02
Сенбі,
Қараша

һижри

Құранда айтылған нәпсінің түрлері

Құранда айтылған нәпсінің түрлері

Ислам тарихы

Адам нәпсісіне қатысты келген Құран аяттарына үңілер болсақ, нәпсі үш түрлі жағдайда болатынын көреміз. Олар:

1. Ән-нафсу әл-әммарату би-с-су-и (Жамандыққа бұйырушы нәпсі). Нәпсінің бұл жағдайына қатысты Құранда: «Нәпсімді ақтамаймын, расында нәпсі жамандыққа бұйырады. Бірақ та Раббым мархабат етсе, ол басқа. Раббым өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» («Жүсіп» сүресі, 53-аят») деп айтылады. Нәпсінің бұндай күйіне қатысты әл-Журжани атты ғалым: «Мұндай нәпсі денені табиғатына иіп, тән рахаты мен құмарлығына бұйыратын, жүрек істерін төмен дәрежеге сүйрейтін, күнәлі істердің тұрағы әрі жаман мінез құлықтың негізгі басталатын орны», – деп айтқан (Әт-Тағрифату ли-л-журжани, 234-бет). Осы себептен де Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хұтпасында былай дейтін еді: «Бүкіл мадақ Алла Тағалаға тән. Біз Алланы мақтаймыз, Одан жәрдем тілейміз және кешірім сұраймыз, нәпсіміздің жамандығынан Аллаға сыйынамыз» (Әбу Дәуд (2118), Тирмизи (1105).

2. Ән-нафсу әл-ләууәмату (Сөгіс беруші нәпсі). Бұл – күнәлі іс жасаса, өзін сөгіп, ол ісіне өкініп, тәубе етіп, артынша жақсы амал жасайтын адамның нәпсісі. Құранда «Жоқ, қиямет күніне ант етемін. Жоқ, сөгіс беруші нәпсіге ант етемін» («Қиямет сүресі», 1-2-аяттар) делінеді.

Бұл – мүмін адамға тән нәпсі. Алла Тағаланың Қиямет күнімен ант еткеннен кейін, өзін сөгуші нәпсімен де ант етуі – нәпсінің осы түрінің артықшылығын көрсетеді. Бұндай нәпсіге қатысты Мужаһид атты ғалым: «Бұл – қандай да бір амалды істегеннен кейін өзін сөгіп, өкінетін нәпсі. Яғни, жаман іс істесе «не үшін істедім?» деп, ал жақсылық жасаса «неге көбірек істемедім» деп өзін жазғыратын нәпсі», – деп айтқан (Әл-Жамиғу ли-әхками әл-Қуран» 19/93).

3. Ән-нафсу әл-мутма-иннату (Орныққан нәпсі). Бұл – нәпсінің ең үлкен дәрежесі. Яғни, Алла Тағаланың бұйрықтарын орындауға орныққан, Оның тағдырына ризалық танытушы, Оған тәуекел еткен, иманның дәмін сезінген адамның нәпсісі. Құранда: «Әй орныққан нәпсі! Раббыңа, Ол сенен, сен Одан разы болған түрде қайт! Енді құлдарымның арасына кір! Сондай-ақ жәннатыма кір!» – делінген («Фәжр» сүресі, 27-28-29-30-аяттар). Журжани атты ғалым: «Бұл жүректің нұрымен нұрланып кемелденген, жаман сипаттардан арылып, көркем мінезге ие болған нәпсі», – деп анықтама береді («Әт-тағрифату» 243-бет).

материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: