Қабір өмірінде кейбір ерек туған адамдардың рухтары арнайы орындарда сақталады. Бұлардың қатарына пайғамбарлар жатады. Айша (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ғұмырының соңғы сәтінде: «Уа, Алла! Ең жоғарғы серікпен бірге» , – деп айтқанын жеткізген.
Пайғамбарлардың рухтары көкте жоғары серікпен бірге құрметті орында жайғасады. Аспандардың ең жоғарысында Алла тағала сый-құрметке бөлеген пайғамбарлармен және періштелермен бірге болмақ. Бұл жайлы Миғраж туралы әңгімелеген сахих хадистерде мәлімделген. Миғражда Пайғамбарымыз (с.а.с.) әртүрлі аспанда пайғамбарлармен кездескен. Яғни олар дүние салғаннан кейін сол жақта өмір сүреді.
Сол сияқты шәһидтердің де арнайы орындары бар. Алла тағала Құранда шәһидтер туралы: «Алла жолында өлтірілгендерді өлі деп ойлама, әрине, олар тірі. Раббыларының жанында ризыққа бөленеді», – деген.
Олардың өлгеннен кейінгі жағдайы өзгелердікінен біршама ерекшеленеді. Шәһидтер пайғамбарлар мен шыншылдар сияқты тірі болады, әрі денелері де бұзылмайды. Ал рухтары арнайы бір орындарды иемденеді.
Масруқ біз әңгіме етіп отырған аяттың мәнін Абдуллаһ ибн Масғудтан (Алла оған разы болсын) сұрағанда, ол: «Біз де бұл жайлы Пайғамбардан (с.а.с.) сұрағанбыз. Ол (с.а.с.): «(Шәһидтердің) рухтары аршыға ілінген шырақтары бар жасыл құстардың кеуде қуысында. Ертемен жаннаттың қалаған жеріне барып, сосын әлгі шырақтарға қайтады», – деп айтты», – деп жауап берген.
Міне, бұл – Алла тағаланың шәһидтерге әзірлеген құрмет орны. Сондықтан да Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сахабалары және бұрынғы өткен ізгі кісілер шәһидтікті қалайтын болған. Өйткені олар Құран аяттарынан және Пайғамбар (с.а.с.) хадистерінен шәһидтерге дайындалған сый-құрметтің қаншалықты жоғары дәрежеде екендігін білген. Осы мәртебеге жету үшін барынша ұмтылатын. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кім шын жүрегімен Алладан шәһидтік сұраса, Алла оны, егер ол төсекте өлсе де, шәһидтердің мәртебесіне жеткізеді», – деген.
материал «Ақырет өткелдері» кітабынан алынды,
ummet.kz