Ханафи мәзһабы бойынша:
Ханафи мәзһабының атақты ғалымы Имам әлКәсанидің «Бәдаиъус-санайъ» атты кітабында былай делінеді: «Мұхаммед пен Әбу Юсуф бойынша жүруге жарайтындай мықты, астын көрсетпейтіндей қалың және суды өткізбейтіндей тығыз, аяққа кигенде байламай-ақ өздігінен тік тұратын шұлыққа немесе үсті және табаны терімен қапталған мәсі тәріздес шұлыққа, яки, тек табаны терімен қапталған шұлыққа мәсіх тартуға болады. Ал, Әбу Ханифа бойынша тек табаны терімен қапталған немесе табаны да үсті де терімен қапталған мәсі тәріздес шұлыққа ғана мәсіх тартуға болады. Бірақ басқа бір риуаятта Әбу Ханифаның науқас кезінде бұл ойынан Мұхаммед пен Әбу Юсуфтың көзқарасына қайтып, қалың шұлыққа мәсіх тартқандығы айтылады».
Мәлики мәзһабы бойынша:
Мәлики мәзһабында жұқа шұлықты былай қойғанда, терімен қапталмаған қалың шұлыққа да мәсіх тартуға болмайды. Яғни, Мәлики мәзһабында табаны терімен қапталған шұлыққа ғана мәсіх тартуға болады.
Шафиғи мәзһабы бойынша:
Шафиғи мәзһабында асты көрінбейтіндей қалың, су өткізбейтіндей тығыз және жүруге жарайтындай мықты болмаған, тіпті, кейбір пәтуалар бойынша терімен қапталмаған шұлыққа да мәсіх тартуға болмайды. Имам ән-Нәуауий былай дейді: «Біздің мәзһабымыз (Шафиғи) бойынша дұрысы – егер шұлық жүруге жарайтындай мықты болса, онда оған мәсіх тартуға болады. Әйтпесе, жоқ... Ал (аяқ киімсіз) жүруге жарамайтын жұқа шұлыққа мәсіх тартуға болмайтыны даусыз».
Ханбали мәзһабы бойынша:
Ханбали ғалымдары табаны терімен қапталмаған шұлыққа мәсіх тартуға болатындығын айтқан. Бірақ ол шұлық – жұқа шұлық емес, аяқ киімсіз жүруге жарайтын қалың әрі мықты шұлық. Кейбір адамдар ханбали ғалымдарының шұлыққа «мәсіх тартуға болады» деген сөзін дұрыс түсінбегендіктен жүруге жарамайтын жұқа шұлыққа да мәсіх тартуды дұрыс санап жүр.
Алайда көрнекті ғалым Абдуллаһ ибн Ахмад ибн Қудама «әл-Муғни» атты кітабында Имам Ахмадтың: «Аяқта өздігінен мәсі тәрізді тік тұратындай қалың емес байпаққа мәсіх тартуға болмайды. Ал кейбір адамдардың шұлыққа мәсіх тартуының астарында – ол шұлықтардың мәсі тәрізді (аяқ киімсіз) жүріп тұруға жарайтындай болуынан» деп мәсіх тартуға болатын шұлықтың жұқа емес, қалың шұлық екенін айқындап айтқан сөзін жеткізді.
Бұған қоса, Ханбали мәзһабының белді ғалымы Шәмсуддин ибн Қудама «әш-Шархул-кәбир» (кең түсіндірме) атты кітабында: «...Егер өздігінен (байлаусыз) аяқта тік тұратын әрі жүруге жарайтын (шұлық) болса, оған мәсіх тартуға болады. Ал жұқа болса болмайды» – деп Ханбали ғалымдарының «шұлыққа мәсіх тартуға болады» деген пәтуаларындағы шұлықтың жұқа емес, жүруге жарамды қалың әрі мықты шұлық екенін айқындап түсіндірген.
Ибн Тәймия да шұлыққа мәсіх тарту мәселесінде ханбали мәзһабынан шықпаған. Сондықтан ол да аяқ киімсіз жүруге жарамайтын жұқа шұлыққа мәсіх тартуды дұрыс санамаған. Ибн Тәймия өзінің «Мәжмуъатул-фәтәәуа» атты пәтуалар жинағында «мәсіге мәсіх тартқанымыздай шұлыққа да мәсіх тартуға бола ма?» – деген сұраққа: «Иә, табаны терімен қапталса да, қапталмаса да егер жүруге жарамды болса, болады...» -деп жауап берген. Ал шұлықтың жүруге жарамды болуы үшін қалың әрі мықты болу керектігі айтпаса да түсінікті.
Жоғарыда төрт мәзһаб ғұламалары пәтуаларынан байқағанымыздай, мәсіх тартуға болатын шұлық – аяқ киімсіз жүруге жарайтындай мықты, су өткізбейтіндей әрі асты көрінбейтіндей тығыз және қалың, жуылуы парыз болған, яғни, аяқтың тобыққа дейінгі жерін жауып тұруы шарт. Тіпті, Мәлики мәзһабы бойынша табаны терімен қапталған болуы қажет.
материал «Мәзһаб ұстану – ынтымағымыздың кепілі» кітабынан алынды,
ummet.kz