25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Сауабы қажылыққа тең 5 ізгі амал

Сауабы қажылыққа тең 5 ізгі амал

Қажылық

Хадистерде көрсетілгендей, бұл 5 амалды орындағаныңыз үшін сөзсіз қажылыққа барғандай сауап жазылады:

1. Адал ниет. Риуаят бойынша, Қиямет күні әркім өзінің амал дәптерін алады. Cонда бір мүмін дәптердегі қажылық, зекет пен садақа үшін өзіне жазылған сауапты көреді де:

– Бұл менің дәптерім емес, мен бұларды істеген емеспін, – дейді.

– Бұл сенің амал дәптерің!

– О, Раббым! Бірақ мен бұл істерді жасамадым ғой.

– Ей, құлым! Бәрін де білемін. Бірақ сен ниеттеніп: «Егер менің қаражатым болса, мешіт салдырар едім, кедей-кепшіктерге көмектесіп, қажылыққа барар едім» – дедің. Сенің ниетің адал әрі дұрыс жолда болды. Сондықтан саған сол ниетің үшін сауап жазылды.

2. Үйде дәрет алып, жамағатпен намаз оқу. Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Кімде-кім дәретін алып, парыз намазын мешітке барып оқыса, оған қажылықтағы ихрамдағыдай сый беріледі. Егер ол дұха намазын оқыса, оған умрадай сауап жазылады» – деген (Әбу Дәут).

3. Нәпіл намазы. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кім таң намазын жамағатпен мешітте оқып, сосын күн шыққанға дейін зікір айтып, екі рәкат нәпіл намазын оқыса, бір қажылық пен бір умрадай сый беріледі» – деген (Тирмизи).

4. Мешітте білім алу немесе білім беру. Тағы бір хадисте: «Егер біреу мешітке білім алуға немесе өзгелерді оқытуға барса, оған қабыл болған қажылықтай сый жазылады» – делінген (Тәбарани).

5. Ата-ананың разылығы.

Сахабалардың бірі Алла елшісіне (с.а.с.):

– Мен Алла жолында қызмет атқарғым келеді. Бірақ ештеңе істей алар емеспін, – дейді.

Алла елшісі (с.а.с.) ол кісіден:

– Әке-шешең бар ма? – деп сұрайды. Ол:

– Анам бар, – дейді. Сонда Алла Расулы (с.а.с.) былай деп жауап береді:

– Онда анаңа қызмет етуден танба. Оның разылығын алуға бар күшіңді сал. Осылайша сен қажылық немесе умрадай сыйға ие боласың».

Иә, Алла Тағала жағдайы жетпеген құлдарына қажылық өтей алмаса да, осындай игі, шынайы ықылас-ниетпен жасаған амалдарына қажылықтың сауабын бере салады. Ал қажылыққа жағдайымыз жетіп, парызымызды өтеп қайтуға не жетсін?! Баршамызға қажылық парызын өтеуді және салиқалы істерімізбен қажылық еткендей сауапқа кенеліп жүруімізді нәсіп етсін!

материал «Жәннатқа жеткізер ең сауапты амалдар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: