25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қаза намазға азан айтылады ма?

Сұрақ-Жауап

Сұрақ: Адам ұйқының ауырлығы, намазды оқымағанын ұмыту, есін жоғалту сынды түрлі жағдайлармен намазын қаза етіп жатады. Намазды уақытынан кешіктіріп алған адам, намазының қазасын өтейтіні белгілі. Осы жерде тағы бір сұрақ туындайды: сол қаза намазға азан шақырылуы  керек пе?

Жауап: Біздің ханафи мазхабы ғалымдарының көзқарасында қаза намазға азан шақыру жеке адам үшін де жамағат үшін де мұстахаб (жақсы көрілген) амал болып табылады[1].

Бұған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисі дәлел болады: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сапарларының бірінде жол-жөнекей бір жерді паналайды, ұйқыларынан  күннің көзі байқала оянады. Осы оқиға барысында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Біләлға (р.а): «Әй, Біләл, тұр да адамдарды намазға шақырып азан шақыр,» –деген. Сөйтіп дәрет алып, күн толық шығып жарық болғанда намаз оқыды[2].

Ақылдан дәлел: Азан айту, парыз намаздарының сүннеті. Қаматтың айтылғаны сияқты парыз намаздарға да ере жүреді. Парыз намаз өз уақытында оқылса да, өзге уақытта оқылса да[3].

Егер бір намаз(бесін немес аср, ақшам т.б) қаза болған жағдайда оған азан шақыру мүстахаб болады.  Ал егер қаза намаздың саны көп болса, (қатарынан таң, бесін, ақшам т.б.) оқылғалы жатқан қаза намаздарға ең басында бір рет қана азан шақырылады[4].

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Абдулла ибн Масғудтан (р.а) жеткен хадисінде былай дейді: «Хандақ шайқасында түннің бір уақытына шейін мушриктермен алысқан Алла елшісі (с.ғ.с), төрт намазын бірдей қаза етіп алды. Сосын Біләлға (р.а) азан шақыруға бұйрық берді. Артынан қамат айтылып бесінді оқыды, сосын қайта қамат айтылып асыр оқыды, содан қайта қамат айтылып шамды оқыды, қайта қамат айтылып құптанды оқыд»[5]. Қаза болған барша намаздарды топтап тұрған бір ғана уақыт. Сол себепті біріншісіне азан мен қамат айтылады да, қалғандарына тек қамат қана айтылады. [6] Қаза намазды азан шақырмастан тек қамат айтып оқыса да болады, себебі азан намаздың уақыты кіргенін білдіріп адамдарды намазға жинау үшін айтылады. Ал қаза намазда ол шарт етілмейді.

Намаздарын үйде оқыған ер адам азан айтып, қамат түсірмесе де болады. Өйткені, сахаба Абдулла бин Мәсғуд (р.а.): «Қалада түсіріліген қамат жеткілікті», – деп  үйінде достарымен бірге намазды азансыз және қаматсыз оқығандары риуаят етілген[7]. Алайда, азан айтып, қамат түсіру сауапты іс екенін естен шығармағаныңыз жөн. [8]

 

 

[1].(Бадаиъ әс-Санаиъ 1/154; әл-Мабсут 1/136)

[2]. (Бухари, Муслим)

[3]. (әл-Хауи әл-Кәбир 2/47; әл-Бахр әр-Роиқ 1/276)

[4]. (Мабсут 1/136)

[5]. (Тирмизи)

[6]. (Фатх әл-Қадир 1/251)

[7]. Абду Ар-Раззақ- 1971

[8]. (Мабсут 1/136)

«ummet.kz» рухани – ақпараттық порталы

Бөлісу: