Сұрақ: Ассаламуалайкум менің болашақ үйленуге ниеттеніп жүрген қызым бар еді. Ата-анамыз да отбасын құруымызға қарсы емес. Бар ойым арадағы қарым-қатынасымыз шариғат аясында болғанын қалаймын. Кездесудегі шариғаттың қоятын талаптары қандай? Жалғас...
Жауап: Уа алайкум ассалам. Қалыңдық (құдалық) сөз байласу емес, «үйлену келісімі» ғана. Сондықтан қалыңдықтарға осы келісім бойынша оңаша қалуға және жеке қыдыруға мүмкіндік тудырмайды. Бірақ отбасы және басқа біреулер болған кезде қалыңдықтардың кездесуі және құратын отбасына қатысты ақылдасуы мүмкін және жәйыз (рұқсат). Айт мерекелерімен құттықтау және сол сияқты кездесулерде тәсәттур шарттарын орындау шартымен отбасының басқа да мүшелерінің қасында кездесуге болады.
Ескеретін жайт қол ұстасу, құшақтасу сияқты тыйым салынған (неке қиылмайынша) әрекеттерге бармауы керек.
Үйлену ниетінде болған жігіт қыздың жүзіне, білезікке дейін қолына қарауына рұқсат. Арада неке болмағандықтан, қыздың қалған жерлері шариғат бойынша жабық болуы шарт. Пағамбарымыз бір хадисінде: «Кімде-кім бір қызды айттырғысы келсе, оған қарауына рұқсат, егер шынымен де айттыру (үйлену) мақсатында болса. Қыздың (оны көргендігін) білуі шарт емес». [1]
Сондай-ақ, айттырғысы келген қызды сырттай бақылауға да рұқсат. Жоғарыда келген хадисте Алланың Елшісі (с.ғ.с.), «...Қыздың (оны көргендігін) білуі шарт емес»[2] – дей отырып айттырғысы келген қызды сыртынан бақылауға болатындығын айтып отыр. Мұның пайдалы жағы да бар. Себебі жігіт ұнатпаған жағдайда қыздың көңіліне қаяу түспеуіне септігін тигізеді.
Қыз бен жігіт яғни болашақ қалыңдықтар ешкім келмейтін таса жерлерде және жабық есіктің артында оңаша қала алмайды. Өйткені Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Бір адам бөтен әйелмен оңаша қалатын болса, үшіншісі шайтан болады»[3] - деп айтқан болатын.
Қалыңдықтар оңаша қалатын болса, оларға жыныстық тұрғыдан еркін әрекет етулеріне мүмкіндік берілген болады. Ал құдалық бұзылған жағдайда әсіресе қыз бен оның отбасы орны толмас зиян мен қасіретке ұшырайды. Осыны назарға ала отырып, қалыңдықтарға әке-шешелері ескерту жасауы және оларды болашақта келеңсіз жағдайларға жол ашатын қимылдарға барудан сақтандыруы қажет. Өйткені құдалық бұзылған жағдайда екі жастың артында харам, мәкрүһ және арсыздық болып саналатын істер мен соның естеліктері ғана қалады. Ал бұл жаңадан құда түскен адамдардың бұрынғы қалыңдығын ұмыту сәселесінде екі жақты да мазалайтын жайт. Кейбір кездері бұл жағымсыз естеліктер өмір бойы олардың алдынан шығады. Мысалы, шариғат пен адамгершілікке кереғар түрде бала табу қыздың және оның отбасын ұятқа қалдырып, отбасылық абыройға кір келтіретінін ойлау керек.
[1]. Әл-Хайсами, Мәджмағ, Ән-Никәх, 7455 хадис.
[2]. Әл-Хайсами, Мәджмағ, Ән-Никәх, 7455 хадис.
[3]. Бұхари, Никәх, III, Тирмизи, Рада, 15; Дәрими, Истизан, 46.
Ислам ғылымхалы дәлел-дәйектерімен.