25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Садақаның ақысыз болуын қаласаңыз

Садақаның ақысыз болуын қаласаңыз

Зекет

Кейде қанша жақсылық жасағымыз келсе де, қалтамыздан ақша шығарып, өзгелерге садақа беруге мүмкіндік тумай жатады. Ал біз жарты құрмамен болса да, өзімізді тозақ азабынан арашалап қалуға бұйырылғанбыз.

Шындығында, сауап тапқысы келген адам үшін игілікке апаратын жол өте көп. Алла Тағала Құранда бұл туралы:  «Қайырдан не істесеңдер де, күдіксіз Алла оны біледі» («Бақара» сүресі, 215-аят),  «Сонда кім заттың ең кішкентай бөлшегінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді» («Зілзала» сүресі, 7-аят) - дейді.

►Асыл дінімізде  жымию да – садақа. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Еш уақытта шариғаттың рұқсат еткенін елемеуші болма, керек десең, ол бауырыңды күлімдеп қарсы алу тұрғысынан болса да», - деп күлімдеудің де өмірде өз маңызы бар екенін ескертіп кеткен. (Муслим)

►Жолдан кедергіні алып тастау – садақа. Өзгелерге кедергі келтіретін артық затты алып тастау да – сауабы мол игі іс. Себебі, Пайғамбарымыз  (с.ғ.с): «Мен Жәннәтта, осы дүниеде мұсылмандардың жүруіне кедергі жасағандығы үшін, кесіп тастаған ағашының көлеңкесінде рахаттанып жатқан адамды көрдім», - деген. (Муслим)

►Жақсы сөз сөйлеу – садақа. Өзінің тақуалығымен, шыншылдығымен танылған Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) жиі-жиі тілін қолымен ұстап тартады екен. Хазіреті Омар (оған Алла разы болсын) мұның сырын сұрағанда: «Бұл  – маған қауіп төндіреді» деп жауап беретін көрінеді. Шындығында, Әли ибн әбу Талиб айтқандай, «Жүрек таза болғанда ғана тілден әдемі сөз шығады». Ал сіз күнделікті сөйлеген сөздеріңіз арқылы да сауап, не күнә арқалай аласыз.

Мәселен, біреуге комплимент айту.  Комплимент (қошемет, марапат) – адам көңіліне қуаныш сыйлайтын, марқайтатын сөз. Оны тіпті мотивацияға да айналдыруға болады. Өйткені, өзі туралы жақсы пікірді естіген адам одан да жақсы болуға тырысады. Бұл, әсіресе, ерлі-зайыптыларға аса қажет әдістердің бірі. Бүгінгі адамдардың бәрі де мейірімге, назарға, жылы сөзге шөлдеп жүр. Сондықтан комплиментті де шынайы ықыласпен айтар болсақ, бұл артында сауап тұрған құлшылық болып жазылады. Себебі, «Жақсы сөз – садақа» (Ибн Хиббан).

►Алланы зікір ету мен духа намазын оқу – садақа. Алла елшісі (с.ғ.с): «Күн шыққан әр күні әрқайсысың денелеріңде неше буын болса, сонша садақа беруге тиістісіңдер. Әрбір айтылған: «Субхана-Ллаһ» садақа болып табылады және: «Әлхамду ли-Ллаһ» садақа болып табылады және әр бір айтылған: «Лә иләһә ила-Ллаһ» садақа болып табылады және әрбір айтылған: «Аллаһу Әкбар» садақа және жақсылыққа шақыру садақа болып табылады, жамандықтан тыю садақа, бірақ осының бәрін таңертіңгілік оқыған екі бас нәпіл намаз (духа) ауыстыра алады», - деген. (Муслим)

►Пісірген асыңнан көршілерге бөліп беру де – садақа. Себебі, Алла елшісі (с.ғ.с) әйел адамға қойдың тұяғын берсе де, көршісіне жақсылық жасауда арланып, ұялмауды бұйырған. Бірде сахаба Абдулла ибн Омар (р.а) қатты сырқаттанып қалады. Əйелі одан нені қалайтынын сұрайды. Ал ол балық жегісі келетінін айтады. Əйелі дереу балық сатып əкеліп, дəмді ас пісіреді де, алдына қояды. Абдулла ибн Омардың енді жей бергені сол еді, кенет есік қағылады. Арғы жақтан: «Ей, Алланың құлдары, бізді тамақтандырыңдар!» деген дауыс шығады. Ол дереу ұлына балықты ұстатып, əлгілерге беруді бұйырады. Сонда əйелі: «Өзің біраздан ауырып, аш жатырсың. Бұл тағам да өзіңнің жақсы көретінің. Мен де оған аз қаржы жұмсамадым" дейді налып. Сонда Абдулла: «Мен тағамды міскіндерге беруді бұйырдым. Өйткені, Раббым: «Сендер жақсы көрген нəрселеріңнен жұмсамайынша, игілікке жетпейсіңдер" деді емес пе?» - дейді. Мұны естіген ұлы көз жасын ұстай алмай жылап жібереді.

Расында, біздің садақамызға, кедейлер емес, өзіміз мұқтажбыз. Біз садақа беру арқылы оларды емес, ең алдымен, өзімізді құтқарамыз. Оларға емес, өзімізге жақсылық еткен боламыз...

►Әрбір тірі нәрсеге жасалған жақсылық – садақа. «Бірде өзінің жолымен келе жатқан адам қатты шөлдей бастайды. Ол бір құдық тауып, онда түсіп шөлін қандырып шыққанда, шөлдегеннен лай топырақты жеп жатқан бір итті көреді. Осыны көрген ол өзіне-өзі: «Бұл ит мен шөлдегендей қатты шөлдеп жатыр», - дейді де, қайтадан құдыққа түсіп аяқ киіміне су толтырып, оны тісімен тістеп сыртқа көтерілгенше тісінен түсірмейді. Сосын сыртқа шығысымен иттің шөлін қандырып су береді. Осы амалы үшін Алла ол адамның бүкіл күнәларын кешіріп алғысын білдіреді». Мұны естіген адамдар: «Иә Алланың елшісі, бізге хайуандар үшін де сауап беріле ме?», - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Сауап барлық тірі жан үшін беріледі», - деп жауап берген. (Бұхари, Муслим)

►Шариғат рұқсат еткен барлық нәрселер – садақа. Шындығында «ақшамыз жоқ болса қалай садақа береміз?» деген сұрақ тек бізді ғана емес, ілгерідегі ізгі буынның бәрін де толғандырған. Бұған мына оқиға дәлел.

Бірде Пайғамбарымыздан (с. ғ.с)сахабалары: (бұлар кедей сахабалар еді): «Уа, Алла Елшісі! Байлар (көп) сауап алады. Олар біз намаз оқығандай намаз оқиды, біз ораза тұтқандай ораза тұтады әрі олар мал-дүниелерінің артығынан садақа береді», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Расында Алла сендер үшін садақа қылатын нәрсе жасады емес пе? Шындығында, әрбір тәсбих («субханаллаһ» деп айту) – садақа, әрбір тәкбір («Аллаһу әкбар» деп айту) – садақа, әрбір тахмид («әл-хамду лилләһ» деп айту) – садақа, әрбір тәһлил («лә иләһә илләллаһ» деп айту) – садақа, жақсылыққа бұйыру – садақа, теріске шығарылғаннан қайтару – садақа, сондай-ақ біреуіңнің жыныстық қатынас жасауың да – садақа», – дейді. Олар: «Уа, Алла Елшісі! Біреу шақуатын қанағаттандырса, ол үшін де сауап ала ма?» – деп таңғалғанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қалай ойлайсыңдар, егер ол (шақуатын) харам (жолмен) қанағаттандырса, оған күнә болады ма? Сол сияқты ол (шақуатын) халал (жолмен) қанағаттандырған жағдайда, ол үшін сауап болады», – дейді (Муслим).

 Демек, адамның шариғаттың шеңберінен шықпаған әрбір ісі, әрбір күні ол үшін садақа, сауап табудың мүмкіндігі екен.

Салтанат Қожа,

ummet.kz

Бөлісу: