22
Жексенбі,
Қыркүйек

һижри

Мұсылман үшін ең абзал үш кәсіп

Мұсылман үшін ең абзал үш кәсіп

Ислам тарихы

Ғалымдарымыз ең абзал кәсіптерді үшке бөліп қарастырған:

1. Сауда саттық. Себебі Алла елшісінің өзі мұсылмандарды саудаға қызықтырған. Бұл жайлы хадисте: «Алла шыншыл саудагерлерді жақсы көреді», делінген.

2. Егіншілік. Адам пайғамбардың айналысқан кәсібі. Алла елшісі өзінің бірнеше хадисінде егіншіліктің абзал кәсіптерден екенін айтқан.

3. Қолөнер.

Бұл кәсіптер хадисте келгендіктен топ ең жақсы үштік кәсіптердің қатарына жатқызылады. Бастысы мұсылманның жасап жатқан кәсібінің адал болуы. Өкінішке орай қиямет жақындаған сайын заман азғындыққа ұшырап бара жатыр. Шариғаттың үкіміне жеңіл қарайтын адамға бүгінде дүние жинау үшін түрлі кәсіптер бар. Мұсылман адам тамағынан өтіп жатқан асына мән бермесе, арам ас жеп қойса, одан денеге біткен әрбір ет тозақта жануға лайық екендігі ғалымдар тарапынан айтылған. Астың келуі тікелей кәсіпке қатысты болғандықтан ең алдымен жасап жатқан жұмыстың адалдығына қатты мән беру керек.

Бүгінде халықтың арасында кафе, ресторан, банк сынды жерлерде жұмыс жасауға болады ма, деген сұрақ жиі қойылып талқыға түседі. Талқыға түсетін жөні де бар. Себебі мұндай жерлерде Алланың дініне сай келмейтін істер орындалады. Ақыретін ойлаған адам мұндай істерден аулақ болу мақсатында үкімін білгісі келеді. Бұл сұрақтың жауабы біз жоғарыда айтқан екі қағиданың айналасында болады. Біз кіріспеде айтқанымыздай қолыңыздағы бұл кітаптағы мәселелердің барлығы дерлік «арам іске көмектесу», «істеушінің ісі ерікті» деген екі қағидаға қайтады. Бірінші қағида имам Әбу Юсуф пен Мұхаммед сынды абсолютті ғалымдардын туындаса, екінші қағида имам Әбу Ханифаның Құран және сүннетке жасаған ізденісінен туындаған. Имам Әбу Ханифаның қағидасына салатын болсақ, банкте жұмыс жасауға рұқсат етіледі. Алайда риба келісіміне тікелей қол қоятын адам болып жұмыс жасауға болмайды. Себебі риба келісіміне қол қою – күнәға тікелей байланған. Ал банктегі күзетшілік, тазалықшы, кассирлік жұмысына күнә тікелей байланбаған. Яғни бұл істерді жеке алып қарағанда күнәға еш қатысы жоқ. Міне, сол үшін мұндай жұмыстарды кәсіп етіп мал табу арам емес. Табысы адал. Ал екі шәкіртінің қағидасына салатын болсақ, банкте жұмыс жасауға болмайды. Себебі барлық банктер өсіммен жұмыс жасайды. Ал өсім алу, өсімге қаражат беру – арам. Алла Тағала Құранда: «Алла сауда-саттықты адал етіп, өсімді арам етті», - деген.

Қорыта келе, банкте жұмыс жасауға имам Әбу Ханифаның көзқрасымен рұқсат етіледі. Тек шарты өсім шартына қол қоятын қызметте жасамау керек. Дәл сол секілді арақ-шарап сатылатын кафе, ресторандарда жұмыс жасауға болады. Бастысы шарап қойылған мәжілісте отырмау керек, мұсылмандарға шарап құюшы болып жұмыс жасамау керек. Егер мүмкіндік туындап басқа жұмыс табылса, кәсібін ауыстырған жақсырақ.

материал «Арамға жәрдем беру жайында» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: