22
Жексенбі,
Қыркүйек

һижри

Өзін жетілдіргісі келген адам неден бастауы керек?

Өзін жетілдіргісі келген адам неден бастауы керек?

Ислам тарихы

Өзімді дамытам, жеке дамумен айналысам деген адам мына 4 нәрседен бастауы керек:

1. Тамақты шектеп,

2. Ұйқыны азайтып,

3. Көп сөзді қойып,

4. Оңашаланып тұруы керек.

Бұл – Ислам ғалымдарының кеңесі. Осы кеңеске амал етуге талпынып жүрген жайым бар.

Тамақ. «Ауру – астан» деген сөз рас. Бір тамақты қорытпай келесі тамаққа көшеміз. Кейде өмір сүру үшін тамақ жейтін емес, тамақ жеу үшін өмір сүретін жандарға ұқсаймыз. Көп уақытымыз тамаққа кетеді. Негізі, қарын ашқанда ғана дастарханға отыру керек. Соңғы рет қашан аштық сезімін сезіндіңіз?

Тамақты шектеу үшін аптасына 2 күн – дүйсенбі және бейсенбі ораза ұстауды әдетке айналдыра бастадым. Қыстыгүні күн қысқа. Соны пайдаланып, жақсы бір әдет қалыптастырып алғым келеді. Кейін жазда күн ұзарғанда жеңіл болады. Ораза кезінде ағза демалады, тазарады. Жақсы бір профилактика бұл. Ойың да жинақы, себебі тамақты ойламайсың. Өнімділігің де артады екен. Жалпы ашығудың пайдасы жайлы біраз ғылыми еңбектер жазылды. Әлем ойшылдары да соны растады.

Ұйқы. Тамақ аз жеген соң, ұйқы да қыспайды. Тамақ қорытуға көп энергия жұмсағандықтан, ұйқымыз келеді, жалқаулық басады. Сағаттап ұйықтасаң да, ұйқың қанбайды. Қанша сағат ұйықтағаныңнан гөрі қаншалықты сапалы ұйықтағаның маңызды. Мысалы, қазір 5-6 сағат ұйықтап жүрмін. Тыңмын. Бөлменің салқын болғаны жақсы. Сапалы ұйқы – терең ұйқы. Терең ұйқы үшін ең қолайлы температура: +15 градус. Ұйқы үшін әр сағаттың сапалылық коэффициентін де ескеру керек. Мысалы, 22:00 – 04:00 арасындағы 6 сағаттық ұйқы 00:00 – 06:00 арасындағы 6 сағаттық ұйқыдан сапалырақ. 22:00 – 01:00 арасында ұйқы кезінде ми тынығады, 00:00 – 03:00 кезінде дене демалады. Байқасаңыз, кейде 01:00-де жатып, сағат 10:00-да тұрсаңыз да, басыңыз «сынып» тұрады. Бұл ми демалуы керек уақытта ұйықтамағанның салдары.

Көп сөз. Мен көп сөйлемеймін. Маған тыңдаған ұнайды. Адам көп сөйлеген сайын қателік жасау ықтималдығы да жоғарылайды. Кезінде адамдар өзін тәрбиелеу мақсатында аузына тас салып жүрген екен.

Оңашалану. Оңашалану жайлы сопылық әдебиеттерде де, батыстық тренингтерде де көп айтылады. Бір сәт өз-өзіңмен қалып, ой жүгіртуің, өміріңді саралауың керек. Мен көп оңашаланам. Интроверттік табиғатымнан болар. Жалпы дүниелік, ақпараттық шуды тастап, оңашаланған кезде даналық есігін ашқандай боласың. Небір ойлар туады. Жоспарларың да дұрысталады.

материал «Лайфхактар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: