Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әділдігі
Үммү Сәләма (р.анһа) анамыз: «Алла елшісі қайтыс болғанға дейін, дүние-мүлікті қалай тарататынын жақсы білетінмін. Бір күні әлдекім қобдишамен сегіз жүз дирхам алып келді. Сол түні осында қалатын болғандықтан, қобдишаны маған тапсырды. Құптан намазын оқып келген соң, әдеттегі намаз оқитын бөлмесіне кіріп кетті. Көпке дейін намаз оқыды. Сөйтсе де, бір кіріп, бір шығып байыз таппады. Бұл таң атқанша жалғасты. Таң намазын оқып келгеннен кейін: «Мені таң атқанша мазалаған әлгі қобдиша қайда?», – деп сұрады. Қобдишаны бердім. Ол қобдишадағы барлық ақшаны мұқтаж жандарға таратып берді. Сонда мен: «Уа, Расулалла! Осы күнге дейін ешкімнің қолынан келмегенді жасадың», – дегенімде, Алланың елшісі: «Намаз оқыған кезімде де ойымнан шықпай қойғаны. Келіп қараймын да, қайта намаз оқимын», – деді.
Алла елшісінің Ағла ибн әл-Хадрамидің жіберген сексен мың дирхамын таратуы
Әбу Мұса әл-Әшаридің айтуы бойынша, Ағла ибн әл-Хадрами Бахрейіннен Алла елшісіне сексен мың дирхам жіберген еді. Басқаларды қайдам, өз басым бұрын-соңды мұншама мол ақшаны көрген емеспін. Алла елшісінің әмірімен ақшалар шидің үстіне төгілді. Дәл осы кезде азан шақырылды. Артынша намаз оқылды. Намаздан кейін ақшаны таратуға кірісті. Ол кезде таразы жоқ. Қаражатты жұртқа уыстап үлестірді. Хазірет Аббас та келді: «Уа, Алланың елшісі! Бәдір соғысында өзімнің әрі інім Акилдің орнына да фидя (тұтқын болудан құтылу үшін берілген ақы) берген едім. Маған да үлес бер», – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жарайды, ал», – деді. Аббас үстіндегі көйлегін шешіп, ақшаны сықай толтырып алды. Алайда арқалауға шамасы жетпей, жүгін жерге қойды. Жерге қойды да, Пайғамбарымыздан көмек сұрады. «Көтергеніңше ғана ал. Артығын қалдыр», – деді Пайғамбарымыз күлімсіреп. Аббас та солай жасады. Аббас кетіп бара жатып: «Алланың уәде еткендерінің бірі іске асты. Ал қалғаны бола ма, болмай ма білмеймін. Алла тағала: «Ей, Мұхаммед! Егер Алла сендердің жүректеріңде жақсы ниет, иман және ықылас көрсе, сендерден алынған фидядан да артығын береді, әрі күнәларыңды кешеді. Өйткені Алла асқан кешірімді, әрі тым мейірімді» (ӘнфАл 8/70), – деп уәде еткен еді. Осы аятты оқыды да, «Бұл ақшалар бұрын менен алынғандардан да абзал. Алланың кешірімі Сахабалардың Алла жолындағы мәрттігі мен рақымына бөлене алар ма екенмін, білмеймін», – деді.
Хазірет Әбу Бәкірдің сезімталдығы
Исмайл ибн Мұхаммед былай дейді: «Әбу Бәкір (р.а.) қазынадағы қаражат пен азық-түлікті халыққа теңдей бөліп таратқан еді. Мұны көрген Омар (р.а.): «Ей, Алла елшісінің халифасы. Бәдір шайқасына қатысқан сахабалар мен өзгелерді тең санайсың ба?», – деді. Сонда Әбу Бәуір (р.а.): «Дүние бізді мақсатымызға жеткізетін дәнекер ғана. Қай кезде де орта жолды ұстансаң, ұтылмайсың. Бәдір сахабаларына келер болсақ, олар табысын ақыретте алады. Сондықтан тіршілікте оларды өзгелерден даралаудың қажеті жоқ. Абзалы осы», – дейді.
Омардың (р.а.) жауапкершілігі
Нашиза ибн Сүмәй әл-Язәни: «Омардың (р.а.) атақты Жәбия әңгімесінде былай дегенін естідім», – дейді. «Алла тағала маған қазынаның кілтін қолыма ұстатып, қалай тарату құзіретін де берді. Негізінен бұларды таратудың негізі Құранда болғандықтан, қалай тарату керектігін белгілеген Алла тағала. Алдымен Алла елшісінің отбасына, сосын кісілердің Исламға сіңірген еңбектеріне қарай таратамын». Омар (р.а.) мал-дүние таратқанда, Пайғамбарымыздың әйелдеріне молырақ бөлді. Ал Жуәйрия, Сафия және Мәймунаға азырақ тиді. Сонда Айша анамыз (р.анһа): «Алланың елшісі бізді алаламайтын», – деп шағымданды. Омар (р.а.) олардың барлығына тең бөлгізді. Омар (р.а.): «Ендігі кезек алғаш һижрет жасаған бауырлардікі. Өйткені біз жәбір-жапа көріп елімізден қуылдық. Одан кейін әлеуметтік жағдайлары төмен болғандарға беремін». Бәдір соғысына қатысқан мұһажирларға бес мыңнан, ансарларға төрт мыңнан, Ұхұд соғысына қатысқандарға үш мыңнан таратты. Омар (р.а.): «Алдымен алғаш һижрет еткендер, сосын алғаш һижрет еткендерден кейін һижрет еткендер алады. Ертең Омар қараулыққа барды деп, сыртымнан ешкім сөге жамандап, сөйлемесін. Менің бұл шешіміме наразы болғандар, һижретке кеш бел буғаны үшін өздерінен көрсін», – деді.
Омардың (р.а.) өз баласы Абдулланың наразылығына берген жауабы
Абдуллаһ ибн Омар әкесіне: «Әке, Усама ибн Зәйдке төрт мың, ал маған үш мың бердің. Алайда оның әкесі мен өзінің бізден асып бара жатқан ештеңесі жоқ шығар», – дейді наразылық білдіріп. Омар (р.а.) баласының бұл наразылығына: «Алла елшісі оның әкесін сенің әкеңнен артық жақсы көретін. Усаманы да сенен артық жақсы көретін», – деп жауап берді.
Омардың (р.а.) мал-мүлікті тарату барысында туыстарына қарсылық білдіруі
Әслам былай дейді: «Бірде Адийұлдары Омарға (р.а.): «Сен Алла елшісінің немесе Әбу Бәкірдің халифасысың. Өзгелерді дәрежелеріне қарай кезекке қойғаныңдай өзіңді де кезекке қойсаң болмас па еді?», – деді. Сонда Омар (р.а.) қабағын шытып: «Адийұлдарына қараңдар! Күпірлік етпей, шүкіршілік етсеңдер болмай ма, менің арқамда күн көріп, өз мүдделерің үшін мені пайдаланбақшысыңдар ғой? Сендер арандатуды көздеген бұл арам ойларыңды әсте іске асыра алмайсыңдар. Кезекте ең соңында тұрсаңдар да, ел сияқты кезектерің келгенде, өз үлестеріңді аласыңдар. Алла елшісі (с.ғ.с) мен Әбу Бәкір (р.а.) қандай жолды ұстанған болса, мен де сол жолмен жүремін. Егер мен оларға қарсы келсем, ертең маған да қарсы шығатындардың табылмасына кім кепіл? Алланың атымен ант етейін, оның (с.ғ.с) сүннетін ұстанғанда ғана, ақыретте жоғарғы дәрежеге қол жеткізе аламыз. Біздің арамыздағы ең абзал адам – Алланың елшісі (с.ғ.с). Оның ұрпағы арабтардың ең абзалы. Оған жақын болғандар дәрежесіне қарай құрметке ие. Араб халқы Пайғамбарымызбен құрметке бөленді. Бәлкім, кейбіріміздің шежірелеріміз арғы аталарымызда Пайғамбарымыздың аталарына келіп тірелер. Тіпті Адам атаға дейін жалғасатын шежіреде бергі аталарымыз ғана бөлек шығар. Бұған қарамастан қиямет-қайымда ұлты бөлек Алланың құлдары ізгі амалымен, ал арабтар құр алақан Алла тағаланың құзырына баратын болса, арабтарға қарағанда араб еместер Пайғамбарымызға бір табан жақын болмақ. Сондықтан ешқайсыңыз туыстыққа сеніп қалмаңдар. Алланың әмірін орындауға тырысыңдар. Өйткені жасаған амалдарыңыздың түбі шикі болса, тектілігіңіз бен байлығыңыздан қайыр жоқ», – деді».
материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,
ummet.kz