02
Сенбі,
Қараша

һижри

Ұлылардың жомарттығынан бізге насихат

Ұлылардың жомарттығынан бізге насихат

Ислам тарихы

Жомарттық – көркем мінездің ажырамас бір бөлігі. Жомарттық жасауда адамзаттың абзалы болған пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) баршаға үлгі бола білген. Алла Елшісі (с.ғ.с) барлық амалда өзгеге өшпес өнеге қалдырған.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қартайған бір кәрі әйел көршісі болған. Оның намаз оқығанда үстіне жабатын киімі болмаған. Сөйтіп, қызын Алла Елшісіне (с.ғ.с) жұмсап: «Маған намазда үстіме жабатын киім берші», – деп сұратады. Сонда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзінде де артық киім жоқ болатын. Сонда да үстіндегі ұзын көйлекті шешіп, сол әйелге беріп жібереді. Намаз уақыты болған кезде үстінде киімі болмағаны себепті мешітке бара алмайды. Бұл жағдайдан хабардар болған сахабалар: «Расулалла (с.ғ.с) соншалықты жомарт. Киімсіз қалып мешітке келе алмай отыр. Бізде барымызды кедейлерге таратайық», – деген екен.

Сол күні намаздан соң хазреті Әли (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с) қасына келіп, бала-шағасы үшін қарызға алған 8 күміс дирхамның жартысын Пайғамбарымызға (с.ғ.с) бергісі келетінін жеткізеді. «Бұл дирхамға киім алыңыз», – дейді хазреті Әли (р.а.). Расулалла базарға барып, 2 дирхамға бір көйлек сатып алады да, қалған 2 дирхамға азық-түлік алуға бара жатқанда екі көзінен айырылған соқыр адамды көреді. Әлгі соқыр адам өзгелерден: «Кім маған Алла разылығы үшін киім береді», – деп сұрап жатады. Алла Елшісі (с.ғ.с) базардан жаңа алған киімін сол адамға береді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сұрап келген адамның көңілін қалдырмайтын. Тіпті, «жоқ» деп айтуға ұялатын. Бірде бір кісі Алла Елшісінен (с.ғ.с) мал-мүлік сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сұрағанын береді. Тағы сұрағанда, тағы берді. Үшінші рет сұрағанда, қолында ешнәрсе болмағандықтан, оны тауып беруге уәде етеді. Бұған шыдай алмай кеткен Омар (р.а.): «Неге өзіңізді сонша қинайсыз?!» – дейді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с) Омардың (р.а.) бұл сөзіне қабағын шытады. Сол кезде Абдулла ибн Хузайфа: «Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с), бер! Жаратушы Иеміз сені аш қалдырады деп қорықпа!» – дейді. Бұл сөзді естіген Расулалланың (с.ғ.с) күлімсірейді. Сонда ол: «Мен осылай жасау үшін жіберілдім», – деп жауап береді.

Бір хадисте былай делінген: «Жомарт – Аллаға, жаннатқа және халыққа жақын, тозақ отынан алыс. Сараң – Алладан, жәннаттан және ел-жұрттан алыс, тозақ отына жақын».

Сараңдық – мұсылманға тән сипат емес. Алла Тағала Құран кәрімде былай дейді:

«Алланың кеңшілігінен өздеріне берілген нәрселерінде сараңдық еткендер, мұны өздері үшін қайырлы деп ойламасын. Жоқ, бұл оларға жамандық әкеледі. Сараңдық еткен нәрселері қиямет күні олардың мойнына оралады. Көктер мен жердің мұрасы Алланыкі. Алла Тағала сендердің істегендеріңнен толық хабардар».

Хазреті Әбу Бәкірдің (р.а.)  қызы Әсма (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) оған былай дегені жайлы айтып береді:

«Дорбаның аузын қыспа. Әйтпесе, Алла да саған қысып (азайтып) береді».

Жүсіп Баласағұни бабамыз бір өсиет  өлеңінде:

«Кімдер жомарт – сол бақыттың иесі,

Бақыт берген жанға бақыт тиесі», – деп жырлайды. Яғни, адам бойындағы жомарттығы мен дархандығы басым болса сол адам бақытты дейді.

Мұхаммед ибн Кағб Зейнеп анамыздың жомарттығы жайлы оқиғаны былай баяндайды: «Әлдебір істі бітірген кезде Жаһшқызы Зейнептің үлесі 12 мың дирхам болды. Түскен табыстан бір-ақ рет үлесін алды. Соның өзінде ақшаны қолына ұстап тұрып: «Раббым, осыншама дүниені маған қайта нәсіп етпе. Өйткені, бұл маған үлкен сынақ», – деген. Сөйтіп, Зейнеп анамыз өзіне тиесілі үлестен, яғни дүниенің бәрін жақындары мен мұқтаж жандарға таратып береді. Омарға (р.а.) Зейнеп анамыздың бұл жомарттығын айтқанымызда, ол: «Зейнептен тек осыны күтуге болады», – деп разылығын білдірді. Осыдан кейін: «Бүкіл ақшаларды садақа етіп үлестірді деп естідім. Тағы мың дирхам жіберіп отырмын, бірақ бұл ақшаны өзіңе жаратыңыз!», – деп сәлем жолдайды. Алайда Зейнеп (р.а.) анамыз сонда да ол ақшаны жағдайы төмен адамдарға үлестіріп береді.

Исламды ең бірінші болып қабылдаған Хадиша (р.а.) ана­мыздың да өмірі өнегеге толы. Оның өміріне қарасақ, Хадиша  (р.а.) анамыздың жомарттығына тәнті боламыз. Ол Меккенің ең үлкен дәулеттілерінің бірі болатын. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) адал серігі бола білді. Ол тапқан дәулетін Алла жолында жұмсады. Мұқтаж жандарға үнемі көмек қолын созатын. Исламның дамуы үшін барын жұмсағаны сонша, тіпті дүние салғанда   кебіндеуге бір жыртыс мата да  үйінен табылмаған.

Ислам дінін ұстанған бабаларымыз жомарттық жайлы:

«Ер қолында мал тұрмайды,

Елек ішінде су тұрмайды», – деп жомарт жігіттерді  нағыз ер деп бағалаған.

Орта ғасырлық ақын, шариғатшыл хаким, ойшыл Ахмет Иүгінеки бабамыз жомарттық жайлы былай деп жазады: «Егер мақтағың келсе, жомарт ерді мақта; барлық кісі жомарттың жақсылығын айтады; жомарттық барлық айыптың кірін жуады; жомарт бол. Саған сөз де, сөгіс те келмейді; сөз келетін жолды жомарттық тыяды; жібімейтін көңіліңді жомарт кісі жібітеді; қол жетпейтін мұратқа жомарттың қолы жетеді; жомарттықты әрі зиялы, әрі қарапайым халық мақтайды; жомарт білімді жете меңгереді; жомарттың арқасында қорғансыздар жақсы өмір кешті; жомарт ер – халықтың құрметтісі; жомарттық абырой-атағыңды, ажар-көркіңді арттырады; жомарттық сені сүйіспеншілікке бөлейді».

Ал ақын бабамыз сараңдық жайлы ойын былай жеткізеді: «Сараңдық – емдегенмен жазылмайтын ауру; біреуге келгенде сараңның қолы тастай берік; сараң – нағыз ұятсыз; сараң жияды, ішпейді, жемейді, тістеп ұстайды».

Сараңдыққа байланысты Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді:

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Қағбаның көлеңкесінде отырған уақытта қасына бардым. Мені көрген кезде былай деді: «Қағбаның Раббысына ант етейін! Олар зиян шегеді», – деді.

– Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с), Олар кімдер?

– Олар байлығын оңына да, солына да, алды-артына да осылай молынан беретін жомарттардың санатына жатпайтындар. Әттең, ондай дархан мінезді адамдар қаншалықты аз. Мынаны біліп қойыңдар, түйесі, сиыры, қойлары бар бола тұра зекетін бермеген әр адамның ақиретте сол малдары мастана алдарынан шығып, алма-кезек сүзгілеп, тұяқтарымен таптайды. Соңғысы бітер-бітпес алғашқы мал әлгі азапты және бастай жөнеледі. Бұл қорлық адамдар арасында үкім беру мерзімі біткенге дейін жалғаса береді, - деді.

Қасиетті кітабымыз Құран Кәрімде жомарттық амал Алла жолындағы күреспен тең саналған. Пенде өзіне берілген Алланың ризығынан өзгелерге беру керектігі жайлы Құранды былай деп ескерткен:

«Уа, мүміндер! Біз сендерге жіберген мал-мүліктерден сауда-саттық, достық, жанашырлық болмайтын күннен бұрын Алла Тағала жолына жұмсаңдар. Ал оған қарсы келгендер – залымдар».

Алла Тағала қолы ашық, жомарт құлдарын жақсы көреді. Осы тұста сахабалардың кезінде болған мына бір оқиғаны айта кеткен абзал.

Бір күні бір кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп: «Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с)! Менің қарным аш», – дейді. Сонда Расулалла (с.ғ.с) әйелдерінің біріне хабар беріп, жейтін тамақ жіберулерін сұрайды. Бірақ оған үйде судан басқа ештеңе жоқ деген хабар жетеді. Осы кезде Алла Елшісі (с.ғ.с) сахабаларға қарап: «Кім бүгін түнде бір кісіні қонақ етуді қалайды?» – деп сұрайды. Ансарлық бір кісі: «Мен қонақ етейін», – деп, кедей кісіні үйіне алып барады. Үйге барған соң әйелінен: «Жейтін нәрсе бар ма?» – деп сұрайды.

– Жоқ, тек балалардың ғана тамағы бар.

– Олай болса, балаларға қарайлап тұр. Дастарқан басына келсе, оларды ұйықтат. Ал қонақ ішке кірген соң шамды сөндір. Біз болсақ, тамақ жеп жатқандай сыңай танытамыз.

Сөйтіп, олар дастарқан басына отырды. Қонақ кісі қарнын тойдырып, ал үй иелері ашқұрсақ күйде  таңды атырды. Таңертең сол сахаба пайғамбардың (с.ғ.с) қасына келді. Оны көрген Алла Елшісі (с.ғ.с): «Алла Тағала бүгін түнде қонаққа жасаған пейілдеріңіз үшін дән риза болды», – дейді.

Мінекей, біз бұл оқиғадан асқан қонақжайлылықты, балалары аш бола тұра, қонақтың хақысын берген сахабаның сауап алудағы ықыласын байқаймыз.

Төл мәзһабымыздың негізін қалаушы, ғұлама-ғалым Әбу Ханифа да қолы ашық, жомарт жан болды. Ол ғалымдарға, ілімге ден қойған шәкірттеріне көп көмектесетін. Жыл соңында табысынан ілім жолында жүргендерге таратып беретін. Сонда Әбу Ханифа былай дейтін: «Мына қаражатты қажеттеріңе жұмсаңдар. Алайда әрқашан Алла Тағалаға шүкір етуді ұмытпаңдар. Өйткені, бұл дәулет маған тиесілі емес. Алланың рақым етіп, менің қолым арқылы сендерге жіберген несібесі».

Ізгі жандар, тақуа кісілер саудада, қарыз беруде де жомарттық жасайтын. Бір күні Әбу Ханифа жолда кетіп бара жатады. Қарсы алдында келе жатқан бір кісі оны көрген бойда бетін басқа жаққа бұрып, кетпекші болады. Мұны байқап қалған Әбу Ханифа бұл жағдайдан қатты қысылады. «Неге мені көрген бір мұсылман теріс бұрылу керек?» деп ойлайды. Сол сәтте Әбу Ханифа дереу оны қасына шақыртып:

– Неге мені көре салып жолыңды өзгертпек болдың?

– Мен сізден кезінде 10 000 ақша қарыз алған едім. Қарыздың белгіленген күні өтіп кетті. Оны әлі сізге қайтара алмадым. Соны ойлап ұялғандықтан көзіңізге түспей-ақ қояйын деп едім.

– Субханалла! Ол ақша менің саған деген сыйым болсын. Қайта менен алшақтап кететіндей жайсыздық жасағаным үшін кешірім сұраймын.

Осылайша парасатты имам жомарттық пен жоғары адамгершіліктің ерекше үлгісін  танытады.

Әр адам өзіне берілген несібеден өзгелерге де көмек беріп тұрса, Алла Тағала одан  сайын көмек берушінің несібесін  арттырады.

материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: