22
Жексенбі,
Қыркүйек

һижри

Құранның техникамен, мәдениетпен, өркениетпен байланысы

Құранның техникамен, мәдениетпен, өркениетпен байланысы

Ислам тарихы

Құран – адамдарға Аллаға апарар жолды меңзейтін мұғжиза кітап. Құранның адресаты – адам. Ол адамның Құдаймен, басқа адамдармен және мына әлеммен қарым-қатынасын реттейді. Адамның тура жолға түсуін қалайтын Құран бұл нәрсеге қол жеткізу үшін көптеген әдістерді қолданады.

Соның бірі – өткен заманда өмір сүрген қоғамдардың тарихын баян ету. Одан ғибрат шығару. Бірден айта кетейік, Құран қиссалық кітап емес және қиссалық стильде жазылмаған. Құранның ішінде қисса тек керекті дәрежеде ғана қолданылған. Осы қиссаны пайдалана отырып, адамзаттың басынан өткен түрлі кезеңдерден, техникалардан, мәдениеттер мен өркениеттерден тікелей немесе жанама түрде хабардар етеді.

Ең алдымен Құранда табиғат, Күн, Жер, Ай, жұлдыздар, аспан және күллі ғалам адам баласының игілігіне берілгені айтылады. Адам олардан пайда тауып, өзінің потенциалын көтеріп, қоғам құрып, мәдениетін және өркениетін орнықтырады. Ғаламның жаратылу мақсаты – адамдарға қызмет ету және олардың жайлылығын қамтамасыз ету. Адамның мақсаты – Оған халифа ретінде қызмет ету, аманат деп қарау. Аллаға бойсұну, Оны үнемі еске алу және жер бетінде Алланың атымен билік ету.

Алла Тағала адамды белгілі бір қабілеттермен, дарынмен, біліммен қаруландырып, оған ақыл мен ар-ождан және түрлі мүмкіндіктер берді. Адам баласы осы қабілеттерін, білімі мен ерік-жігерін пайдалану арқылы Аллаға құлшылық етеді және ешқашан Оған қарсы шықпайды. Осылайша жер бетіндегі бар- лық нығметтерден пайда алады; Адам өзінің ақыл-ойы мен интеллектін пайдалана отырып, материяны қалыптастырады және жаңа ашылулар, түрлі құралдар мен әдістерді дамытады. Осының барлығы адамның жайлылығы үшін. Бірақ бұл жеңілдік пен жайлылық адамға өзінің Жаратушысын ұмыттырып қоймау керек. Осыншама нығметке, мүмкіндікке ие бола отырып, Аллаға шәк келтіріп, тәкаппарлыққа бой алдырар болса, алдымен иләһи ескерту жасалады, оған бойсұнбаса жан төзгісіз азапқа ұшырайды. Міне, пайғамбарларды жіберу мен кітаптарды түсірудегі негізгі мақсат – осы. Әрбір жаңа пайғамбар адам баласына жайлылық беретін жаңа мүмкіндіктер, ақпараттар және әртүрлі жаңалықтар әкеліп отырды. Бір сөзбен айтқанда, пайғамбарлар және оларға түскен кітаптар мәдениет пен өркениеттің дамуына үлкен ықпалын тигізді.

Құран адамзат баласының жаратылуының бастауын ешқандай кездейсоқтық деп есептемейді. Осыған сәйкес, алғашқы адам ретінде жаратылған әзірет Адам ата, одан кейін жер бетіне түскен Хауа ана табиғи жағдайлар мен кездейсоқтардың жемісі емес, саналы түрде Құдайдың қалауымен жаратылған жа- ратылыстар. Олар жер бетіне еш қорғансыз жіберілген жоқ, Алланың бақылауымен, қолдауымен, қорғауымен ғұмыр кешті. Сондықтан оларды жабайы халде өмір сүрді деп айтуға ешқандай негіз жоқ.

Технологияның, мәдениеттің, өркениеттің қалыптасуында тұңғыш пайғамбардың яғни Адам атаның рөлі орасан зор. Бұл туралы Құранда Адам атаға барлық есімдерді үйреткені айтылған. Ибн Аббастың тәпсірінде Адам атаға нақты қандай нәрсенің есімдері үйретілгендігі жайлы хабарлар келген. Алдымен оған жануарларды, жерді, жазықтарды, тауларды, теңіздерді және басқа да осыған ұқсас жаратылыстардың атын үйреткен. Осылардың арқасында Адам ата өзін және айналасын тани бастаған. Бұлардан басқа ас табақтары мен қазандарды да әзірет Адамға үйретілген атаулардың тізіміне қосқан.

Әзірет Адамның негізгі қажеттіліктері мен өмір сүруіне ке- ректі құралдарды қалай жасау керектігін Құдай Тағаланың өзі үйреткен. Алла Тағала жер бетіне түсірген төрт нығмет: темір, су, от және тұз. Міне, осылар адамның жер бетінде өмір сүре алуына орасан зор септігін тигізеді. Сондай-ақ, Адам көктен түскенде өзімен бірге темірден бес зат ала келді деген хабарлар бар. Ол заттардың атауы: ану (ұста темірді қойып, түрлі форма беретін зат), тістеуік, сойыл, балға және ине. Адам көктен жерге түскенде заттардың атауын біліп, ол заттарды өз қажеттігіне қарай пайдаланған. Сондай-ақ әзірет Адам мен оның әйелі Хауа ана алғашқы отбасы болып, неке институтын құрды, ал олардың балалары алғашқы адамзат қауымының ұрпағын құрады. Ислам дінінің түсінігі бойынша бұл қоғам, жоғарыда айтып өткеніміздей, қарабайыр, жабайы қоғам емес, заман талабына сай технологиясы мен мәдениетін қалыптас- тырған өркениетті қоғам.

Құранда өткен қоғамдардың «күш-қуаты, дүние-мүлкі, бала-шағасы артқан» және «жер бетінде уақыт өткен сайын керемет құрылыстар қалдырған» делінген. Тіпті қоймасының кілті керуенге жүк болатындай байлық берілген Қарун жайлы айтылған кезде Құдай Тағала оған дейін Қаруннан да байқуатты адамдардың өмір сүргендігін айтады. («Қасас», 76-78)

Құран Кәрім бізге өнеге беру мақсатында өткен халықтардың оқиғаларын баяндап қана қоймай, олардың кейбір техникалары мен өркениет-мәдениеттерінен де хабар береді. Солардың кейбіріне тоқтала кетуді жөн көрдік. Қасиетті Құранда Адам атаның екі ұлы Абыл мен Қабыл Аллаға арнап құрбандық шалғандықтары, бірінікі қабыл болып, екіншісінікі қабыл болмағандығы айтылады. Қабыл мал шаруашылығымен айналысса, Абыл егіншілікпен айналысқан. Бұл мәліметтерге қарай отырып, Адам атаның балалары мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысқандықтарын, құрбандыққа шалуға болатын қолға үйретілген малдарды өсіргендіктерін, осылайша егіншіліктің, мал шаруашылығының, тіпті құрбандық шалу мәдениетінің болғандығын аңғарамыз.

Адам атаның құрбандығы қабыл болмаған Қабыл атты баласы екіншісін яғни Абылды өлтіреді. Мәйтті не істерін білмей басы қатады. Абыржып жан-жағына қарап отырған кезінде бір қарғаның өз жолдасын өлтіріп, жерді қазып, соған көміп жатқандығын көреді. Қабыл өзінің ағасын да осылай жерлейді. Жер бетіндегі алғашқы қабір, өлген адамды жерлеу мәдениеті осылай қалыптасқан. Міне, осы оқиғаны баян еткенде «Сосын Алла Тағала ағасының денесін қалай жерлеу керектігін көрсету үшін жер тырнап жатқан қарға жіберді» деген аят келеді. (Мәида, 31) Құранның осы нұсқауы және ілімі, сондай-ақ адам- ның бақылау қабілеті арқылы жаңа мүмкіндіктер мен жаңалықтар ашуға болатынын көрсетеді.

Бұл мәліметтер Алла Тағаланың мәдениет пен өркениеттің кейбір бөліктерін адамдарға жеке өзі үйрететіндігін көрсетеді; Яғни технология, мәдениет пен өркениет Құдайдың жеке араласуы мен басшылығының арқасында да пайда болуы әбден мүмкін екен. Қасиетті Құранда – Нұх пайғамбардың заманындағы кейбір адамдардың мүсіндері жасалып, пұтқа айналғандығын, оларды мешіт қабырғаларына, түрлі маталарға бейнелеп, үй қабырғаларына да іліп қойғандықтары, үлкен тостағандар мен құмыралардың сыртына сурет етіп салынғандықтары айтылады.

Әзірет Мұсаның заманында Самири атты адам әшекейлер жинап, одан бөлек бұзаудың мүсінін жасағандығы айтылады. Осы мәліметтерге қарай отырып сол кезеңдерде мәдениет пен өркениет элементі ретінде мүсіндердің, кескіндемелердің, ғибадатханалардың, тостағандар мен қазандардың жасалғанын анық айта аламыз. Бұл мысалдарға әзірет Нұх жасаған кеме, Жүсіп заманында Мысырда қолданылған жеміс пышақтары мен орындықтар, ашаршылық жылдарында азық-түлік жинаған сүрлем, әзірет Шұғайб заманында қолданылған өлшеу және таразы құралдары, әзірет Дәуіттің темірден сауыт жасауы, Зул-Қарнайн темір мен мыс балқытып, екі тау арасына бөгет жасағандығы, әзірет Сүлеймен заманындағы алғашқы жүк тасымалымен салынған мөлдір қонақ күту залы т.б. оқиғаларды қосуға болады.

Айта кетейік, Құран келтірген бұл оқиғалар мәдениеттер мен өркениеттердің қалыптасуында пайғамбарлардың үлкен рөл атқарғанын көрсетеді. Бұл Алланың өз пайғамбарлары арқылы адамдарға мәдениет пен өркениеттің көптеген элементтерін үйрететінін көрсетеді. Бұл адамзаттың барлық ғылыми және мәдени дамулары мен қалыптасуының негізінде илаһи білім мен қолдау жатқанын анық көрсетеді. Бұл тақырып кітаптың бірінші бөлімінде толығырақ қарастырылады.

материал «Құрандағы технологияға қатысты ишаралар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: