай да қаласыз. Қалай да өзіңді қозғалысқа келтір, ар жағы физика. Мысалы, ағылшын тілін үйренуді неден бастарын білмей жүрген адам күн сайын 3 сөз жаттауды стандарт етіп алсын. 3-ақ сөз!

Нәпсіге жеңіл. 3 сөз жаттап болған соң, бұл аздық етіп жатқанын байқайсыз да, тағы жаттайыншы деп 5-10 сөзді қалай меңгеріп алғаныңызды байқамай қаласыз. Сосын бір сөздің мағынасын іздеп жатып, жаңа грамматикалық ережені зерттеп кетесіз. Оны да үйреніп аласыз. Байқасаңыз, бәрі жай ғана 3 сөз жаттаудан басталған. Қаншама адам «тіл үйрену керек еді» деп әлі жүр. Кішкентай қадамды анықтап ал да, бастап кет.

PS: Жақында әлгі кісі хабарласты. «Өзгеріс бар» дейді. Мен ұсынғандай 10 минут емес, 15 минут ерте тұра бастапты. Сағат 07.45-те. «Жеңіл» дейді. Өзінше 6 қадам емес, 4 қадаммен мақсатына жетем деген болуы керек:) «Тұрақты түрде сағат 07.00- де тұру әдетке айналғанда, хабарласыңыз» дедім. «Жақсы» деп қалды. Күтеміз!)

Әлгі жігіт хабарласты. Қазір 07.00-де тұрып жүр екен. «Система супер» дейді.
Алғаш рет проблемасын айтып 1 жарым ай бұрын хабарласқан еді. Бір айдан аса уақытта кайдзеннің көмегімен жеке дамудағы кішігірім жеңісіне қол жеткізді.

материал «Лайфхактар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: